Accessibility links

Әкімшілік жауапқа тартылып, түрмеге жабылған оппозиция белсенділері М.Аспандиярова мен Ә.Қосанов бостандыққа шықты


Жұма күні кешкісін Алматыдағы қалалық ішкі істер департаментінің жанындағы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын абақтыдан 10 күндік сот жазасын өтеген оппозиционерлер - Әміржан Қосанов пен Маржан Аспандиярова босатылды. Ресми билік оларды ақпанның 26-сында Алматыдағы Республикалық алаңда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиынға қатысқанын «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды» деп бағалап, айып тағып, соттаған болатын. Сот шешімімен оппозиция мүшелерінің 7-уі әртүрлі мерзімге түрмеге қамалып, бесеуіне әкімшілік жаза ретінде әртүрлі мөлшерде айыппұл салынған еді. Абақтыға отырғызылғандардың екеуі – Петр Своик пен Гүлжан Ерғалиева бұған дейін 5 күндік жазасын атқарып, бостандыққа шыққан. Ал 15 тәулікке сотталған Төлен Тоқтасынов пен Асылбек Қожахметов әлі қамауда отыр. Сол секілді сот 15 тәулікке абақтыға жабуға шешім еткен Болат Әбілов қайын енесінің қазасына байланысты 2 күн түрмеде отырғанан кейін уақытша босатылған болатын. Бірақ алдағы жексенбі не дүйсенбі күні ол абақтыға қайтадан отырып, қалған 13 күн жазасын өтеп шығуы тиіс.

Алматының бір түкпірінде орналасқан мекеме – «Қалалық ішкі істер департаменті жанындағы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын арнаулы қабылдау орны» деп аталады. Ғимараттың сырт пішіні кеңес заманынан бері өзгермеген, баяғы сол биік бетон қабырға дуал, тікенді темір сыммен қоршалған. Қақпадағы кішкентай тор тесіктен қарасаңыз, ары жағында бір қабатты ұзынша барак көрінеді. Жұма күні сағат 18-ге таман қақпа алдында белгілі оппозиционерлер - Әміржан Қосанов пен Маржан Аспандиярованың ағайын-туыстары мен дос-жарандары, партиялас серіктері күтіп тұр. Дәл кешкі алтыда қақпа ашылып, іш жақтан Маржан Аспандиярова шықты. Оппозиция белсендісін күтіп тұрған тілшілер оны бірден ортаға алып, хал-жағдайы мен пікірін сұрады.

«Біз қамауда отырғанда қолдаған азаматтардың бәріне де көп-көп рахмет! Мына билік, әсіресе, біздің Астанадағы мырзалар, біздей демократиялық күрес жолына түскен азаматтарды осындай әрекеттермен жеңуге болмайтынына көзі жетті. Халық қорықпайды. Қайткен күнде де біз жеңеміз! Қайткен күнде де, осы біздің ұрпақ, бәріміздің көзіміз түгел кезде демократиялық жеңіске жетуіміз керек! Басқа жол жоқ, Қазақстанға», - деп жауап берді М.Аспандиярова.

Еркіндікке шыққанына қуанғаннан ба, қаумалаған көпшіліктің қошеметінен бе, М.Аспандиярова ханым бір қарағанда, түрмеде жатып 10 күн аштық көрген адамдай емес тың көрінеді, екпіндеп, көтеріңкі сөйлеп жатыр. Ол өзі «тек минералды су ішумен болдық» дейді. ТМД мемлекеттерінде үлкен мереке түрінде аталып өтетін 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнін түрмеде өткізген оппозиция мүшелерінен жалғыз әйел осы Маржан болды. Бірақ ол «дәл сол күні түрмеде де ескерусіз қалмадым» деп күледі:

«Нақты кім екенін білмеймін, бірақ наурыздың 7-сінен 8-не қараған түнгі сағат бір жарымда камерамды күзетші ашты, бір әдемі жігіт үлкен гүл әкеп, «бұл прокуратурадан сізге құттықтау!» деді. Яғни, «прокуратураның түгелі сізді сыйлайды, яғни заң сіздікі екенін мойындаймыз» деді».

Өкінішке орай Маржанмен сұхбаттасып жүргенде, бостандыққа шыққан екінші бір оппозиционер Әміржан Қосанов асығыс үйіне кетіп қалыпты. Арада біраз уақыт өткенде сол күні кешке оны телефонмен іздеп тауып: «10 күн түрмеде жатқанда ойланатындай уақытыңыз болған шығар, өзіңіз жайлы білгісі келген жұртқа не ой айтар едіңіз?» деген сауал қойдық. Ол да «билік бұл әрекетімен бізді алған жолымыздан тайдыра алмайды» дей келіп, «көпшіліке айтар үш ойы бар» екенін айтты.

