Accessibility links

Еуропалық комиссия Қазақстандағы адам құқықтарын халықаралық стандарттарға жақындату шараларына 700 мың еуро бөлді


Еуропалық комиссия Қазақстандағы адам құқықтарын халықаралық стандарттарға жақындату шараларына 700 мың еуро бөлді. Бұл туралы 3-наурызда Астанада Еуропалық комиссияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріндегі өкілі Режин Руа хабарлады. Оның айтуынша Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерге қосылып қана қоймай, оларды орындағаны жөн.

Еуропалық комиссияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы өкілі Режин Руаның айтуынша Еуропада 92 омбудсмен институты бар.

«Біз Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы жұмысты халықаралық стандарттарға жақындатқымыз келеді», - дейді Режин Руа.

Оның айтуынша Еуропада омбудсмен парламенттің күшімен құрылған. Бұл адам құқығымен айналысып жүрген адамдардың тәуелсіздігін көбейтеді, сондықтан Қазақстанда да осындай болғанын қалаймыз, дейді ЕуроОдақ өкілі.

Қазақстандағы омбудсмен осыдан 3 жарым жыл бұрын президент қаулысынан кейін дүниеге келген. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамовтың айтуынша, әзірге барлық омбудсмендер тек кеңес берумен шектеледі. Ал бірақ, шетелде адам құқықтарын қорғайтын лауазым иелерінің құзыры кең, дейді қазақстандық омбудсмен:

- Бәрі ұсыныспен жұмыс істеп жатыр. Біз ғана емес, барлығы. Бірақ, Еуропа, Испания, Греция омбудсмендері ұсыныстарын президентке, парламентке, үкіметке жібереді. Онымен санаспаса онда үкімет жұмысы кем болып есептеледі. Біз де соған жетуіміз керек.

Еуропалық комиссияның өкілі Режин Руаның айтуынша жергілікті омбудсмен өз құзіретін кеңейткені жөн. Қазақстан адам құқы жөніндегі халықаралық конвенциялардың 14-іне қол қойған ел. Енді Біріккен Ұлттар ұйымының 2 құжатына қосылу қалды. Біріншісі - экономикалық, әлеуметтік және мәдениет пактісі, ал екіншісі - азаматтық және саяси пакті. Егерде, Қазақстан соңғысына қол қойса, жергілікті тұрғындар халықаралық сотқа шағымдануға мүмкіншілік алады. Алайда, Еуропалық комиссияның өкілі Режин Руаның айтуынша Қазақстан адам құқықтары жөніндегі көптеген халықаралық пактілерге қосылып жатқаны өте жақсы, бірақ, маңыздысы - Қазақстан сол құжаттарға қол қойып қана қоймай, оларды қолданысқа енгізіп, бұлжытпай сақтаса жақсы болар еді, дейді ол.

Қазақстан парламенті сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышевтің айтуынша, адам құқығы жөніндегі халықаралық құжаттардың мүмкіншілігі мол. Бірақ, әзірге бұл тиімділік Қазақстанда пайдаланылмай келеді, дейді ол.

- Бізде қай жағынан қарасаң да құқықтар бұзылған жағдайлар бар. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл сот емес қой, ол бәрібір проблеманы шеше алмайды. Ал, егер конвенцияға қосылсақ біздің адамдар жоғарғы сотқа дейін барып, оған қанағаттанбаса, онда Еуропа сотына шағымдануына мүмкіншілік алады. Бірақ, біз тек ратификация жасаймыз, ал, қосылу, қол қою - ол үкімет функциясы, - дейді сенатор Б.Тұтқышев.

Жоғарыда аталған пактілердің ішінде азаматтардың митинг, демонстрацияға шығу құқықтары жайлы айтылған. Жуырда Алматы соты жұртшылық өкілдерінің қатысуымен болған митингіні заңсыз деп тауып, сол үшін оған қатысқан бірқатар оппозиция қайраткерлерінің әкімшілік қамауға алып, айыппұл салған болатын. Осы жөнінде «Азаттық» радиосының қойған сұрағына Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов былайша жауап берді:

- Ол митингіге мен қатысқан жоқпын. Оны көрген жоқпын, теледидар арқылы көрсеткен жоқ. Сондықтан, оған мен пікірімнің қандай екенін айта алмаймын.

Қазақстан омбудсманының атына жыл сайын азаматтардан 1000-ға жуық шағымдар түсіп отырады. Шағымдардың үштен бір бөлігі сот органдарының шешіміне наразылық білдіргендерден келеді екен. Оның сыртында жұмыс берушілер адам құқығын бұзды, еңбекақы мен зейнетақы кеш берілді, түрмелердегі жағдай нашар деген мазмұндағы шағымдар басым деп хабарланып отыр. Бірақ, тұрғындардың көбі өз құқықтарын біле бермейді, соның кесірінен өзінің көзқарасын дәлелдей алмайды, бұл жағдайды ретке келтіру үшін, адамдардың құқықтарын уағыздау қажет, дейді құқық қорғаушылар.

Алайда, Астана тұрғыны Ләззат Исабекова бұл пікірмен келіспей отыр:

- Мен бір іспен органдарға шағымданғанмын, қандай іс екенін айтпай-ақ қояйын. Сол істі бастағанда әр орган бір-біріне сілтейді. Ал, іс басталған соң қалаймақан көп болады. Оны қысқартайық десек, бірдеме дәметеді. Сосын омбудсменге шағымдансақ, олардың қолынан келетіні - прокуратура, полиция және басқа органдарға тек ұсыныс жасау ғана екен.

Ал, ЕуроКомиссия өкілдерінің айтуынша тұрғындар мен жергілікті омбудсмен арасындағы қатынасты интернеттегі веб-сайттар арқылы кеңейтуге болады және қазір дәл осы шараларға қаражат бөлініп отыр екен.
XS
SM
MD
LG