Accessibility links

Францияда студенттер наразылғы жалғасуда


Өткен күндерде бірнеше жүздеген мың Француз студенттері көшелерге шерулерге шықты. Олар ел өкіметінің жаңа еңбек заңына наразылық білдірісуде. Наурыздың 20-сы күні елдегі ірі кәсіподақ ұйымы жалпы ұлттық бір күндік шеруге қосылу жөнінде шешім қабылдады. Бұл оқиғалар өкімет басшысы де Вилпеннің беделіне тікелей әсер етері сөзсіз.

Париж көшелеріндегі шерулер бір жағынан 1968-ші жылғы студенттердің өкіметке қарсы көтерілісін еске түсіреді. Ол жолы жастар төңкеріске шақырса, бұл жолы жастар жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылып қалмауды ойлауда. Біз “Алғашқы еңбек келісімшарты” деген заңның жойылуын қалаймыз!” деп жастар ұрандатуда.

Өкімет басшысы Доминике де Вилпеннің ұсынып отырған еңбек заңы бойынша 26-дан төмен жастағы азаматтарды еңбек жағынан қорғау азая түспекші. Өкіметтің түсіндіруінше, мұндай өзгерістер қатаң еңбек базарындағы жағдайды мейлінше икемді ету үшін қажет. Сондай-ақ, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін де осындай шаралар қажет-міс.

Франция Толаус университетінің экономист профессоры Гилес Сайнт-Полдың айтуынша, “Францияда фирмалар жастарды және көптен бері жұмыссыз боп жүргендерді қызметке қабылдауға құлық таныта қоймайды. Себебі, негізінен еңбек заңы бойынша азаматтардың өз жұмысы болуы тиіс. Өз жұмыскеріңді жайдан-жай қызметінен қуу да оңай емес. Жұмыс орынынан кетіру үшін ол адамның не жұмыс орыны компания үшін тиімсіз деп табылуы тиіс немесе сол қызметкердің жеке өзі жұмысқа лайық емес, деп есептелуі керек, дейді Сайнт-Пол мырза.

Сандаған жылдардан бері Франциядағы жұмыссыздық 10 пайыз, ал жастар арасындағы бұл құбылыс 20 пайыз деңгейінде сақталып келеді. Жаңа заң бойынша, еңбек базарына келген жас азамат әуелгі екі жылында “Алғашқы еңбек келісім шарты” деген қағида бойынша еңбек ететін болады. Бұл заң әлгі компаниялардың жас жұмыскерді, ешқандай себеп-салдарын түсіндірусіз-ақ, жұмыстан оп-оңай шығарып жіберуіне мүмкіндік береді. Екі жылдан кейін ғана ол жас буын өкілі жалпыға бірдей еңбекпен қолдау мүмкіндігіне ие болмақшы. Компаниялар үшін жұмыскерді қызметке қабылдау мен оны шығарып жіберу ісінде қолайлылық болмайынша, Францияның еңбек базары осы күйінде қала береді және жұмыссыздық көрсеткіші қазіргі қалпында сақтала бермекші, дейді Де Вилепин мырза.

Бұл мәселенің шешімін Франция жағдайында таба қою оңай емес, дейді сарапшылар. Өткен жылы дауыс берушілер Еуропа одағы Ата заңы жобасын қабылдамай қойды. Ондағылары, еңбекпен қамту жаңа заңына орай, Шығыс Еуропадан арзан жұмысшы күші ағылып келіп, еңбек базарын басып қалады, деп қорқысты. Экономистердің айтуынша Францияда болып жатқан бұл жағдай соңғы 20 жыл ішінде әлемде болып жатқан өзгерістердің тікелей әсері болып отыр. Технология үдерісі терең білімді қажет етпейтін көптеген қызметтерді еркін атқара беретін болды. Ғаламдандыру әсерінен шеттен талай жұмысшы күші келуде.

Нәтижесінде жоғары білімді жұмыскерлердің еңбекке қажеттілігі мен ондай білімі төмендер арасындағы алшақтық кеңейе түсті. Бұл соңғылары қоғамның төменгі буынына келіп қосылуда. Мұндай проблеманы қалай шешуге болады, деген сауал көптеген, экономикасы қарқынды дамыған елдерде пайда болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, 2007-ші жылы болатын елбасылық сайлаулар тұсында осы мәселелерге айрықша назар аударылуы тиіс.

Ал, әзірге Франция кәсіподақтары бір аптаға созылатын үнсіз шерулерге жастарды қолдап қосылу жөнінде ұран көтеруде.
XS
SM
MD
LG