Сот мұндай қатаң жазаны наурыздың бірі күнгі президенттің халыққа жолдауынан кейін қабылдады. Онда президент «заңды бұзатындарға қатаң жаза қолдану керек! Оған тиісті заң орындағылар жеке басымен, қызметімен жауап береді» дегендей ескерту айтқан болатын. Сарапшылар бұл құбылысты «Жоғары жақ айтақтады, төменгі жақ «ләббай» деді» деп бағалаған.
Алайда, Болат Әбіловтің қайын енесі 2-наурыз күні қайтыс болуы себепті, «Нағыз Ақ жолдық» Ораз Жандосовтың кепілдігімен абақтыдағы Болат Әбіловті Алматы қалалық соты наурыздың 3-күні қайын енесін жерлеу, жетісін беру сияқты рәсімдерін толық өткеру үшін 10 күнге босатқан еді.
«Наурыздың 13 күні осы 10 күн мерзім аяқталуы себепті Болат Әбілов абақтыға қайта оралды. Ол енді қалған 12 жарым тәулікті абақтыда өткермекші. Және демократиялық күштердің ұйғарымымен ол да сот үкіміне наразылық ретінде дүйсенбіден бастап аштық жариялады», - деп хабарлады, наурыздың 13-күні Болат Әбіловтің жақтаушысы Серікқали Мусин «Азаттық» радиосына.
Болат Әбілов мырзаның өзі өткен жұма күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында абақтыдағы жағдай өзі үшін таңсық емес екенін айтқан еді:
«Маған әлі 13 тәуліктей отыруыма тура келеді. Мен үшін азапты сынақ әлі алда, абақтыда өткізген екі тәулікте көргенім масқара еді. Адам беделіне нұқсан келтіру мен масқаралау үшін осындай «каталажка» деп аталатын мекемелер ескерілген шығар. Өте тар бөлмелер, күңгірт жарық, тар түрменің қапырық ауасының жағымсыз исі қолқаны кереді. Ең жаманы - дәретханалық мұқтаждығыңыз үшін «параша» деп аталатын осы бөлмедегі шелекті пайдаланасыз. Осы бөлмеде ас ішіп, осы бөлмеде ұйықтайсыз. Бұл адамның адами қасиетін қорлап, аяққа таптау емей немене?»
Сонымен, қазақстандық оппозиция өкілі Болат Әбілов пен қазіргі уақытта абақтыда отырған оппозиционерлердің саны - 3 адам болды. Алдағы бір-екі күнде бостандыққа шығады деп күтіліп отырған, әлі тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов пен Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының белді мүшесі, алдыңғы шақырылудағы мәжіліс депутаты болған Төлен Тоқтасынов әрқайсысы сот шешімімен 15 күнге абақтыға жабылып, жазаларын өтеп жатыр. Енді оларға Болат Әбілов қосылды.