«Керісінше, режимнің осындай әрекеттері мен сияқты қатардағы азаматтарды одан сайын қайрай түседі. Екінші, көпшілікке айтарым - мына қазіргі таңдағы Қазақстанның билік басында отырғандардың, соның ішінде президент Назарбаевтың демократияға қарай қадам басады-ау, заңдарды адами қыла түседі-ау деген үміттен біз о баста айрылғанбыз, енді соған сеніп жүрген адамдар да айырылуы керек. Өйткені, біз абақтыға жабылған соң келесі күні сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың осы оқиғаларға қандай баға бергенін бәріңіз естідіңіздер, яғни заңды қатайту керек, тіпті полиция басшыларын үркітіп, әркім жеке басымен жауапкершілік алады деген әңгіме айтылды. Сондықтан режимнің осы кеткені - кеткен! Сондықтан, бізде Назарбаев бастаған билік ертең елге демократия орнатады деген үміт болмауы керек», - деді Ә.Қосанов.

Қосанов мырза осы абақтыдан алған тағы бір сабағы жайлы өз ойымен бөлістік және де ондай ойды абақтыда отырып шыққан оппозиция мүшелерінің бәрі айтып отыр:

«Мен өз басым бұрын қылмыстық жазамен сотталдым, әкімшілік жазаға да тартылдым, ұрып-соғылдым, бірақ, дәл мынандай атақты «Лобачевка» деп аталатын абақтыға жабылмағанмын. Менің он күндегі түйгенім, сондағы азаматтардың құқығының жоқтығы, тапталуы. Яғни, бізде осы күнге дейін «әкімшілік жазаға тартылған азаматтарды қалай ұстау керек, олардың регламенті, тәртібі қандай?» деген заң жоқ. Оның бәрі министрдің бұйрығымен реттеледі екен. Сондықтан, бүкіл Қазақстан бойынша күніне қаншама адам тағдырдың тәлкегіне ұшырап, осындай бес, он, он бес күнге сотталып жатыр, солардың тағдырын шешетін заң керек екен, мен осыны ұғындым және азамат ретінде, Қазақстан азаматтарының құқығын қорғауды біз қолға алатын болсақ, осы саланы да қолға аламыз деп ойлаймын».

Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында әкімшілік жазаға тартылғандар қамауда отыратын жердегі жағдай, әрине, бірдей емес болар, бірақ Алматыдағы әкімшілік абақтысының жағдайы туралы Ә.Қосанов мырза былай дейді:

«Ондағы жағдай – дұшпанға да тілемейтін жағдай! Онда жетісіп жатқан еш нәрсесі жоқ. Яғни, әжетханаң бөлмеңнің ішінде, ескі-құсқы матрац, ескі-құсқы жамылғы, қатал тәртіп, күніне екі-ақ сағат есік алдына шығып жүруге болады, телефонмен сөйлесуге болмайды, бөлменің іші күңгірт, шамның жарығы жетпейді. Тамағы да белгілі ғой... Мен, біріншіден, бұл жерде, сол мекемеде істейтін азаматтарды жазғырып тұрған жоқпын, осыны реттейтін заң жоқтығын айтпақпын. Мынадай 21-ші ғасырға қадам басқан Қазақстанда адам төзгісіз жайт орын алғанына назар аударғым келеді. Біз мына шетелдің фильмдерінен көреміз ғой - тіпті сотталған азаматтардың құқығы қалай қорғалатынын. Ал бұл жерде отырғандар қылмыскерлер емес қой, бұлардың бәрі - әкімшілік жазаға тартылғандар. Айталық, әйелімен ұрсып қалғандар, не бір жерде көршісімен жанжалдасып қалғандарды алып келеді, жап-жас өрімдей жігіттер, ақыл тоқтатқандары да бар. Енді дәл осылардың намысына тиюдің, таптаудың, жаншудың керегі жоқ сияқты».

Сондай-ақ Ә.Қосанов мырза өздерін күніне екі-үш сағат сайын тексеруден өткізіп, бұрын-соңды мұндай мекемеде болмаған полицияның ерекше мақсаттағы арнайы тобының (ОПОН) екі жігіті тәулік бойы күзетіп отырғанын айта келіп, «бұның бәрі осы әкімшілік жазаның саяси астары барлығын аңғатса керек» деген тұжырым жасайды. Осы айтылған жайттарға байланысты пікір білмек болып сұранғанымызбен, абақты шенеуіктері «Азатық» тілшісіне қандай да болмасын сұхбат беруден бас тартты. Айта кетерлігі -оппозиция өкілдерінің түрмедегі аштық акциясы Қазақстан қоғамында да бәлендей алаңдаушылық тудыра қойған жоқ. Сарапшылар «оның бір себебі – тұрмыс тауқыметімен жүрген көпшіліктің бейсаясилығында болса, екінші бір себебі – оппозицияның көпшілік арасындағы беделінің аса жоғары еместігінен» деп түсіндіреді.
XS
SM
MD
LG