Accessibility links

Тәжікстанда 17 Ауғанстан азаматы түрмеге жабылды


Дүйсенбі күні Тәжік соты 10 жыл бойы заңсыз қару-жарақ сатқан және Тәжікстанның бірнеше полиция қызметкерін өлтірген 17 ауғандықты түрмеге жапты. Оларға, сондай-ақ, есірткі тасымалымен айналысты деген айыптар тағылып отыр. Есірткі мәселесі Тәжік-Ауған шекарасында қалыптасып отырған күрделі проблемалардың бірі екендігі белгілі.

Тәжік-Ауған шекарасында контрабандашылар мен шекара сақшыларының арасында қақтығыс әр апта сайын болып тұрады. Ал көктем мен жазда мұндай қақтығыстар күнделікті оқиғаға айналады екен. Тәжікстанның есірткімен күрес агенттігінің өкілі Бобожон Шафенің айтуынша, бейсенбі күні орын алған қақтығыс Тәжік шекарашыларына табыспен аяқталыпты.

“Тәжік-Ауған шекарасындағы Фархор аймағында Тәжік шекарашылары мен контрабандашылардың арасында атыс болды. Оның салдарынан 83 килограмм есірткі тәркіленіп, топтың бір мүшесі, яғни Ауғанстан азаматы қамауға алынды. Ал қалғандары Ауғанстанға қарай қашып кетті. Сонымен қатар біз қару-жарақ пен оқ дәрілерді тәркіледік”, - деді Шафе.

Осындай қақтығыстардың бірінде ұсталған 17 Ауғанстан азаматы дүйсенбі күні түрмеге жабылды. Хатлон аймағындағы сот төрағасының орынбасары Жамолхон Саидов аталған ауғандықтардың жасаған қылмыстарын былай түсіндірді:

“Бұл адамдар есірткі және қару-жарақ саудасымен айналысу үшін 1996-шы жылы Тәжікстанға заңсыз келген. Кейін олар Тәжікстан азаматтарын кепілдікке алып, Ауғанстанға қашып кеткен. Оларға, сондай-ақ, Тәжік полиция қызметкерлерін өлтірді деген айыптар тағылды”.

Осы қылмыстары үшін олар 2,5 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылып отыр.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тәжікстан үкіметінің есірткі саудасымен күрес мақсатындағы әрекеттеріне оң баға берді. Ал Америка Құрама Штаттары Тәжік-Ауған шекарасындағы қауіпсіздік мәселесін жақсарту мақсатында қосымша қаржы бөлеміз деп отыр.

Ауған-Тәжік шекарасы таулы болғандықтан оны күзету өте қиын. Есірткі мәселесі бойынша халықаралық және жергілікті агенттіктердің деректеріне қарағанда, заңсыз түрде тасымалданатын есірткінің тек 5-10 проценті ғана қолға түседі екен. Тәжікстан мен Ауғанстан өте кедей елдер болғандықтан жергілікті халықтың көбі шекарадан өтіп, тауарларды заңсыз түрде сатып күн көреді. Сондай-ақ бұл аймақта қару-жарақ көп, өйткені Тәжікстанда 1992-ші жылдан 1997-ші жылға дейін азаматтық соғыс болған, ал Ауғанстанда қаншама жылдар бойы қақтығыстар орын алып жатыр.

Сонымен қатар Ауғанстанда көкнәр мәселесі үлкен проблемалардың бірі. Есірткі саудасымен айналысатындар курьерлерді жалдап, апиынды Тәжікстан арқылы Ресейге де жеткізіп тұрады, ал курьерлердің туыстарын кепілдікке алады. Жалпы бұл проблема ешқашан жойылмайтын көрінеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG