Accessibility links

Қытай: Коммунистер қатары жастармен толығуда


Қытай коммунистік партиясының қатарына жастар көптеп тартыла бастаған. Мерзімді басылымдардың жазуына қарағанда 2005 жылдың өзінде Коммунистік партияға кірген 2,5 миллион адамның 80 процентінің жастары отыздан жаңа асқандар екен. Ал жалпы бүгінде Қытай коммунистік партиясының қатарында барлығы 70 миллион мүше бар.

Хабарларға қарағанда, соңғы жылдары Коммунистік партия қатарын толықтырған колледждер студенттері барлық студенттердің 8 процентін құраған екен немесе 700 мыңдай жас қыздар мен жігітттер деуге болады.

Егер ресми басылымдарда жарық көрген мұндай мәліметтер шынайы болса, онда қысқа ғана уақыттың ішінде коммунист студенттердің еселеп көбейгенін көруге болады. 1990 жылдары қытай студенттерінің 1,1 проценті ғана Коммунистік партияның мүшелері болған екен.

Лондондағы патшалық институттың талдаушысы Александр Неилл былай дейді:

- Олар мұнда өмірді түсініп, ойларын жүзеге асыру үшін келеді, бұрынғы президент Дзан Дзяминнің саясаты сондай болған, Коммунистік партия болашақ ұрпақты кәсіпкер болуға, ғылыммен айналысуға, жетекші болуға шақырады, демек ой-мақсаттарын жүзеге асыру тұрғысындағы либерализация саясаты.

Десек те, жоғарғы дәрежелі университеттерде оқып жатқан немесе алыс ауылдарда жатқан жастардың партияға қосылудағы мақсаты қандай? Әрине, Қытайдың болашақ дамуына коммунистік партияның мүшесі ретінде үлес қосқысы келетіндер бар мұнда. Қытайда шет аймақтар, алыс ауылдар мен елді мекендердің экономикасы артта қалып, онда халық кедейлікте күн кешіп жатса, қалалардың дамуы қарышты, тұрғындары бай тұрады.

Наурыздың 5-күні Ұлттық халық конгресінің ашылуында сөйлеген сөзінде Қытайдың премьер-министрі Уен Жибао барлық күш-жігерді қайда, қалай бағыттау керектігі жөнінде былай деді:

- Біз барлық шараны алыс жатқан ауылдардың ахуалын көтеріп, экономикасын өркендетуге, өзгерістер жасауға жұмсауымыз керек. Бұл ең басты және маңызды өзгеріс.

Алайда, Қытайдың коммунистік партиясы қатарына қосылып жатқан жастардың көпшілігі өз жеке бастарының жағдайын, жетістігін ойлайтындығы байқалады. Гонконгтағы Қытай университетінде жүргізілген зерттеулерге қарағанда партияға мүше болған қалалық тұрғындардың табысы ең кемінде 28 процентке артады екен.

Мұнымен қатар партияның өз ішінде жекелеген, кішігірім ұйымдасқан жемқорлықтың сыртында кең көлемдегі масштабты жемқорлықтар да жалғасып жатыр. Мәселен, Қытайдың көптеген шахталарын басқаратын коммунистер қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына алдымен өздері жол береді немесе оған немқұрайдылықпен қарайды.

Партияның өзі де жемқорлықтың кең етек алып бара жатқанын мойындайды. Өткен айда Бейжіндегі Орталық тәртіпті тексеру комиссиясы 2005 жылы партияның 115 мыңнан астам мүшесіне түрлі шара қолданылып, олардың 15 мыңы сот жауапкершілгіне тартылғандығын жариялаған. Жыл бойында 24 мың адам партия қатарынан шығарылған.

Талдаушы Нилл осындай жоғары дәрежедегі бақылауға қарамастан, Коммунистік партияның жайлап алған жемқорлыққа қарсы күрескісі келетінінің ешқандай дәлелін көріп тұрған жоқпын дейді.

- Мұнда тазалау жүргізілуі мүмкін, жемқорлыққа қарсы қатты күрес науқаны болуы мүмкін, бірақ әрқашанда демократияландыру негіздері сыбайластық пен жемқорлықтың көзін жоюдың ең жақсы жолы болып табылады, - дейді талдаушы.

Бірақ, демократияландыру жолын Қытай коммунистік партиясының қаламайтындығы анық.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG