Accessibility links

12-көкекте Қазақстанда электронды үкіметтің сынағы басталады


Енді бір айдан кейін Қазақстанда электронды үкіметтің алғашқы сынақ жобасы жүзеге асырыла бастайды. құрылады. Ал 2007 жылдың соңына қарай ол толықққанды жұмыс істей бастамақ. Бұл туралы наурыздың бірі күні Астанада Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамының өкілі Руслан Еңсебаев хабарлады. Ал кейбір бақылаушылар болса, компьютер түгіл телефон байланысы жоқ адамдар көп елде, бірінші кезекте осы проблеманы шешу керек деп отыр, оның үстіне Қазақстандағы интернет провайдерлердің қызмет бағасы тым қымбат деген пікір бар.

Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамының өкілі Руслан Еңсебаевтің айтуынша әділет, еңбек және сауда министрлігі, мемлекеттік қызмет агенттігі, ұлттық банк сияқты мекемелер, барлығы 11 мемлекеттік орган 12 көкекте электронды үкіметтің алғашқы сынақ жобасына қатысады. Олар халыққа қажет ақпаратты ортақ порталға орналастырады. Өйткені елдегі мемлекеттік органдардың 90 пайызының сайттары болғанымен одан керекті құжат алу қиын, дейді ол.

Қазақстандағы софторлық компаниялар қауымдастығының атқарушы директоры Жұмат Әлимовтың айтуынша жобаны жүзеге асырушылар енді сөзден іске көшеді:

- Бірнеше миллиард теңге бөлінген. Былтыр негізгі бастаушы кезең болды. Ал, 2006-2007 жылы бұл практикалық орындау жылдары. Енді электронды үкімет жұмысын бастау керек.

Сарапшылардың пайымдауынша қазір Қазақстандағы мемлекеттік органдардың ақпаратттандыру жұмысының негізгі проблемасы әр түрлі мекемелердің өзара ақпарат алмасуының аздығы. Қазақстандағы IBM компаниясының өкілдері айтып өткендей, соның кесірінен әр мекеме әлемнен жасанды шекарамен қоршалып алған. Сондықтан басқа мекемелер өздеріне қажет ақпаратты дер кезінде алмайды. Осылайша, бір бірін қайталайтын, бір ақпаратты әр түрлі қылып дайындайтын, бейберекетсіздікке әкелетін жүйелер пайда болған, дейді мамандар. Қазақстандағы софторлық компаниялар қауымдастығының атқарушы директоры Жұмат Әлимовтың айтуынша жобаның басты мақсаты осы келеңсіздікті шешіп, билікпен бұқара аралығындағы кедергілерді азайту:

- Негізі бұл халыққа қызмет көрсету. Көрінген жерде ақпарат жүйесі, тетігі болса соған қосылып керекті ақпарат құжат алу деген сөз. Бұл осы шенеуніктердің артынан жүгіріп көп күндер кезекте күту емес. Мысалы, Алматы, Астанада халыққа қызхмет көрсететін бір терезе деген жүйе ашылды. Бұл негізінде электронды жүйенің кішкентай көшірмесі.

Қазақстандағы IBM компаниясының өкілдері айтып өткендей, әзірге әр түрлі жүйелерді бір ізділендіретін ең қолайлы жүйе әлемдік тәжірибе көрсеткен интернет желісінің стандарттары. www жүйесінің тиімділігі мол. Мысалы, компьютер және модемі бар кез келген адам осы жүйеден ақпарат алуға мүмкіншілік алады. Ал байланыс құралы жоқ азаматтар кез келген интернет кафеге келіп ақпарат жинауына болады, дейді мамандар. IBM компаниясының өкілі Леонид Маргулистің айтуынша компания интернет кеңістігіндегі ақпараттарды қосатын осындай технологияны жергілікті үкіметке ұсынады.

Қазір Қазақстанда интернет желісіне қосылу үшін, 3 сыртқы арна жұмыс істейді. Осы арналарды көбейтудің арқасында бұдан былай интернетке шығатын арналардың өткізу мүмкіндігі бұрыңғы көрсеткіштермен салыстырғанда 19 пайызға артады деп хабарлайды «Қазақтелеком» басшылығы. Компания мамандары, мұндай шешімді Интернет қызметін пайдалануға ниет білдірген жаңа клиенттер санының артуына байланысты қабылдадық, дейді.

Ал, кейбір бақылаушылар болса, компьютер түгіл телефон байланысы жоқ елді мекендердегі проблеманы шешу керек деп отыр. Оның үстіне Қазақстандағы интернет провайдерлердің қызмет бағасы тым қымбат, деген пікір бар. «Әділ сөз» қорының маманы Ғалия Әженовада интернет кеңістігі кеңейгенімен баға әліде қымбат деп отыр:

- Бір монополист бір жаққа қарап қалатын болса ол сол жақтың саясатын жүргізеді. Ал, басқа провайдарлерге өту үшін мемлекеттің өзі оң көзбен қарау керек. Басқа жақтармен салыстыратын болсаңыз бізде басқасын қойғанда ұялы телефонды пайдаланудың өзі қымбат. Мысалы, АҚШ-та бір телефон 20 доллар тұрады және оған қосымша карта береді. Онымен 2 сағат тегін сөйлесуге болады.

Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамының өкілі Руслан Еңсебаевтің айтуынша елді мекендер үшін бұл проблема «Қазсат» жасанды жер серігі арқылы шешу жоспарланған.

Ал, Қазақстан үкіметі өкілдерінің пікірінше, жасанды жер серігінің көмегімен жасалатын байланыс, қазіргі операторлардың қызметтерімен салыстырғанда сәл арзанырақ болады.
XS
SM
MD
LG