Accessibility links

АҚШ президенті Пәкістан-АҚШ ынтымақтастығына ризалық білдірді


АҚШ президенті Дж.Буш Исламабадта болғанында Пәкістан президенті Первез Мүшаррафқа террорға қарсы соғысқа қосылып, одақтас болу туралы шешім қабылдағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Буш Пәкістан сапарында Әл-Қаиданы тас-талқан етіп құрту үшін әлі де көп жұмыстар жасалуы керектігіне баса назар аударды.

Пәкістан президенті Первез Мүшарраф АҚШ президенті Дж.Бушты сап түзеген салтанатты әскери шерумен қарсы алды. Қос президент ұлттық әнұран ойналып жатқанда президент сарайының жасыл шатыры астына барып жайғасты. Мүшарраф пен Буш екеуара әңгімелескеннен кейін оның соңы бірлескен баспасөз-мәслихатына ұласты. АҚШ президенті Америка мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты ұзақ мерзімге ұласатын стратегиялық әріптестік деп атай келе, террорға қарсы соғыс барысында ынтымақтастығымыз жақындай түсті деді. Содан кейін Дж.Буш мынандай ойды да қосып айтты:

- Мұнда Әл-Қаиданы түп-тамырымен құртып жою үшін көптеген жұмыс жасалуы керек. Мұны президент те, мен де білеміз. Біз бүгін таңертеңгісін бұл туралы жақсылап сөйлестік. Әл-Қаидаға қарсы күрестегі ең жақсы жол - ол барлауды жетілдіріп жүргізу болып табылады. Олардың бәрін де анықтап алғаннан кейін, заң алдында жауапқа тартуға болады.

Первез Мүшарраф әріптесі Бушпен талқылаулар кезінде АҚШ пен стратегиялық әріптестік жандана, күшейе түскенімен, бүлікшілерге қарсы күрес Пәкістанның өз ішінде оңайлыққа соқпайтынын да атап өтті.

- Егер мұнда бір азайғандық болса, ол орындалу саласында деуге болады. Әзірге біздің ойымыз анық, сол тұрғыда шешім де бар, біз алға жылжудамыз және табысқа жетеміз.

Қос президенттің әңгімелесулері мадақтау мен лаңкестікке қарсы күреске ғана арналған жоқ. Мұнда Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы мәселе - Кашмир туралы да сөз болды. АҚШ президенті сондай-ақ Пәкістанда демократиялық реформаларды көбірек жүзеге асыруға шақырды. АҚШ Үндістанға ядролық көмек береміз деп жақында ғана келіскен болатын, бұл ретте Дж.Буш АҚШ Пәкістанға да осындай ядролық көмек береді деген қоғамдық кепілдік бере алмайтындығын айтты.

Есесіне ол табиғи газымен Пәкістанды қамтамасыз ететін Иранмен арада ешқандай мәселе болған жоқ деді, бұл мәселе бойынша бұған дейін Вашингтон тарапынан салқындық танытылған болатын.

- Президент бұл мәселені менімен талқылады, Пәкістан көбірек энергияны қажет етеді, өйткені экономика өсіп келеді, ол маған мұндағы табиғи газ жағдайының қалай болып тұрғанын түсіндірді. Біз аймақтағы газ тұтыну қажеттілігін түсінеміз, бұл өте жақсы.

АҚШ президенті Дж.Буштың Пәкістанға сапары кезінде мұнда қатаң қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Бұның алдында ғана ол осы Азия сапары барысында Ауғанстан мен Үндістанда болған еді. Жұма күні АҚШ президенті келер алдында Пәкістанда Бушқа қарсы шерулер өтті. Сенбі күні де бірқатар осындай демонстрациялар жоспарланған.
XS
SM
MD
LG