Accessibility links

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Ирақтағы сүнниеттер мен шийттерге араағайындық жасамақ ниет танытып отыр


Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлі Алматы қаласында Ирақтың сунниттері мен шииіттерін татуластыратын ымыраға келтіретін халықаралық мәжіліс өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Ал кейбір дінтанушылар Қазақстанда да діни ағымдар арасында түсінбеушілік бар деген пікір білдіреді.

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, соңғы кезде Ирақ мұсылмандары бір-бірімен жанжалдасып жатыр. Мешіттер жарылып, мұсылмандар құрбан болған жайттар бар. Жуырда Ирақтың Самарра қаласындағы Исламның қасиетті мешіттерінің бірі жарылды. Бұл барлық мұсылмандарға жасалған қастандық, дейді ол. Ал, шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлы Ирақтағы мұсылмандардың арасына іріткі салып отырған күш болуы мүмкін деген ой білдіреді.

Ал, наурыздың 2-күні Астанада, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Ирақта жанжалдасып жатқан екі жақты - сунниттер мен шииттерді татуластыратын халықаралық мәжілісті Алматыда өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады:

- Екі мұсылман жауласып қалса, үшінші мұсылман татуластырып, ымыраға келтірсе, ол - сауап іс саналады. Алматыға келіп, бір үстелдің басында отыру үшін мен барлық жағдай жасауға дайынмын. Бізде Ирақпен дипломатиялық қатынас жоқ екен. Мен соны ойлап бүгінгі мәлімдемені Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне беріп, Мәскеудегі Ирақ елшісіне жіберуді өтіндім.

Ал, шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлы бас мүфтидің ымыраға келтіру ниеті бір жағынан дұрыс болғанымен, екінші жағынан оқыс көрінеді деген пікір білдірді:

- Әбсаттар қажының Алматыда мәжіліс өткізіуі дұрыс, бірақ, Қазақстанның экономикасы, жағдайы, мемлекеттік беделін тұрғыза алмай отырған кезде оны мойнына алуы күлкілі жағдай. Бірақ, бас мүфтидің өзіндік ойы бар шығар немесе саясат басындағылардың бір тапсырысы болуы мүмкін.

Ал, кейбір дінтанушылар Қазақстанда да діни ағымдар арасында түсінбеушілік бар деген пікір айтады. Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының бөлім маманы Хасан Аманқұлов Қазақстанда мұсылмандарды бір-біріне дұшпан қылып отырған күш бар деп санайды.

- Қазір жат топтар көбейіп бара жатыр - зікіршілер, «Хизб ут-Тахрир», «Тахир жамағаты. Олар мұсылмандардың топқа бөлініп, бір-біріне дұшпан болуына себеп болып отыр, - дейді ол.

Ал, дінтанушы Мұқат Қожахметұлы болса, тіпті бір діннің ішіндегі ағымдар өзара келіспеуі мүмкін және бұл қауіп Қазақстанда да бар дейді:

- Исламның Ирақтағы жағдайын қараңыз, екі бағытта екеуі де дін қарындас бір мұсылман бола тұра сондай трагедия болып жатыр. Сондықтан ондайға жібермес үшін біздің елде діни басқарма жұмыс істеуі керек. Ағымдарды пайдаланып келіп елдің тыныштығын алатын қауіп Қазақстанда жоқ емес.

Ал, этнограф ғалым Өмірзақ Тоқтасыновтың айтуынша, мұсылман ағымдарын бір-біріне айдап салу дұрыс емес.

- Исламды мойындаған мұсылмандардың бірлігін сақтау керек. Бір нәрсеге қарсы күрессең, оған қарсы күш шығады, - дейді ғалым.

Ал, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлі, бұл қауіп «Хизб ут-Тахрирдан» тарауы мүмкін дегенді айтады:

- Біз пәтуа шығардық «Хизб ут-Тахрирға», ол зиянды ағым Қазақстанда. Олар халифат құрамыз дейді. Қазақстан екі ғасыр бойы Ресейдің боданы болды, 70 жыл бойы коммунистік жүйеде. Сонда біздің қазақ халқы өмір бойы соларды мойнына мінгізіп отыруы керек пе? Біз қашан тәуелсіз ел болып, көзіміз ашылып, емін-еркін өмір сүруіміз керек? Енді сол халифаларды мойынға мінгізіп қою керек пе? Араб елдерінің өзінде 21 ел бар, бір де біреуі халифат құрайық дегенге келіспейді. Енді құрса солар құрмай ма, неге құрмайды? Өйткені керегі жоқ, бұл орта ғасырда болған.

Ал, дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың айтуынша, соңғы кезде дінді саясатқа араластыру белең алып барады.

- Лаңкестік шабуылдар исламға қарсы саяси құрал ретінде пайдаланылды. Оның ішінде адасқан мұсылман немесе оның атын жамылған адамдардың болғанын біз мойындауымыз керек. Бүгінгі заманауи лаңкестікті мұсылмандарға үйреткен және лаңкестікке себеп дайындаған Батыс елдерінің өздері, - дейді дінтанушы.

Ал, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы ислам бейбіт дін екендігін тұрғындарға түсіндіру қажеттігін айтады. Бір де бір қасиетті кітапта экстремизмге және лаңкестікке шақыратын сөз жоқ, дейді ол.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG