Accessibility links

Жыл сайын Қазақстанда 3 мыңнан астам адам жол апаттары кесірінен қаза табады


Жыл сайын Қазақстанда 3 мыңнан астам адам жол апаттары кесірінен қаза табады және 17 мыңнан астам адам жарақат алады. Бұл туралы ақпанның 28 күні Астанада Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің жол полициясы департаментінің бастығы Өмірзақ Түсімов хабарлады. Оның айтуынша жол апаттарын екі есеге дейін азайту үшін, жылдамдықты бәсеңдететін жол кедергілері орнатылып жатыр. Ал, жүргізушілер болса одан пайда жоқ деген пікірде.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жол апаттарының 80 пайызында жүргізушілер кінәлы болып шыққан. Ақпанның 28 күні көлік және коммуникация министрі Асқар Мәмин жол апаттарына жоғары жылдамдықпен жүретін жүргізушілер кінәлі деген пікірін білдірген. Ал, Қазақстан заңдары жұмсақ, кейбір шет елдерде жол ережесін бұзған жүргізушілер сот шешімімен жол куәлігінен бірнеше жылға айырылады, «Менің ойымша бұл салада біз Ішкі істер министрлігімен жұмыс істеуіміз керек», дейді ол.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің жол полициясы департаментінің бастығы Өмірзақ Түсімовтың айтуынша, жүргізушілердің жылдамдығын басқада амалдармен азайтуға болады. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік иелері жол бойындағы төмпешікті көргенде еріксіз жылдамдығын бәсеңдетеді, дейді жол полициясының мамандары. Сондықтан Астанада 60-қа жуық жол кедергісі орнатылады, бұл жұмысты басқа қалалардада жүргізу жоспарланған. Ал, 20 жыл бойы жеңіл көлігімен жолаушылар тасымалдап жүрген жүргізуші Ержан Молдияровтың айтуынша, тасжол астына салынған құбырлар қатты болады, ал, соңғы орнатылып жатқан жол кедергілері жұмсақ сондықтан жүргізушілер оған көп кідірмейді, дейді ол:

- Ұшып келе жатқан адам қалай ұшып келе жатыр солай ұшып өтеді оның үстінен. Жалпы ол машинаны тоқтатпайды, сәлғана болмаса.

Ішкі істер министрінің орынбасары Әлік Шпекбаев болса, әзірге полиция шет елдер тәжірибесін зерттеп, бейнекамералардың санын көбейтіп жатыр деген болатын. Соңғы зерттеу көрсеткендей Алматыдағы тек бір бейнекамерада автокөлік жүргізушілерінің ереже бұзған 2000 фактісі тіркелген. Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің жол полициясы департаментінің бастығы Өмірзақ Түсімовтың айтуынша, бастысы бейнекамералар тек жүргізушілердіғана емес жол сақшыларында таспаға түсіреді:

- Біз жол ережесін бұзбас үшін жүргізушіні және парақорлыққа бармас үшін біздің қызметкерлерді бейнекамераға түсіреміз. Ақпанның 20 күні әкімшілік кодекске өзгерістер енгіздік. Бейнетаспа, фотосурет дәлел болады. Сол арқылы біз жол ережесін бұзған адамды шақырып алып айыппұл саламыз. Сосын ешқандай инспектормен келісу болмайды, сол керек бізге.

Өмірзақ Түсімовтың айтуынша, әзірге ішкі қатарларды тазалау жұмыстары рейдтардың күшімен жүргізіледі:

- Біз 5 рейд өткізіп 22 парақор ұстадық. 7 Қызылорда, 6 Алматы, 5 Шымкент, Жамбылмен Астанадан бар. Олардың барлығы қызметтерінен кеткен. Және біз екі батальон командирін жұмыстан кетірдік, тәртіпті қамтамасыз етпегені үшін. 15 жеке құрам басшылары тәртіпке шақырылды.

Ал, 20 жыл бойы жеңіл көлігімен жолаушылар тасымалдап жүрген жүргізуші Ержан Молдияровтың айтуынша, соңғы кезде жол сақшыларының тәбеті өскен:

- Параны инспекторлар сұрамайды, бірақ берсең алады. Құжатыңды беріп қоя береді. Қазір 200 теңге берсең, өй 200 теңгең аз деп қазір мен толтырам анау-мынау дейді, 500 теңге берсең құжатыңды қайтарып береді, кете бересің.

Ал, жол полициясы департаментінің мәліметінше қазір елдің әрбір мың тұрғынында 120 көлік бар. Қазақстандағы тек жеңіл көліктердің саны бір жарым миллионға жеткен. Яғни, бір жыл ішінде машиналар саны 14 пайызға артты. Бұл жолға түсірілетін салмақты өсіреді. Алайда жолдар кеңейтілмейді деп хабарланады. Бұл жұмыс тек Астана, Алматы қалаларында қолға алынған.
XS
SM
MD
LG