Accessibility links

Қазақстанда ВИЧ/СПИД дерті нашақорлар мен жезөкшелер арасында жиі кездесіп отыр


2002 жылы дүниеге келген ғаламдық қор негізінен туберкулез, малерия және СПИД секілді ғасыр індетіне айналған ауруларға қарсы құрылған болатын. 2003 жылы осы ауруларға қарсы күресті жүргізу үшін ғаламдық қордан Қазақстанға 22,3 миллион доллар бөлініпті. 20 наурыз күні осы жоба бойынша СПИД-ке қарсы жұмыс істеп жатқан бейүкіметтік ұйымдардың өкілдері қандай істердің атқарылғандығы жөнінде есеп берді. Соңғы алынған мәліметтерге жүгінсек, Алматы қаласында ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар негізінен нашақорлар болса, Оңтүстік Қазақстан облысында осы аурудың жыныс қатынасы арқылы тарауы ұлғайғаны байқалған.

Мәдина есімді әйелдің ВИЧ инфекциясын жұқтырғанына биыл тоғыз жыл толыпты. Аурудың осы түріне шалдыққандығын алғаш естігенде ол қатты қайғырғанымен, уақыт өте келе тағдырдың басқа салғанына көнуіне тура келгенін айтады.

- Мен ұзақ жылдар бойы ине салу жолымен есірткіні пайдаландым. Міне, осы уақытта бір инені бірнеше адамдармен бірге қолданған, бір ыдыстан бірнеше адамдармен бірге тамақтанған кездеріміз де болды. Бұрын маған бұл ауру Африка немесе Америкада ғана ұшырасатын секілді көрінетін. Осы ауруға шалдыққан кезімде туған-туысқандарым сөздерімен демеу көрсетті. Алғашқы кезде шешем қатты уайымдағанымен, кейіннен “тағдырдың басқа жазғаны осы болса қайтесің, осындай жағдаймен де өмір сүріп жатқандар бар ғой, шыда қызым” дегенді айтты, - дейді Мәдина.

Ал, республикалық СПИД аурумен күресу орталығының маманы Рысалды Демеуованың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанға бөлінген қаржылық көмектің арқасында бұл індеттің қарқыны бәсеңдей бастапты. Алайда ол жастардың арасында бұл індеттің жайылып бара жатқандығын да тілге тиек етті.

Алматы қалалық СПИД орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменова соңғы уақытта қалада ВИЧ инфекциясының жыныстық қатынас жолдары арқылы жұқтыратындардың саны азайып, бұл індет нашақорлардың арасында күрт өскенін айтады. Маман оның себебін көбінісе нашақорлардың тексерілуге келуге қорқатындығымен түсіндірді. Ал, аймақтағы СПИД-ке қарсы күресу үшін құрылған “Бәйшешек” қоғамдық бірлестігінің қызметкері Ақмарал Жұмашеваның айтуынша, соңғы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жыныстық қатынас арқылы жұқтыратындардың саны көбейген. Әсіресе бұл ауруды жұқтырғандар Қазақстанға көршілес Өзбекстаннан келетін әйелдердің арасынан жиі кездесіпті.

ВИЧ инфекциясын жұқтырғанына тоғыз жыл болған Мәдина болса бұл аурудың санын азайту үшін жезөкшелер үйін ашу керек деп санайды.

- Ол жерде жезөкшелікпен айналысатындар арнайы медициналық тексеруден өтіп, бақылауда тұрар еді. Алматының Саин көшесімен кетіп бара жатқанда неше түрлі қымбат автомашинамен келетін жігіттерді көресің. Олардың СПИД-ке шалдықпайтындығына ешкім де кепілдік бере алмайды. Жезөкшелер үйі ашылса олардың қауіпсіздігі үшін сол мекеменің қожайыны жауап берер еді, - дейді Мәдина.

“Азаттық” тілшісімен сұхбатында Мәдина өзінің кезінде нашақорлыққа әуестенгенніне қазірде қатты өкінетіндігін, ал бұл ауруды өзінің күнәсі үшін Құдайдың жіберген жазасы деп түсінетіндігін айтты.
XS
SM
MD
LG