Accessibility links

“Жұмаш-Көкбөрі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жабу жөнінде сот отырысы басталды


Наурыздың 2-сі күні Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотында оппозициялық бағыттағы “Жұма-Таймс” апталығының құрылтайшысы болған “Жұмаш-Көкбөрі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жабу жөнінде сот отырысы басталды. “Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС-не қарамағындағы “Жұма-Таймс” газеті арқылы өткен жылдың желтоқсан айында президенттікке кандидат болған қазіргі Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың “ар-ұжданына нұқсан келтірді” деген айып тағылып отыр.

“Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС-нің меншігі болып табылатын оппозициялық бағыттағы «Жұма-Таймс» газеті өткен жылғы желтоқсан айындағы сандарында «Қазақгейт» ісіне байланысты шетелдік басылымдардан көшіріп басқан бірнеше мақала жариялағаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеп, газеттің ондаған мың тиражы тәркіленген еді. Алматыдағы Әуезов аудандық прокуратурасы енді бұл газеттің меншік иесі «Жұмаш-Көкбөрі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жою туралы талаппен Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотына жүгінеді. Осы мәселеге байланысты наурыздың 2-сі күні Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотының төрешісі Рауф Бекенов істі қарап, шешім шығаруды келесі дүйсенбіге қалдырды. Оған прокурор Исиннің осы іске байланысты нақты заң бұзу фактілерін атап бере алмағандығы себеп болды.

“Жұмаш-Көкбөрі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарамағындағы “Жұма-Таймс” апталығының өткен жылғы желтоқсан айындағы сандарында жарияланған “Хабар кімге қызмет етеді?”, “Соңғы президент немесе Москвадағы студенттерден хат” атты мақалалар арқылы сайлау науқаны кезінде президенттікке үміткер болған қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ұжданына нұқсан келтірді” деген айып тағылып отыр.

“Мұның астарында саяси мәселе жатыр. Біздің газетіміз Қазақстандағы жемқорлық жайлы ашық жазып жүрген басылым болатын. Бізге Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ұжданына нұқсан келтірдіңдер дейді. Онда біз мына Алматының ауданаралық экономикалық сотында неғып жүрміз?”, - дейді “Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС иесі Жұмаш Кенебай.

Қорғаушы тарап “Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС-іне қарсы сот ісінде оған айып ретінде нақты айғақ, дәлел жоқ екенін айтады.

“Мен “Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС бұзған заңсыздықты көріп тұрғаным жоқ. Өйткені, прокурордың өзі “Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС-нің қандай заң талаптарын бұзғандығын ашып айтып бере алған жоқ”, - дейді “Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС адвокаты Сергей Уткин.

Қазақстанда оппозициялық бағыттағы басылымдардың сот шешімімен жабылып қалуы жылда қайталанатын құбылысқа айналған. Сондай басылымдардың бірі, орыс тілінде шығатын «Республика» газеті де былтыр көктемде осындай меншік иесін жою арқылы жабылған болатын.

“Бұл жағдай биліктің оппозицияға қысым көрсету деп түсіну керек. Кеше президент өз жолдауында заңдарды жетілдіріп, күш құрылымдарын нығайтамыз деді. Бұл дегенің оппозиция қайраткерлеріне жасалатын қысымның күшейе түскендігін білдіреді. Кеше жеті бірдей оппозиция басшыларын қамап тастады”, - дейді “Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС-нің иесі Жұмаш Кенебай.

Сарапшылар Қазақстанда билікке сыни көзқарастағы басылымдарды сотпен қудалау үрдісі жалғасып келе жатқанын айтады.

“Өзіндік принципі бар, билікті мақтамайтын, сын айтудан жасқанбайтын басылымдар мен оның құрылтайшыларына қарсы қозғалатын істердің барлығы Қазақстанда сөз бостандығына қауіптің бар екендігін аңғартса керек. Себебі, біз демократиялық жолдағы мемлекетпіз дейміз. Ал демократия болған жерде біздің бір-бірімізге сын айтуға құқымыз бар”, - дейді “Әділ сөз” қорының өкілі Ғалия Әженова.

“Жұмаш-Көкбөрі” ЖШС қарсы қозғалған сот процесі дүйсенбі наурыздық 6-сы күні жалғасатын болды.
XS
SM
MD
LG