Accessibility links

Қазақстанда ұялы байланыс бағасы арзандамақ


ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің мәліметтерінше, 2006 жылы елдегі мобильдік байланыстың бағасы біршама арзандамақ. Және де аталған байланысты пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін DEF кодтар өзгертілмек.

Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан ұялы байланыс қызметімен айналысатын төрт операторлар арасындағы өзара бәсекелестікті күшейту үшін биылғы жылы олардың қатарына жаңа бесінші оператор қосылуы мүмкін дейді ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттік төрағасы Асқар Жұмағалиев. Оның пікірінше, Қазақстандағы ұялы байланыс қызметін пайдаланатын бес жарым миллионнан аса адамның үш миллионнан асатамы «GSM Қазақстан» компаниясының қызметін пайдаланады.

«Дегенменде Ресей мемлекеті азаматтарының 80 пайызы ұялы байланыс қызметін пайдаланатындығы жөніндегі деректермен салыстырғанда Қазақстан жұртшылығының әлі де болса, бұл байланысты тұтынуына кедергі болып отырған басты мәселе ұялы байланыс қызметі бағасының қымбаттығы. Сондықтан бұл біздің алдымызда тұрған шешілуі тиіс ең басты мәселе», - дейді ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттік төрағасы Асқар Жұмағалиев.

Ал Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан ұялы байланыс қызметімен айналысатын төрт оператордың ішінде жетекші орынға ие «GSM Қазақстан» компаниясының көпшілікпен байланыс жөніндегі департамент директоры Қуат Домбай әлі де бұл салада игерілмей жатқан кеңістік – аймақтарда, оның ішінде шалғай ауылдарда екенін айтады.

Және де Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттік төрағасы Асқар Жұмағалиев елдегі мобильдік байланысты пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін биыл барлық DEF кодтардың өзгертілетіндігін айтады.

Дегенменде «К-Мобил» байланыс операторының РR-менеджері Зухра Сұлтанова өздерінің DEF кодтарын өзгертуге асықпайтындығын айтады. Сондай-ақ ол ең алдымен өз тұтынушыларына байланыс бағасын арзандатуға күш салып отырғандықтарын алға тартты. Сонымен қатар Зухра Сұлтанова ұялы байланыс бағасы біршама арзандаса, оған деген сұраныс тіптен қазіргіден де арта түсер еді дейді.
XS
SM
MD
LG