Accessibility links

АҚШ сыртқы істер министрлігі 1 наурыз күні жасаған мәлімдемесінде қазақстандық оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуін "ауыр қылмыс" деп сипаттады. АҚШ үкіметті де, оппозицияны да сабырлыққа шақырып отыр.

"Қазақстан үкіметімен сөйлесіп, істерімізді атқарып жатырмыз, соған қарағанда қылмыстың ауырлығын Қазақстан үкіметі де мойындап отыр", - деді Вашингтонда өткен брифингте сыртқы істер министрлігінің өкілі Адам Ерели. "Мұндай кез-келген жағдайда халықтың азаматтық және саяси құқықтарын құрметтеген де жөн, қақтығыстан аулақ болған да жөн, қақтығысты қоздыратын қимылдардан аулақ болған жөн. Бұл барша азаматтардың жауапкершілігіндегі нәрсе", - деді Адам Ерели. Баспасөз мәслихатында бір журналист бұл қағидаға үкімет те жауапты ма дегеніне Адам Ерели: "Иә, бұған халық та, үкімет те жауапты. Бұған кез-келген тұлға жауапты" деп айтты. АҚШ үкіметінің өкілі, сол сияқты, "Қазақстан үкіметіне тергеу жүргізуге көмектесіп жатырмыз, жағдайға алаңдап отырмыз, Қазақстан үкіметі алаңдаушылығымызды қабылдады. Мәселе жайында бірге жұмыс істеп жатырмыз" деді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы, оның жүргізушісі Василий Журавлев, оққағары Бауыржан Байбосын 11 ақпанда жоғалып кеткен болатын. 13 ақпанда олардың өлі денелері Алматы маңында табылды. Оппозиция 26 ақпанда Алматыда, Республика алаңында президент сайлауынан кейін алғашқы наразылық бұқаралық акциясын өткізді. Басты талаптың бірі – президент Назарбаев биліктен кетсін, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі толық және ашық тергелсін деген үндеу болды. Алматы қаласының соты 28 ақпан және 1 наурыз күндері 11 оппозициялық саясаткерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олар 26 ақпанда Алматыда заңсыз саяси митинг ұйымдастырды деп табылды. Оппозиция бұл митинг емес, бұл зұлымдықпен өлтірілген оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алған шара болды дейді.

Оппозиция қылмысты ұйымдастырды деп ұсталған бас тұлға Ержан Өтембаевтың тікелей бастығы – сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев қызметінен кетсін деп талап қойды. 1 наурыз күні парламенттің бірлескен мәжілісі өтті, Нұртай Әбіқаев жылына әдетте екі рет шақырылатын үлкен жиынға келмей қалды. Президент Н.Назарбаев жиында сөз сөйлеп, Жылдық жолдауын жариялады. Президент Назарбаев негізінен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді айтты, кейбір сарапшылар күткендей саяси реформа мәселесін қозғамады. Рейтерс агенттігі атап отырғандай, президент Назарбаев елде саяси наразылық жиындары көрініс бергенде полиция заң бұзушылармен қатаң болу керек деп ескерту жасағанына зейін қояды. "Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Қазақстандық бюро" деген ұйым 1 наурыз күні мәлімдеме жасап, оппозиция басшыларының 26 ақпан күні митинг өткізгендері үшін қудаланып жатқандарына сын айтты, Қазақстан үкіметі жалпы еркін жиналыс құқығын бұзып отыр деп көрсетті. Осы ұйым жалпы Қазақстан бойынша бейбіт жиындарды өткізгендері үшін, мұндай жиындарға қатысқандары үшін жүздеген азамат әкімшілік жазаға тартылды деп көрсетіп отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG