Accessibility links

Баспасөз шолуы. 03.11.2006 жыл


Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейінгі Қазақстандағы ішкі саяси ахуал қандай болмақ? Бұл сауал республикалық апталық басылымдарда жарық көрген көптеген мақалаларға негіз болыпты. Бірнеше басылым Қазақстан президенті бұл оқиғаны өзінің айналасын тазарту үшін пайдаланбақ деген болжам жасап отыр. Ал бұл "тазартуға" қандай шенеуніктер ілікпек? Сыртқы күштер елдегі саяси ахуалға әсер ете ала ма?

«Право. Экономика. Политика. Культура» газетінде жарияланған басты мақалада автор «Президент Назарбаев кезекті мерзімінің басында өзінің маңайын жаңартумен айналыса бастады», деп жазады. Сондықтан, оның пікірінше, саяси элитадан кету қаупі тек Сенат басшысы Нұртай Әбіқаевқа ғана төніп тұрған жоқ. Айталық, «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтпаевты оның қол астындағылар – «Арыстан» арнайы бөлім сарбаздары арқылы өте сауатты түрде қақпанға түсірді», деп жазады газет шолушысы. Сондықтан, оның айтуынша, енді «Астандағы шенеуніктер «Владимир Школьник, Ахметжан Есімов, Мәжит Есенбаев пен Виктор Храпунов өз орындарында қаншалық ұзақ тұрады?» деп жормал жасауда».

«Олардың кешіктіріліп қызметтеріне тағайындалуы президент өзінің ескі, уақыт тезінен өткен, бірақ қажетсіз болып қалған кадрлерінен арылуды жоспарлап отырғанын аңғартпай ма?», деген сауал тастайды мақала авторы. «Айтпақшы, - деп жалғастырады сөзін газет тілшісі, - бұл кадрлер Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділов сияқты Қазақстанда алғашқы капитал жинау қалай жүргенінен және ол кімде көп жиналғанынан тым көп хабардар». Сондықтан, егер алдағы уақытта бұл болжамдар расталса, онда бұл шенеуніктерге қарсы бұқаралық ақпарат құралдарында қаралау материалдарының жарық көруі мүмкін екендігін айтады «Право. Экономика. Политика. Культура» газетінде жарық көрген мақала авторы.

Ал «Айна плюс» газеті «Компромат.кз» сайтына сілтеме жасай отырып, «экс-чекист Нартай Дүтпаев» отставкаға кеткеннен кейін жедел түрде Еуропаға аттанып, оппозиция лидерлерінің бірі Әкежан Қажыгелдинмен Лондонда кездесті деген ақпаратты ұсынады. Онда келтірілген деректерге қарағанда, «кездесу кезінде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Н.Дүтпаев Заманбек Нұрқаділовтің үйінен алынған материалдар мен Алтынбек Сәрсенбайұлының үйіндегі сейфтен ұрланған материалдар бар бірнеше папкіні Қажыгелдинге табыс еткен». «Ал бұл қызметі үшін Әкежан Қажыгелдин бұрынғы чекистің қызының атына 7 дөңгелек саннан тұратын қаржы құйған», деп жазылған «Айна плюс» газетіндегі мақалада. Алайда, мақала соңында редакция атынан берілген түсіндірмеде бұл деректердің толық рас екендігіне күмән келтіріледі. «Осындай ақпараттар арқылы тым көп білетін адамдарды» құртудың негізі қаланып жатқан шығар?» деген сауал қояды «Айна плюс» редакциясы.

«Эпоха» газетінде жарияланған «Тазалауға сылтау табылды. Президент ескі өкпесін ұмытпаған тәрізді» деген мақалада тілші Қазақстандағы қазіргі саяси жағдайды 4 жыл бұрынғы оқиғамен салыстырады. Оның айтуынша, сол кезде президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев бастаған «қырғилар» және «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған бизнесмендер мен шенеуніктер арасындағы қарым-қатынастың ушығуының шынайы себебін азғантай адам біледі». Сол кезде «біреулер басқарушы отбасына ерекше жағдай жасағысы келсе, басқалар заңның үстем болуын, либералды экономика мен демократиялы мемлекет орнауын қалады», дейді мақала авторы. Одан әрі қарай тілші сол кездегі облыс әкімі Ғалымжан Жақияновтың президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевті әшкерелейтін материалдарды президенттің алдына қойғанын еске түсіреді. «Алайда, сол кезде фактілерді тексермекші болғанда президент заң қорғау орындарында өзі сөзсіз сенетін бірде-бір адамның қалмағанын анықтайды». Сол кезде алаңға ҰҚК-нің облыстағы басшыларының бірі Нартай Дүтпаев шығады. Сондай-ақ әшкерелеу материалдарын тексеруге сол кездегі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алтынбек Сәрсенбаев, Нұртай Әбіқаев та қатысады. Олар Рахаттың әділетті айыпталып отырғанын мойындайды. «Бұл оқиғаға қатысты кейінірек екі адам саясаттан шығарылады, үшіншісі Алматы маңында қаза табады, төртіншісі қызметінен айырылады, бесіншісіне жақында Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі бойынша бар кінә жабылатын болады», деп жазады «Эпоха» газетінің тілшісі. Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай осы газетке берген сұқбатында «Қазақстандағы қазіргі режимнің жүргізіп отырған саясаты азап, қан, өлім, оның ішінде жазықсыз адамдардың қазасы түріндегі өзінің ең сұрқия жемісін беріп отырғанын» айтады.

Қазақстанда қалыптасып отырған жағдайға сыртық күштердің әсері болуы мүмкін бе? «Айқын» газетінің сенбілік санында саясаттанушы Ерлан Қарин «Орталық Азияның аймақтық қауіпсіздік ахуалы аймақтағы елдердің ішкі саяси процестерінің мазмұнына байланысты болмақ» дей отырып, бұл ретте айқындаушы факторларға «билік пен оппозцияның қарсыластығын, элита ішіндегі қайшылықтарды, саяси элитаның ауысу процесінің шапшаңдатылуы мен ішкі сасяи процестерге сыртқы күштердің араласуын» жатқызады. Алайда, саяттанушының пікірінше, «Батыс саясатының алдында өткір диллема тұр: демократияны қолдау қажеттігі, болмаса қауіпсіздік проблемаларына көңіл бөлу». «Осы себепті, бір кезеде Батыс адам құқы мен демократия мәселелерінде әр нәрсеге тиісіп келсе, кейіндері тіпті репрессияға да көз жұмып, терроризммен күресте Орталық Азиядағы кейбір елдермен ынтымақтаса бастады», дейді Ерлан Қарин «Айқын» газетінде.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG