Accessibility links

Есірткімен күрес жұмысына бюджеттен бөлінген қаржының жарты миллион доллары тиісті мақсаттарға жұмсалмаған


Есірткімен күрес жұмысына бюджеттен бөлінген қаржының жарты миллион доллары тиісті мақсаттарға жұмсалмаған. Бұл туралы наурыздың 9-күні Астанада Қазақстанның Республикалық бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің басшылығы өз отырысында хабарлады. Қаржы министрлігінің Кеден комитетімен Ішкі істер министрлігінің Есірткімен күрес комитетіне осындай айып тағылды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің тексеруі көрсеткендей, 2001 жылдан бастау алатын «2005 жылға дейінгі Есірткімен күрес жұмысы бағдарламасына» бюджеттен бөлінген қаржының 184 миллион теңгесі тиімсіз жұмсалғаны анықталған. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Николай Донецтің айтуынша, нашақорларды емдейтін орталыққа бөлінген 85 миллион теңге пайыздық үстемақы қосылып отыратын банктегі депозитке салынған, ал бұл уақытта аталмыш орталық тек қуатының 25 пайызымен жұмыс істеген.

Ал Ішкі істер министрлігінің Есірткімен күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Қарабековтың айтуынша, ақша тиісті мақсатқа жұмсалған:

- Басқа мақсатқа емес, тек дербес қателіктер болды. Ал, Ақмола облысындағы нашақорларды оқшаулау орталығын есеп комитеті қарады. Ол орталықтың президенті жұмыстан босатылды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың айтуынша, қаржының бір бөлігін нашадан пайдалы өнім шығаруға болатын зауыт салуға жұмсауға болар еді. Оның айтуынша, есірткімен күрес жұмысы барысында көбінесе ауыр есірткі емес жеңіл есірткіге жататын наша көп тәркіленеді. Ал, Ішкі істер министрлігінің Есірткімен күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Қарабековтың айтуынша, есірткіні ауыр және жеңіл деп бөлгенннің өзі орынсыз. Оның барлығы Қазақстан жастарын улайды, деді ол.

Бірақ, нашадан пайдалы өнім шығаратын зауыт салу жоспарда бар деді ол. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәліметі бойынша, есірткімен күрес шараларына бөлінетін қаржының 29 миллион теңгесі мүлде негізсіз жұмсалды. Нақтырақ айтқанда 3 жарым миллион теңгеге компьютерлерде қолданылатын ұлттық мәлімет қорын енгізу жоспарланған, бірақ, іс жүзінде осы уақытқа дейін бұл бағдарлама енгізілмегендігі анықталды. Оның сыртында Есеп комитетінің мәліметінше, жабдықтардың бір бөлігі қоймаларда сақталып мүлде қолданылмаған. Оның ішінде жасырынған есірткіні анықтайтын дедекторлар жарты жыл бойы бекер жатқан деп хабарланады.

Кеден комитеті болса есірткіні іздеуге арналған қымбат рентген жабдығын алдырған. Бірақ, 2003 жылдан бері жасалған ескертулерге қарамастан құны 5 жарым миллион теңгеден асатын бұл жабдық іске қосылмаған, бертін келе осыған ұқсас бірақ құны 7 миллион теңгеден асатын тағы бір жабдық алынған. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәліметі бойынша, осылайша бюджет қаржысына алынған жабдықтар онымен жұмыс істей алатын маман жоқтығынан қолданылмай келген. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің тексеруші маманы Пардабеков Анатолий осы жабдықтар жайлы толығырақ айтып берді:

- Шекарада кеденшілердің детекторлары болады соның біреуінің өзі 5 жарым миллион теңге тұрады. 2003 жылды біз қараған кезде ол сынып қалған еді. Ол кезде сатқан ұйым оны жөндеуге кепілдік берген. Сол уақытта жөндеу жасамаған. Енді оған үкімет тағы ақша жұмсап жөндеуі керек. Сосын тағы бір жабдық алынды. Оның өзі де істемейді. Балалар бағасы қымбат деп қорқады. Екіншіден, ағылшынша жазылған дейді. Аудармашы жоқ деп сол жерден өтіп жатқандарды жақсы қарап жатқан жоқ.

Қаржы министрлігінің Кеден комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Әбдішевтің айтуынша айыптылар жауапқа тартылған. Жабдықтарға жауапты маман кеден жүйесінен кетті, дейді ол. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің тексеруші маманы Пардабеков Анатолийдің айтуынша, жабдықтың орнына қолданылатын құны 50 мың теңге тұратын иттердің өзі дұрыс қаралмайды. Соның кесірінен өзі аз иттің біреуін машина басып кеткен:

- «Қордай» кеден бекетінің өзінде иттер тұратын жерді жөндеу керек. Ол жер жөнделмегеннен кейін олар үйде ұстайды. Жөндеп ұстамағаннан кейін біреуін басып кеткен, біреуін неғып кеткен. 7 иттің орнына қазір 2-ақ ит істеп жатыр.

Қаржы министрлігінің Кеден комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Әбдішевтің айтуынша кинологиялық орталық төрағасының орынбасарына сөгіс жарияланған. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың айтуынша, жалпы есірткімен күрес жұмысының қаржысы 13 министрлікпен мекемеге бөлінеді. Ал, ақша шашыраңқы бөлінгендіктен тиісті мақсаттарға жұмсалмайды, деді ол.

Ал, Ішкі істер министрлігінің Есірткімен күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Қарабековтың айтуынша, есірткімен күрес жұмысы өте ауқымды және қаржыны тек Ішкі істер министрлігіне бөлу қайтадан ескіге оралу болып табылады, деді ол.

Жоғарыда аталған фактілер бойынша Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің басшылығы Қаржы министрлігінің Кеден комитетімен Ішкі істер министрлігінің Есірткімен күрес комитетіне нұсқау жасап, айыпты адамдарды қызметтен босатуды және негізсіз жұмсалған бюджет қаржысын қайтаруды тапсырды. Айта кететін жайт, бұл екі органға осындай ескертулер 2003 жылы жасалған.
XS
SM
MD
LG