Accessibility links

Қазақстандық мамандар «құс тұмауына» үкімет тарапынан назардың жеткізіліксіз екенін айтады


Жыл құстарының 300-ден астам түрлері ұшып Қазақстан арқылы жылда ұшып өтеді екен. Дүниежүзі «Құс тұмауы» қауіпін бастан кешіріп отырған заманда бұл мәселе ерекше көңіл бөлуді қажет етеді дейді қазақстандық ғалымдар. Наурыздың 21 күні қазақстандық вирусолог, зоолог ғалым-мамандар «Құс тұмауы» кеселінің елде таралуына жыл құстарының әсер ету мүмкіндігі өте жоғары екендігін айта келіп, оған үкімет осы күндері жеткілікті дәрежеде қаржы бөлмей отырғанын сынға алды.

Осы күндері Қазақстанда 500-ден астам құстардың түрлері кездессе, олардың 300-ден астамы жыл құстары қатарына жатады екен.

«Қазақстан өзінің географиялық орналасу жағынан Евразияда ерекше орында. Бұл жерде жыл құстарының Африка мен Малайзиядағы қыстауларына не жазғы қоныстарына ұшқандағы құс жолдары тоғысады. Қазақстанда сақиналаған құстар әлемнің 46 елінде байқалған. Олар - батыс Европа мен Африка, Қытай және Үнді мұхит елдері. Сондықтан, жылда милиондаған құстар екі рет ұшып өтетін Қазақстан құстар миграциясында ерекше орын алады», - дейді Қазақстандық Зоология институтының құстарды сақиналау орталығының маманы Андрей Гаврилов.

Ғалымның пікірнше, осы жағдайды ескеріп, «құс тұмауы» қаупі Қазақстан үшін ерекше мәнге ие болуы керек.

«Құстар тек «құс тұмауын» ғана таратпайды, олардан кезінде 60-тай әртүрлі аурулардың арбовирустары табылған. Олар – орнитоз, Омбы безгегі, Ку безгегі, туляремия, оба, т.б. аурулар», - дейді маман.

Вирусология институтының академигі Марат Саятов Қазақстанда «құс тұмауы» вирустарын зерттеу ісі 1978 жылдары жүргізіле бастағанын айтады.

«Ол кезде Одақтағы Министрлер Кеңесінің тапсырмасымен Микробиология және вирусология институттары бірігіп «Қазақстандағы жыл құстарының тұмау таратудағы ролі» деген үлкен жұмыс жүргізілген болатын. Мамандар сол кезде-ақ, «құс тұмауының» Н5N1 вируысын білетін, бірақ ол адамға жұқпайды деп есептелінген», - дейді Марат Саятов.

Мамандар өз қауіптерін қорыта келіп, Қазақстан «құс тұмауына» өте осал, бірақ Алматы ол кеселден аулақ болады дейді.

«Құстардың ұшу жолдары бөлек. Алматыға келмейді олар - Орталық Қазақстан, одан әрі Сібірге, Россияның жерлеріне кетеді. Батыс Қазақстандағы Каспий жағалауынан ұшатын құстардың Қазақстанмен жолдары түйіспейді», - дейді Алматыдағы Микробиология институтының аға ғылыми қызметкері Айдын Қыдыралиев.

Сондай-ақ, қауіптің осындай екеніне қарамастан үкімет осы шараға жеткілікті дәрежеде қаржы бөлмей отыр дейді ғалымдар.

«Қаржы бөлінеді, бірақ қаржы тек мына штаттың жалақыларын жетер-жетпес беріп, солай ұстап тұрғанға ғана бөлінеді. Ал, былай кең көлемді жоспар құрып, жобалар жасап, ауқымды жұмыстар жүргізу үшін бұл қаржы жеткіліксіз. Өйткені, Алматыдан Атырау, Ақтауға барып бүкіл экспедицияны ұйымдастыру үшін жаңағы қаржы өте болымсыз, сондықтан, оны-мұннан тартып, толыққанды емес жұмыстарды ғана жүргізуге болады. Мысалы, біз биыл 9-10 миллиондай теңге қаржы сұрағанбыз, ал бізге бергені соның жартысы ғана - 5 миллион теңге. Ал оның бірталай бөлігі коммуналдық шығындарға кетіп қалады, жалақыға 50 проценттейі кетеді, сонда, мысалы, бізге іссапарларға 200 мың теңге ғана қалады.Ол екі адамның аймақтарға бір-екі жерге шыққанына ғана жетеді», - дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG