Accessibility links

Ұйғыр қозғалысының белсендісі Юсуф Каридың тағдыры белгісіз қалып отыр


Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар Қытайдың Синцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданының тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген қозғалыс белсендісі Юсуф Каридың тағдырына алаңдап отыр. Оларға келіп жеткен, бірақ әлі ресми расталмаған кейбір мәліметтер бойынша, Юсуф Кари наурыздың 8-күні Қазақстанда ұсталған. Юсуф Каридың жақтастары Қазақстан үкіметі оны Қытай үкіметіне беруі мүмкін деп қорқып отыр. Ал Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар Қытайдың Синцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданының тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген қозғалыс белсендісі Юсуф Кари наурыздың 8-күні Қазақстанда ұсталған деген ақпарат барын айтып отыр. Бұл азаматқа Синцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданында және Қазақстанда экстремистік шараға қатысты деген күдікпен іздеу жарияланған. Бірақ, қазіргі кезде Юсуф Қари қайда екенін ешкім білмейді.

“Бар ақпаратты біз жергілікті ұйғыр қауымдастығы мүшелерінен алып отырмыз”, - дейді Қазақстандық адам құқықығын қорғау және заңдылықтың сақталуын бақылау жөніндегі бейүкіметтік ұйым өкілі Андрей Гришин.

Адам құқығы мәселесімен шұғылданып жүрген мамандар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінен (ҰҚК) Юсуф Каридың тағыдырына байланысты тұщымды жауап ала алмай отырғандарын айтады. Ал ҰҚК қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров гаурыздың 21-інде «Азаттық» радиосының сұрағына берген жауабында Юсуф Қари туралы бейхабар екендерін жеткізді.

Қазіргі таңда адам құқығын қорғаушылар Қазақстан үкіметі Юсуф Кариды жасырын түрде Қытай үкіметіне беріп жібермесе деген алаңдаушылық танытып отыр. Сол себептен олар бар ақпаратты халықаралық қауымдастыққа жеткізіп, бұл мәселеге Біріккен Ұлттар ұйымының назарын бұрғысы келеді. Сонымен қатар, маманның айтуынша, бұл оқиғаны “Халықаралық амнистия” ұйымы қадағалауына алып отыр екен.

- Егер Қазақстан Юсуф Кариды Қытай үкіметіне қайтарып жіберсе, онда Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындардың құқығын қорғау жөніндегі конвенция талаптарын бұзады, - дейді адам құқығын қорғау және заңдылықтың сақталауын бақылау жөніндегі қазақстандық бюро қызметкері Андрей Гришин.

Адам құқығын қорғаушылардың мәліметі бойынша, Юсуф Кари Қытайдағы Синцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданның тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген қозғалыстың белсендісі. 2000 жылы қозғалыс өкілдері қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін Юсуф Кари Қытайдан бас сауғалап кетуге мәжбүр болыпты. Әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде Қазақстанда жүріп, ұйғырлардың “Машраб” және “Ұйғыр азатлық тохтахласы” атты мәдени қауымдастығының құрылуына атсалысқан ол соңғы рет Қазақстанға бөтен атпен келген деген сөз бар. Қазіргі кезде оған Синцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданындағы және Қазақстандағы экстремистік шараларға қатысты деген кінә тағылып отыр дейді қазақстандық адам құқығын қорғаушылар.
XS
SM
MD
LG