Accessibility links

Жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың туғанына 160 жыл


Сейсенбі күні Алматы облысы, Ұзынағаш ауданы және Астана қаласында Жамбыл Жабаевтың 160 жылдығына арналған шаралар кеңінен аталып өте бастады. Аты аңызға айналған қазақ жырының дарабозы Жамбыл - бала кезінен-ақ ақын болуды армандап, көздеген мақсатына жету үшін үйінен кетіп қалады. Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, “Сұраншы батыр”, “Өтеген батыр”, “Хан мен ақын” сынды эпостық жырлардың жетуіне мұрындық болған бірден-бір ақын да Жамбыл Жабаев көрінеді. Жыр жампозы дүниеден өткеннен кейін оның сүйегі Алматыда жерленді.

Қазақ жырының дарабозы Жамбыл Жабаев кезінде өзінің өмірі туралы” Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жылы ақпан айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған» деп, жазыпты.

Өзінің өмір жолы туралы бай дерек қалдырған, жыр әлемінің дарабозы аталған Жамбылдың өмірі туралы жазылған зерттеулер аз емес. Алайда Жамбыл өмірін зерттеп жүрген жазушылардың бірі Ораз Қауғабайдың айтуынша, ақынның көпшілік қауымға белгісіз тұстары әлі де аз емес. Өз сөзінде Ораз Қауғабай Жамбылдың үш әйелі болғандығын, олардан тараған әулеттің қазіргі уақытта тұтас бір елге айналғандығын әңгімелеп берді. “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Жайлыбай болса ақын Жамбыл Жабаевтың 160 жылдығының тек Алматы облысының өңірінде ғана аталып өтіп жатқандығына көңілі толмапты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанның аймақтарында тек өзінің топырағында дүниеге келген ақындардың ғана туған күнін ғана атап өтетін үрдіс пайда болған. Сол себептен көп жағдайда Абайға байланысты шаралар тек Шығыс Қазақстан, ал Жамбылға қатысты іс-шаралар тек Алматы облысының өңірінде ғана аталып өтеді екен.

Ал, Қарағанды қаласында тұратын журналист Омар Жәлел болса сейсенбі күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Жамбыл Жабаевтың 160 жылдығының өз тұратын өңірде сезілмей жатқандығын сөз қылды. Мұның себебін қазақ халқында әлі күнге шейін биік мәдениеттің қалыптаса алмай отырғандығымен байланыстырып өтті.

Алматы қаласы “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Эрнест Төрехановтың айтуынша, соңғы саяси оқиғалардан кейін Жамбыл Жабаевтың күндерін атап өтуге халық құлықсыз болып қалған. Әсіресе, қазіргі уақытта жұрттың көңіл-күйі белгісіз жағдайда қаза тапқан танымал саясаткер, әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы оқиғаларға алаңдаулы көрінеді.

Жамбыл Жабаевтың 160 жылдығына байланысты қандай шаралардың өтіп жатқандығын білу үшін біз Семей қаласында тұратын жазушы Айгүл Кемелбаеваға хабарласқан едік. Ол да Семей қаласында қандай да бір шаралардың өтіп жатқандығын естімепті.
XS
SM
MD
LG