Accessibility links

Қазақстан мен Қытай арасында жаңа темір жол бағыты салынбақ


Биыл «Сарыөзек - Қорғас» темір жол бағыты салынады. Бұл туралы наурыздың 21 күні Астанада үкімет отырысында ҚР көлік және коммуникация министрі Асқар Мәмин хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстанның жағрапиялық орналасуын тиімді пайдалану үшін, Қытай мен Қазақстан шекарасында Қорғас темір жол стансасы да салынбақшы.

Қазақстанның Көлік және коммуникация министрі Асқар Мәмин айтып өткендей, Қытайдың Батысқа бағытталған жоспары бойынша қазір тұрғындары тығыз қоныстанған Батыс аудандарымен Шығыс аудандарын жалғастыратын көлік дәліздері жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан экономикасы тез өсіп келе жатқан Қытайдың өндірістік дамуы жоғары аудандардың транзиттік жүк ағымын тиімді пайдалану керек, дейді министр. Өйткені, Қытай, Еуропа және Тәуелсіз мемлекеттер достастығына экспортқа тауарлар жөнелтіп тұрады. Министрдің айтуынша, қазір Еуропамен Азия арасындағы тауарайналым 700 миллиард долларға жетті. Оның тең жартысы Қытаймен қарым-қатынастың үлемсіне тиеді, демек Қазақстанда Қытаймен байланыстыратын көлік дәліздерін дамыту керек. Осы орайда биыл бастау алатын жоба туралы министр А.Мәмин былай деп хабарлады:

- Темір жолда биыл бірнеше жоба бастаймыз. «Сарыөзек-Қорғас» жаңа жоба темір жолын саламыз. Оның ұзындығы 235 шақырым. Осы жобаларға жеке меншік инвесторлар бар.

Қазақстанда халықаралық жүк тасымалында темір жолдың үлесі 40-45 пайыз. Ал, транзит үлесі 4 пайыздан аспайды. Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда темір жолдар тығыздығы жоғары, ал Орталықта өте төмен, дейді сарапшылар. Оның үстіне қазір аймақтағы ең көп жүк алатын және өзге елдерге тасымалдайтын Қытай, Еуропамен Америкаға өз жүктерін негізінен теңіз жолдарымен жеткізеді. Темір жолдар ынтымақтастығы халықаралық ұйымы комитетінің төрағасы Тадеуш Шозданың айтуынша, осы уақытқа дейін Азиядан Еуропаға жеткізілетін жүктің едәуір бөлігі теңіз көлігімен жеткізіледі. Шамамен контейнерлердің тек 4 пайызы темір жолмен, қалған 96 пайызы теңіз көлігімен жеткізіледі, дейді ол.

Қазақстан үкіметі бекіткен көлік және коммуникация саласын дамыту жөніндегі бағдарлама бойынша алдағы бірнеше жылда бұл салаға 3 триллион 400 миллиард теңге салынады. Осылайша, Қазақстанның Еуропамен Азияның ортасында орналасуының тиімділігн пайдалану көзделген. Бұл Қазақстанның басқа елдермен жасалатын тауарайналымын едәуір ұлғайтады деп хабарланып отыр. Ені қазақстандық жолдардан сәл тарлау Еуропалық жолмен келген поездар Қазақстанда көп кідірмей укақытын үнемдейді, дейді Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінің қызметкері Төлен Қоңқақов:

- Мысалы, Еуропадан поезд келетін болса, ол жүктердің бәрін біз бір вагоннан екінші вагонға саламыз. Ол көп уақыт алады, көп уақытты жұмсаймыз.

Бірақ, Қазақстанда Еуропадағыдай поездың жылдамдығы сағатына 140 шақырымға жетпейді. Жергілікті поездардың қуаты жоғары, бірақ, темір жол тік емес ирек жатқандықтан жылдамдықты көтеру қауіпті, дейді мамандар. Өйткені Кеңес одағы кезіндегі саясаттың кесірінен темір жол көлігі әр стансаға тоқтауға тиіс болған, сондықтан жол ирелеңдеп кеткен, дейді мамандар. Осы жағдайды ретке келтіру үшін кейбір учаскелерде көлік қозғалысын тоқтату жоспарланған. Қазақстан премьер-министрі Даниял Ахметовтың айтуынша, қазақстандық темір жолдың инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға жеткізу керек. Өйткені, Қазақстандағы жүк қозғалысының орташа жылдамдығы әлемдік көрсеткіштерден едәуір төмен, дейді премьер.

Алдағы 3 жылда Қазақстан Қытаймен қосатын жаңа жол жобасын Әзірбайжан, Грузия, Түркиямен бірлесіп жүзеге асырамыз, дейді министр. Соның арқасында Еуропамен Азия арасындағы жол жүру уақыты 10-12 күнге дейін қысқарады. Бұл теңіз көлігімен тасымалдауға кететін уақыттан екі есе кем, дейді министр. Бүгінде, Еуразия құрлығының 13 халықаралық дәліздерінің бесеуі Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстанның көлік министрлігі таратқан ақпаратқа сай, Елдің көліктік дәліздері пайдалы қазбаларға бай аймақтар арқылы өтеді, демек, болашақта транзиттік бағыттардың жетілуі жалпы республика экономикасының дамуына үлкен үлесін қосады, дейді қазақстандық теміржолшылар. Қазір, Қазақстан темір жолдарының жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асады. Әлем бойынша ұзындығы жағынан Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы территориясында ол 4 орында.
XS
SM
MD
LG