Accessibility links

Иран мәселесі Қауіпсіздік Кеңесінің барлық 15 мүшесінің талқысына түсті


Иран ядролық бағдарлама мәселесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі барлық 15 мүшесінің арасында талқыланып жатыр. 15 елдің өкілдері бейсенбі күні Нью-Йоркте бейресми мәжіліс өткізді. Талқыға Британия, Франция және АҚШ ұсынған қаулы жобасы салынды. Құжатта Иран уран байыту қызметін тоқтатсын, ядролық қару жасауға күш салмай жатқанына халықаралық қауымдастықтың көзін жеткізсін делінеді.

АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі Джон Болтон талқылаудың маңыздылығын Иран мәселесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі барлық 15 мүшесінің арасында сөз болып жатқанында көреді. Британия және Франция өкілдері талқыға ұсынған құжатта ортақ көзқарасымызды білдіретін жайттар айтылады, кейбір алдын-ала сипаттамалар түсіп жатыр, дейді Джон Болтон:

- Қауіпсіздік Кеңесінің өзге мүшелері бұл жайттар жайында өз астаналарына жеткізіп, нұсқау не болмаса өзгерту қажет болса ұсыныс сұрайтындарын айтты. Барлық 15 мүше бейсенбі күні түстен кейін бейресми жағдайда тағы бас қосады деп ойлаймын, ал тұрақты бес мүше сәрсенбі күні өзара пікір алысады.

АҚШ елшісінің "бұл жайттар" деп айтып отырғаны – Иран уран байытуын тоқтатсын деген сөз. АҚШ пен Еуропа Одағының елдері Иран уран байыту талпынысы арқылы ядролық қару жасауға әрекет жасап отыр деп біледі. Қауіпсіздік Кеңесінің наурыз айындағы кезекті президенті Аргентинаның елшісі Цезар Майорал 15 мүшенің барлығы қаулы жобасын негізінен мақұлдап отыр, кейбір жайттарды әлі жетілдіру керек деп сипаттады. Қытай елшісі Уаң Гуаңгуа Иран Халықаралық Атом энергетика агенттігінің талаптарын орындап отыр деп білеміз, құжатта шара қолдану ескертуі емес, Иранға ұсыныс айту сөздері болу керек дейді:

- Британия мен Франция жоба мәтінін жетілдірді, қысқартты, анығырақ қылды, саяси үндеу айту бөлігі де қысқа. Жоба құжатында олар енді Иранды әріптестікке шақырып отыр, Халықаралық Атом энергетика агенттігінің резолюциясын мойындап, мәселе жайында осы ұйымның өкілеттігін мойындауға шақырады. Қауіпсіздік Кеңесі Халықаралық Атом энергетика агенттігін қолдап, оның негізгі роль атқаруын қолдай берсін делінеді.

Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісінің орынбасары Константин Долгов Ресей көзқарасы өзгерген жоқ, Иран мәселесіндегі текетіресті тек бейбіт жолмен шешуге болады деді. Долгов Иран Халықаралық Атом энергетика агенттігінің нұсқауларын орындауға міндетті, ядролық қаруды таратпау келісімін Иран ешқандай жағдайда бұзбау керек, бірақ Иран егеменді ел ретінде бейбіт мақсатта ядролық зерттеу жасауға құқылы, сондықтан Иран мәселесінде тепе-теңдік табуымыз керек дейді.

Ресей Иран уранын өзімізде байытып берейік деп, бұл жайында Иран мен Ресейдің келіссөздері баяу жүріп жатқаны аян. Сыншылар Иран жай ғана уақыт созып отыр, Иран уранын тек өзі байытқысы келеді дейді. Иран өз бағытынан қайтпай отыр. Иран президенті Махмұд Ақмеденижат кеше бұқара алдында сөйлегенде ядролық бағдарламаны тоқтатпаймыз деп тағы зейін қойды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG