Accessibility links

Қазақстанда электр қуатын үнемдейтін шамдарды пайдалану жобасы жүзеге асырыла бастады


Орта Азиядағы аймақтық экологиялық орталық бірқатар халықаралық ұйымдардың қолдауымен Қазақстан мектептеріне электр қуатын үнемдейтін электр шамдарын тегін таратып берді. Бағасы қымбаттау болғанымен пайдалану мерзімі 8-10 жыл болатын бұл элетр шамдарын пайдалану арқылы ауаға шығатын көмір қышқыл газдарын 5000 тоннаға дейін азайтуға болады екен. Бұны оқушылардың өздері сабақ өту барысында есептеп көрмекші.

Электр қуатын үнемдейтін шамдарды жаппай пайдалану жобасы әзірге тек Қазақстанның әр облысындағы 100-дей мектепті қамтып отыр. Егер бірер жылда жоба сәтті өткені туралы есеп дайындалған соң, батыс мемлекеттерінің , атап айтқанда - Ұлыбритания, Норвегия, Алманияның табиғат қорғау ұйымдары қосымша қаржы бөліп, осы жобамен Орта Азиядағы басқа да 4 мемлекетті қамтымақшы.

Сейсенбі күні Алматыдағы Орта Азия Аймақтық экологиялық орталығына Қазақстанның бірталай облыстары мен елді мекендерінің мектеп мұғалімдері келіп, осы шамдарды пайдалануға арналған семинарға қатысып, орталықтың тегін таратылған электр шамдарын алып кетті. Әзірге таратылған шамдардың саны 10 мың. Ғалымдар осыншама шамды 10 жыл пайдаланғанда ауаға шығатын көмір қышқыл газын 5 мың тоннаға кемітуге болатынын есептеп шығарыпты.

«Балаларға, тіпті олар мұндай электр шамдарын әлі көрмегенін ескерсек, әрине, бәрі де қызық. Сабақ өту барысында жоғарғы сынып оқушылары өздері осындай шамдарды пайдаланғандағы үнемді есептеп шығаруы керек. Бұл шараны біз мектеп оқушыларының экологиялық санасын оятудың бір тетігі деп білеміз», - дейді Талғарлық мұғалима Ирина Носенко.

Ал Шымкенттік мұғалима Галина Мороз бұл электр шамдарынының сипаттамасын оқушыларға өзінің қалайша түсіндіретіндігімен бөлісті:

«Бұл шамдарды пайдалану мерзімі 10 мың сағат шамасында, бұл дегеніңіз - 10 жылдай мерзім деген сөз. Электр қуатын қазіргі шамдардан 5 есе кем пайдалана отырып, жарықты сол қалпында сақтай алады. Елдер қымбаттығына үрке қарағанымен үнемнің қайда екенін білмей отыр. Бұл шамдар, әрине, қазіргі сатылып жатқан шамдардан 10 еседей қымбат болғанымен, бұдан түсетін үнем, пайда шығыннан көп есе артық болмақ».

Ұстаздардың барлығы бұл шамдардың тиімділігі жайлы шәкірт санасына сіңіру арқылы жалпы жұртқа жеткізуді дұрыс санайды.

«Балаларға осыны көрсету керек. Үй болсын, мектеп болсын, мекеме болсын - осы шамдарды пайдалану арқылы нені, қалай үнемдеуге болады - соны түсіндірсек. Бұл дегеніңіз, біріншіден - электр қуатын үнемдесе, екіншіден - ауаны ластайтын көмір қышқыл газын азайтуға болады. Демек, келешекте ауа ластануы азайып, табиғат тазарар еді деген сөз. Соны балаларға түсіндіріп, үйретсек экологиялық сана мәдениетін қалыптастыруға септік болар еді. Сол үшін біз осындай жұмыстарды өткізіп жатырмыз», - дейді Алматыдағы Әуезов аудандық шығармашылық мектебінің мұғалимасы Сәуле Демешқызы.

Айта кетерлігі, бұл жобаны ұйымдастырып отырғандар электр шамдары таратылған мектептерде, осы шамдар қалай пайдаланып отырғандығы туралы бір жылдан соң есеп алып, арнайы инспекциямен тексермекші. Орталық менеджері Татьяна Шакирова бұрынғы, кеңестік дәуірдегі әдетпен қандай да талан-таражға түсіруге тосқауыл қою мәселесін де ескеріп отырғандарын айтады.

«Бұл люменисценттік шамдар - төмен қысымдағы зиянсыз газбен толтырылған шамдар. Демек, пайдалану мерзімі таусылған соң бұны арнайы залалсыздандыру қажет емес. Жарық көзі – ултрафиолеттік жарықты жәй жарыққа айналдыратын, шам ішіндегі люминофор», - дейді Татьяна Шакирова.

Ғалымдар «егер барлық елдерде жаппай осындай шамдарды пайдалануға көшсе, электр станцияларындағы электр қуаты үнемделіп, оны шығаруға қажет талай отындар жағылмауының арқасында ауаны ластау азайып, табиғат қорғау мәселесі жеңілдеген болар еді» дейді. Бірақ, елді ғаламдық мәселеден гөрі бизнес, экономика мәселесі көбірек алаңдататындықтан бұл жобаның көпшілікке жол табуы қиындау болып тұрғандай. Десе де, алушылар әзірге онша көп болмағанымен, Қазақстанда осындай шамдардың сатыла бастағалы 8-10 жылдай болып қалды.
XS
SM
MD
LG