Accessibility links

Қазақстан парламенті сенатының спикері Нұртай Әбіқаев отставкаға кетпейтіндігін жеткізді


Қазақстан парламенті сенатының спикері Нұртай Әбіқаев отставкаға кету үшін өтініш жазбайды. Бұл туралы ол Астанада 23 наурызда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрағына жауап берген кезінде айтты. Ал, оппозиция өкілдері оның қызметтен кетуін талап етіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, оппозициялық бағыттағы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуінен кейін бұл талапты алдымен оппозиция өкілдері, кейін мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева қойған болатын. Сенат спикері бұл мәлімдемелерді өзінің қалайша бағалайтындығын жеткізді.

«Ар-ұятқа шақыруды түсінемін, бұл орынды. Мүмкін бұл эмоциядан болған деп түсінемін. Өйткені мен Өтембаевті кәсіптілігі, білімі үшін бағалағам. Ал, жеке, отбасылық қарым-қатынасымыз ешқашан болған емес. Ол нағыз кәсіби жұмыскер болатын. Ал, мұндай оқиға болатыны қисынға келмейді, мен үшін де. Сондықтан, менің ойымша, бұл мәселені бүгін талқылау артық», - деді Нұртай Әбіқаев.

Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев өткен айдан Алматыда кісі қолынан қаза болған оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысы бар деп күдіктеліп, қамауда отыр. Бұл оқиғадан соң баспасөзде Сенат жетекшісі Нұртай Әбіқаевтың «мен үшін бұл күтпеген жағдай болды» деген мәлімдемесі тараған болатын. Осы мәлімдемеден кейін оппозиция өкілдері лауазымы бойынша елде президенттен кейінгі екінші тұлға саналатын Н.Әбіқаев тергеуге әсер етуі мүмкін, сондықтан ол қызметтен кетуі тиіс деген талап қойды. Өйткені, Ержан Өтембаев сенатқа Әбіқаевпен бірге келген, дейді олар.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Астанадағы бөлімінің бастығы Серікбай Әлібаевтың пікірі осыған ұқсас:

«Әсер етуі мүмкін. Бірақ, қазір ол жан-жақты бақылауға алынды. Алайда, Өтембаевтің өзі қандай жағдайда екенін біз білмейміз. Ашық процесс өтіп жатқан жоқ. Ал, Әбіқаевтың Өтембаев туралы мен бір жағын білем, бір жағын білмеймін дегені азаматтыққа жатпайды, дұрыс емес».

Оппозиция өкілдерінің айтуынша Сәрсенбайұлы президент Назарбаев туралы көп мәлімет білген. Батыс елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары Сәрсенбайұлының президенттің қызы Дариға Назарбаеваға қатысты сыни пікірлері көп болатын деп жазды. Ал, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвей жуырда АҚШ-тың федералды тергеу бюросының қызметкерлері қазақстандық оппозиция өкілі Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне қатысты істі тергеуге қайта келуі ықтимал деді. Елшінің айтуынша құқық қорғау органдарының адамдарды қорғаудың орнына қылмысқа қатысуы өкінішті.

«Бірақ, осы қазадан кейін, Қазақстандағы саяси тұрақтылыққа қауіп жоқ. Алайда алаңдаушылық бар», - деді Джон Ордвей.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Астанадағы бөлімінің бастығы Серікбай Әлібаев қазір қоғамда билікке деген сенім азайғанын, себебі, бұл қылмысқа басқа да тұлғалардың қатысы болуы мүмкін деген жорамалдардың айтылып жүргенін айтады.

«Мен өз басым Әбіқаевтың қазір отставкаға кетуін тілемеймін, көп нәрсе әлі дәлелденген жоқ. Әбіқаевтан басқа осы іске қатысты кісілер бар деп есептеймін. Мен оппозицияның, біздің әріптестердің айтып жатқан, сол кезде Рахат Әлиевтың қайда болғанын және тергеушілердің алдынан, өтіп сұраққа жауап бергенін тілеймін. Ол жағына мен қосылам», - дейді С.Әлібаев.

Қазақстанның Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжанов хабарлағандай, Сәрсенбайұлының және оның жүргізушісі мен оққағарының өліміне күдікті ретінде «Арыстан» арнайы қызметінің сарбаздары ұсталған. «Караван» газетінің хабарлауынша олар өлтірілген адамдардың ұялы телефондарымен сөйлесеміз деп ұсталып қалған. Алайда, Қазақстандық оппозиция күштері бұл саяси қастандыққа тапсырыс берген тұлғалардың әлі де тасада қалып отырғанын айтып, биліктен оларды тауып, жазаға тартуды талап етіп отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG