Accessibility links

«Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева 5 тәулікке қамауға алынды


Қамауда жатып сот шешіміне наразылық ретінде аштық жариялаған оппозициялық саясаткерлер қатары наурыздың 2-сі күні тағы бір адаммен толықты. Алматы қалалық соты «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның бұған дейін берілген жазасын ауырлатып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарды. Ол сот шешімімен келіспей, аштық жариялап, оған ынтымақтастасуға басқа журналистерді де шақырды. Бұған дейін Алматы әкімшілік соты жексенбі күні Алматыда өткен саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға байланысты заңсыз митингі ұйымдастырды және оған қатысты деген айыппен 6 оппозиция өкілін қамауға алып, 5 адамға айыппұл салған. Наурыздың 2-сі күні солардың бірі Маржан Аспандиярова қамуда жатып аштық жариялағанын жеткізсе, Қазақстан коммунистер партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин Қазақстан президентіне ашық хат жолдады, ал Әбділдиннің өзіне қарсы қозғалған әкімшілік іс наурыздың 3-і күні Алматы ауданаралық әкімшілік сотында қаралмақ.

Наурыздың 2-сі күні Алматы қалалық сотында қалалық прокуратураның «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның жазасын қатайтуды сұраған талабын қарады. Алдымен, таңертең өткен мәжіліске Гүлжан Ерғалиеваның өзі қатысқан жоқ. Мұны аға прокуратур Ерекенова «сотты сыйламау деп бағалап, істі оның қатысуынсыз қарауды өтінді. Әйтсе де, судья Керімқұл Оман ақтық шешім шығару үшін сот мәжілісін кейінге қалдырды.

Түстен кейін сот Гүлжан Ерғалиеваның қатысуымен жалғасты. Прокуратура өкілі Ерекенова Гүлжан Ерғалиеваға 40 айлық есептік көрсеткіш түрінде берілген айыппұл оның жасағандарымен сәйкес келмейтіндігін тілге тиек ете отырып, айыппұлды 5 тәулікке қамау жазасымен алмастыруды өтінді. Екі жарым сағатқа созылған сот процесінен кейін судья Керімқұл Оман прокуратураның талабын толық қанағаттандырып, шешім шығарды. Оның сөзін жиналған жұрты әдеттегідей «Ұят! Ұят! Ұят!» деп, аяқтатпады. Ал Гүлжан Ерғалиеваны шешім шыққан кейін бірден полиция қызметкерлері алып кетті.

Г.Ерғалиеваның қорғаушысы Асқар Өтешов сот процесінде көптеген заң бұзушылықтар орын алғанын алға тарта отырып, әрі қарай шағымдануды жалғастырмақ екендігін айтты:

- Оның ішінде Әкімшілік заңбұзушылықтар туралы кодекстің нормалары бұзылды. Мысалы, осы кодекстің 373-ші бабының 3-ші тармағына сәйкес 2 балама жаза көрсетілген: бірі – айыппұл, екіншісі – қамауға алу. Яғни, екі жазаның бірі қолданылуы тиіс болатын. Бірақ, Гүлжан Ерғалиеваға олардың ауыры ретінде екінші жазаны беруі заңсыз! Біз әрі қарай заң нормалары аясында шағымданамыз, - дейді адвокат Асқар Өтешев.

Ал әкімшілік жауапқа тартылған Гүлжан Ерғалиева сот шешімін тапсырыс деп бағалап отыр:

- Меніңше, бұл – тапсырыс! Біреуге менің түрмеге отырмай қалғаным ұнамаған болар. Жарайды, отырғызса отырғызсын! Бірақ, бұл әкімшілік жаза емес - сасяи қамауға алу. Сондықтан, біз де саяси тәсілдермен жауап береміз. Мен аштық жариялаймын!

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы да «Ерғалиева жазықсыз» деп есептейді. Сондықтан, ол сотқа куәгер ретінде қатысуға судьядан алдын-ала рұқсат алған. Бірақ, сот процесі кезінде оған сөз берілмеді. Мен бұл жерге бар-жоғы заңсыз деп танылған жексенбілік жиынды ұйымдастырғанымды ашық айтқым келіп еді дейді Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Еске алу кешін ұйымдастырушы – менмін! Бастан аяқ қатысушы - менмін! Куәгер болуға да, жауапкер болуға да менің толық құқығым бар. Олар азаматтарды соттаса, мені де соттауы керек еді. Қажет болса, барлық жауапкершілікті менің мойныма артсын!

Жексенбі күнгі Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға байланысты заңсыз митингі ұйымдастырды және оған қатысты деген айыппен ақпанның 28-і күні Алматы әкімшілік сотының шешімімен оппозициялық саясаткерлер Маржан Аспандиярова мен Әміржан Қосанов 10 тәулікке, Асылбек Қожахметов пен Төлен Тоқтасынов 15 тәулікке қамауға алынды. Ал Болат Әбілов пен Петр Своик 5 тәулік абақтыда отыруға кесілген. Бірақ, қалалық сот сәрсенбі күні Болат Әбіловтің жазасын 10 тәулікке ұлғайтты. Алайда, қамауда отырған саясаткерлер өздеріне тағылған айыптармен келіспейді. Мысалы, Маржан Аспандиярова Бас прокурор Рашид Түсіпбеков пен омбудсмен Болат Байқадамовтың атына өтініш жазып, оны ақпарат құралдары арқылы таратып отыр. Онда ол өзіне қатысты істің «толық қолдан жасалғанын және өзінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар қоры жоқ екендігін» айта отырып, сот шешімінің күшін жойып, конституциялық құқықтарының толық қалпына келуін талап еткен.

Асылбек Қожахметовтің адвокаты Сергей Уткин де заң жүзінде әділдікке қол жеткіземін деген үмітпен наурыздың 2-сі күні қалалық сотқа келді.

- Соттың шешімі заңсыз. Соның күші жойылсын деген өтініш бердім. Бұл өтінішті бір тәулік ішінде қарауы тиіс. Қожахметов жатқан арнаулы бөлімшеде болдым. Бірақ онда «соттың рұқсаты керек» деп қорғалушыммен жүздесуге мұрсат берген жоқ, - дейді адвокат Сергей Уткин.

Ал Қазақстан коммунистер партиясының Серікболсын Әбділдин болса, қамалған әріптестерінің тағдырына алаңдаушылық танытып, Қазақстан президентіне ашық хат жолдады. Гүлжан Ерғалиеваға қолдау мақсатында сотқа келген «Азат» қозғалысының жетекшісі Хасен Қожахмет оппозция өкілдерін соттау қоғамдағы қайшылықты одан сайын ұлғайта түседі деген пікірде:

- Бұлай халықты қорқыта алмайды. Қайта ашындыра түседі. Керісінше, бейбіт келіссөздер жүргізу керек еді. Қорқытып-үркітудің арты бұдан жаман болады!

Ал бұл кезде сот шешіміне наразылық ретінде қамауда жатқан оппозицонерлер - Маржан Аспандиярова, Болат Әбілов, Петр Своик, Төлен Тоқтасынов аштық жариялауда. Олардың қатары наурыздың 2-сі күні Гүлжан Ерғалиевамен толықты. Ал наурыздың 3-і күні Алматы әкімшілік сотында Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікбосын Әбділдиннің ісі қаралмақ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG