Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы аумағында шекара маңындағы қарым-қатынас орталығын құру жоспарланды


Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласының аумағында шекара маңындағы қарым-қатынас орталығын құру жоспарланып отырғаны туралы наурыздың 14 күні Астанада, Қазақстан мен Өзбекстанның үкіметаралық комиссия отырысында, Қазақстанның индустрия және сауда министрі Владимир Школьник хабарлады. Оның айтуынша, шекарадағы кедергілердің кесірінен екі ел арасындағы тауар айналым көрсеткіштері ойдағыдай болмай отыр.

Келесі аптада Қазақстан президенті Н.Назарбаев Өзбекстанға сапар шегіп, президент Ислам Кәрімовпен кездеседі. Осы кездесу қарсаңында мемлекетаралық комиссия мүшелері бірнеше мәселені көтеретін хаттамаға қол қойды. Екі жақ өкілдері хабарлағандай, негізгі мақсат – екі еле арасындағы тауар айналымын көтеру. Статистика мәліметі бойынша өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиард доллардан аспапты. Шенеуніктердің пікірінше, бұл тым кішкентай сан. Сондықтан екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласының аумағында шекара маңындағы қарым-қатынас орталығын құру ұсынылып отыр. Бұл ұсынысты жасаған Қазақстанның индустрия және сауда министрі Владимир Школьниктің айтуынша, орталықтың сыртында екі елдің тұрғындары арасындағы қарым-қатынасты ұлғайту керек, ол да тауарайналымды көтереді, дейді ол.

Министрдің айтуына қарағанда, әзірге шекарадан өту кезінде тұрғындар қиыншылықтарға кездесіп келеді. Ал, Қазақстандағы Өзбекстан елшісі Тұрдықұл Бутаяровтың айтуынша, адамдарды өткізетін 10 бөлім жұмыс істеп жатыр.

«Бірақ, демаркациялық мәселе бар. Біріншіден, мұндай адам өткізетін бөлім орнын анықтау керек. Дегенмен, 10 бөлім бар. Ендігі мақсат - олардың адам өткізу мүмкіншіліктерін кеңінен пайдалану, ал, тағы да қосымша өткізу бөлімдерін ашу қажеттілігі болса, біз қарсы емеспіз», - дейді Өзбекстан елшісі Тұрдықұл Бутаяров.

Ал, Өзбекстандағы Қазақстан елшісі Тілеухан Қабдірахмановтың айтуынша, сауда көрсеткіштерін көтеру үшін кедергілерді азайту керек:

- Екі жақтың тауар айналымы жедел дамуы үшін кедергі болмау керек. Осы уақытқа дейін біздің арамызда кейбір жерлерде сауда-саттық қойылып отырған тарифтер, акциз салықтарының мөлшерлері екі жақта өзгешелеу болды. Соны біз қалыпқа келтіріп, саудаға кедергі жасамайтындай бос қылуға жағдай жасауымыз керек.

Қазақстанда қазір Өзбек капиталының қатысуымен 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді деп хабарланып отыр. Алдағы аптада жоспарланған екі ел президенттерінің кездесуі шеңберінде Өзбек-Қазақ кәсіпкерлерінің форумын ұйымдастыру көзделген. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан Өзбекстаннан жеміс-жидек, көкөніс, мақта және құрылыс материалдарын алуға мүдделі. Алайда, екі жақтың сауда қатынастарындағы негізгі баптар - мұнай мен газ. «Қазтрансгаз» компаниясының бас директоры Серік Сұлтанғалиевтің айтуынша, бұл жолы Қазақстан Өзбекстаннан алған газға қосымша тағы алғалы отыр:

- Осы жылдың басында Алматыға Оңтүстік өңірден 1,5 миллиард текше метр газға келісімге қол қойылды. Енді экономикамыз дамып, Алматымыз өсіп жатыр. Жаңадан кәсіпкерлік алға басып жатыр. Соған байланысты және 600 миллион текше метр газға Өзбек жағымен келісім жүргізіп жатырмыз. Оның өз рәсімдері бар. Құдай қаласа, көкек айында қол қоямыз ба деген үмітіміз бар. Бағасы бар әлемде қымбаттап жатқанда біздің баға дұрыс деп ойлаймын. Мың текше метрге 55 доллар. Сол бағаны қалдырайық деген келісімге келіп жатырмыз.

Ал, құрылыс материалдары жайлы сөз қозғалғанда Қазақстандық «Базис-А» деп аталатын құрылыс компаниясының өкілі Өзбекстандағы цемент шығаратын зауытты жекешелендіруге және инвестиция салуға ниеті бар екендігін жеткізді. Бірақ, Өзбек делегациясының жетекшісі Өзбекстанның қаржы министрі Рустам Азимов әзірге елдегі 4 зауыттың жұмыс істеп тұрғанын айтып, олардың Қазақстанға өз өнімін сатуға дайын екендігін жеткізді. Бірақ, сауда қатынастарын дамыту үшін екі жақтың кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіледі деген уәде берілді. Ресми мәлімет бойынша Өзбекстан мен Қазақстан арасында 90-нан астам үкіметаралық құжат бар. Олардың ішіндегі негізгісі - екі ел арасындағы ұзындығы 2300 шақырымнан асатын шекараны делимитациялауға арналған.
XS
SM
MD
LG