Accessibility links

Оппозиция мен билік келісімге келе ала ма?


2006 жылдың 15 наурызында Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының Париждегі кеңсесінде Қазақстандағы жағдайға байланысты тыңдау болып өтті. Бұл тыңдауда Қазақстан билігі мен оппозиция өкілдері ұлттық келісімге келудің қандай жолдары бар екендігіне байланысты өз ойларын ортаға салды. Жұма күні осы тыңдаудан кейін Қазақстанға қайтып оралған оппозиция басшысы Жармахан Тұяқбай “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде елде болып жатқан соңғы оқиғаларға қарамастан қоғамды демократияландыруға байланысты билікпен келіссөз жүргізілу мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ.

Тәуелсіз ақпарат құралдарында жарық көрген мәліметтерге жүгінсек, Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының отырысындағы тыңдауға “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай, “Қаһар” жастар қозғалысы мен ресми биліктің өкілдері қатысқан. Осы тыңдауға қатысып қайтқан “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай жұма күні “Азаттық” радиосы арқылы соңғы орын алған оқиғаларға қарамастан, келешекте оппозициялық күштердің қоғамды демократияландыруға байланысты билікпен келіссөз жүргізудің жолдарын іздестіруі мүмкін екендігін хабарлады. Оның себебін оппозиция басшысы дәл қазіргі уақытта халықтың қамын ойлап, екі жақтың да қоғамды демократияландыруға байланысты қандай да бір қадамдарға баруы керек екендігімен түсіндірді. Атап айтқанда ол үшін ресми билік оппозицияны қудалағанын тоқтатып, сөз бостандығына ерік беруі тиіс.

Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының отырысына қатысқан “Қаһар” жастар қозғалысының кеңсесіне хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген Жанат Есентаев бұл отырысқа қатысқандардың әлі Қазақстанға қайтып оралмағандығын айтып, осы тыңдауда бірнеше талаптар қойылғандығын айтты.

- Біздің екі саяси тұтқынымыз бар. Біреуі - Таразда қамауда отырған Әлібек Жұмабаев, ал, екіншісі - Астанада қамауда отырған Махамбет Әбжан деген азаматтар. Осыған орай “Қаһар” жастар қозғалысы осы отырыста сот әділетті өтсін деген мәселені көтерді, - деді Жанат Есентаев.

Оппозициямен ымыраға келу үшін қандай ұсыныстар жасағандығын білу үшін осы тыңдауға қатысқан ресми биліктің өкілдеріне телефон шалғанымызбен, байланыса алмадық. Ал, Қазақстандағы оппозиция мен билікті ымыраға келтіру үшін қандай қадамдардың жасалуы қажет екендігі біраз жылдан бері талқыға салынып келе жатқан мәселелердің бірі екендігі аян. Қазақстандық сарапшы, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, оппозиция да, билік те келіссөз жүргізуде көп мәселелерге қадам жасағысы келмейді.

“Билік шектеулі мәселелер бойынша ғана келіссөз жүргізгісі келеді. Негізінен бұл билікке тікелей қауіп туғызбайтын мәселелер. Атап айтқанда, жергілікті өзін-өзі басқару, үкіметтік емес ұйымдар секілді мәселелерде билік белгілі бір келісімге барудан қашпайды. Алайда, менің білуімше, оппозиция бұл секілді ұсақ-түйектерге емес, маңызды саяси мәселелерде өзгеріс жасауды талап етуде. Екі жақтың да ымыраға келе алмайтын үлкен проблемасы осы арада туындап отыр, - деді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сарым оппозиция мен биліктің келісім жасай алатындығына күмәнмен қарайды екен. Оның айтуынша, елде үлкен саяси қайраткерлер озбырлықпен өлтіріліп жатқан жағдайда екі жақтың келісімге келуі өте қиын мәселе.

Қазақстанның демократиялық күштері сенбі, 18-наурыз күні Алматыдағы «Сары Арқа» кинотеатрының артындағы гүлзарда өткен айда озбырлықпен өлтірілген белгілі оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қазасына қырық күн толуына орай, ресми билік рұқсат еткен шеру өткізуді жоспарлап отыр. Дәл осы күні Алматы қаласының әкімшілігі, ауа-райының суығына қарамастан, қала бойынша мекеме, кәсіпорындар және оқу орындары ұжымдарының қатысуымен наурыз мейрамының қарсаңына орайластырып сенбілік өткізетінін шұғыл хабарлап жатыр.
XS
SM
MD
LG