Accessibility links

Астананың құрылыс нысандарында қаза болған құрылысшылар саны екі есеге өсті


2005 жылы Қазақстандағы құрылыс нысандары ең көп Астанада жұмыс кезінде қаза болған құрылысшылар саны бұған дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда екі есеге өсті. Бұл туралы наурыздың 10 күні заң органдарының үйлестіру кеңесінде Астана прокуратурасының өкілдері хабарлады. Олардың айтуынша, сотқа тек бір іс жетті, оның өзінде құрылыс компаниясымен қаза болған адамның туыстары арасындағы келісімге орай бұл іс тоқтатылды.

Ресми мәлімет бойынша Астанада өндіріс барысында бір жыл ішінде 223 адам зардап шекті. Оның ішінде 41 адам мерт болды. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден екі есе артық. Еңбек заңының сақталуын тексеру барысында 100-ден астам заң бұзу фактілері тіркелді. Қазіргі уақытта Астанадағы 15 құрылыс компаниясын жауапқа тарту көзделді. Астана прокуратурасының өкілі Ардақ Досмұханбетованың айтуынша қаза болған құрылысшылардың санын әдейі азайту тіркелді, мысалы, 2005 жылы 41 адам қаза болса еңбек инспекторлары 27 адам деп жазылыпты:

- Осы екі айдың ішінде 26 қайғылы оқиға оның ішінде 8 кісі өлімі тіркеліп отыр. Негізі департаменттің құзырында бар, кейбір құрылыс компанияларының лицензияларын алып қоюға немесе жұмысын тоқтату жөнінде тиісті уәкілетті органдарға ұсыныс жасай алады. Алайда, олар бұл құзыреттерін қолданбай отыр.

Құрылыс нысандары бойынша тексеру жүргізген мамандардың айтуынша, заң бұзу жағдайлары бұрыңғыдай тек шағын және орташа құрылыс компанияларында ғана емес еңбек қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы қызметтері бар ірі құрылыс ұйымдарындада тіркеледі. Астананың ішкі істер департаментінің өкілі Маратбек Құмарбековтың айтуынша, көп жағдайда құрылысшылардың мамандығы жоқ болып шыққан. Олардың көбісі Астанаға жан жақтан келгендер. Кейбіреуі тіпті кірпіш көрмегендер. Құрылыс компанияларымен қатар қаза болғандардың өздеріде еңбек қауіпсіздігін сақтамайды, дейді ол.

Қазір қаланың сол жағалауындағана 600-ден астам мердігер 40-қа жуық құрылыс нысандарында жұмыс жүргізіп келеді деп хабарланып отыр. Және жыл сайын бұл көрсеткіштер өсіп келеді. Ал, денсаулық сақтау департаментінің айтуынша дәл осы аумақ алыс болғандықтан жедел жәрдем кеш жетеді. Кейбір жағдайларда дәрігерлер кеш жеткендіктен бірнеше қабаттан құлаған құрылысшылар қаза болды. Астанадағы құрылыс нысандарының бірінде істейтін құрылысшы Әнуар Бейсеновтың айтуынша құрылыс нысандарында болған оқиғалардан кейін компания басшылары дереу адам қаза болған бригаданы таратып жібереді:

- Жақында бізде құрылыста жұмыс істеп жүрміз бәріміз, арамызда ініміз болады, жақында жұмысқа кіріп істеп жүріп үшінші қабаттан құлап кетті. Бізде қосалқы мердігерлерде сақтандыру жөнінде келісім жоқ. Мысалы анау жас бала 87 жылы мүгедек болып қалды десе болады. Полиция қызметкерлері келіп бүкіл істі қозғайтын кезде біздікілер келіп сол жігіттің болған ұйымын бригаданы шашып жібереді. Үйлеріне жіберіп азғантай ақша беріп сен үндемей-ақ қой деп.

Астана прокуратурасының өкілі Ардақ Досмұханбетованың айтуынша құрылысшылар өз құқықтарын білмейді:

- Көбіне азаматтардың өз құқықтарын білмеуі себепті кейбір құрылыс компаниялары қайғылы жағдайға ұшыраған отбасына көмуіне әртүрлі материалды жағдайына көмек көрсетеміз деп ақша береді. Олар ойлайды осы бізге жеткілікті деп. Ал, негізі сол кәмелетке толмағанның немесе қаза болғанның отбасы белгілі бір мөлшерге дейін бірнеше жыл бойы арнайы жәрдемақы алу керек. Соны білмегеннен кейін өздері қолхат жазып береді, құрылыс компанияларына ешқандай талабымыз жоқ деп, біз оларды қылмыстық жауапкершілікке тартпауыңызды өтінеміз деп. Соның негізінде көптеген қылмыстық істер қозғалмайды.

Өрт қауіпсіздігіне жауап беретін мамандардың хабарлауынша, құрылыс нысандарындағы құрылысшылар адам тұруға келмейтін бөлмелерде тұрады. Бұлда еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы дейді олар. Бірақ, құрылыс компанияларын бұл әрекеттері үшін жауапқа тартқызу мүмкін емес, өйткені заңда ондай норма жоқ, дейді мамандар. Астанадағы ірі құрылыс корпорацияларының бірі «Қуат» компаниясының өкілі Виктор Горкавенконың айтуынша қауіпсіздікке қанша қаржы бөлінседе қайғылы оқиғалар болып тұрады өйткені Қазақстанда құрылысшылар тапшы, ал, құрылыс нысандары барған сайын көбейіп барады. Астанадағы құрылыс нысандарында жұмыс істейтін адамдардың 90 пайызында құрылысшы мамандығы жоқ. Олардың көбісі 18-20 жастағы жас жігіттер дейді ол.

Астанадағы құрылыс нысандарының бірінде істейтін құрылысшы Әнуар Бейсеновтың айтуынша құрылысшылрадың мамандығы жоқ екені рас:

- Жұмысқа келіп орналасқандар көбінесе жас балалар. Әлгі әке-шешесінің ақша төлеп оқытатын жағдайы жоқ. Сосын жататын жерінің өзін қарасаңыз сақтандыру жоқ. Электр сымдары ашық-шашық жатады. Ол кез келген кезде өрт болуы мүмкін. Мысалы мына ірі компанияларда барлық талаптары бар, өзіміз көріп жүрмізғой.

Заң органдарының үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша адам қазасына әкеп соққан барлық адамдар жауапқа тартылуға тиіс. Сондықтан анықталған мәліметтердің барлығы бас прокуратураға жіберіледі.
XS
SM
MD
LG