Accessibility links

Ауғанстан: Христиан дінін қабылдаған ауғандық абақтыдан шығысымен шетелдерден саяси баспана сұрады


Бүгін адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар исламнан бас тартып, христиан дінін қабылдағаны үшін өзіне өлім жазасына кесілу қаупі төнген ауған азаматының абақтыдан шығарылуын ықыласпен қабылдады. Алайда, АҚШ-та тіркелген “Хьюман райтс уотч” ұйымының мәлімдеуінше, ауған сотының Абдул Рахманды бостандыққа шығару туралы шешім қабылдауына қарамастан, исламнан өзге дінге өткен азаматтарына өлім жазасы төніп тұрған Ауғанстан өз халқын өзге дінді құрметтеуге ынталандыра алмайды.

“Хьюман райтс уотч” ұйымының Азиядағы директоры Брэд Адамс 10 мыңнан да асатын ауған азаматының исламнан безіп, христиан дінін қабылдап, осы күні Ауғанстанда күн көріп жүр деп ойлайтынын айтады. Оның пікірінше, христиан дінін жаңа қабылдаған Абдул Рахманға таяуда “діни сатқындық істеді” немесе “діннен безді” деген айыптың тағылуынан кейін олардың біразы елден қоныс аударып, қалған мыңдағаны өлім жазасына кесілуден қорқып, өзінің діни сенім-нанымын ашық көрсетуден қаймығып отыр.

“Ауғанстанда мыңдаған христиан бар деген хабар бар. Олардың барлығы дінін өзгерткені үшін өлім жазасына кесілуден қорқады және өздерінің діни көзқарасын жасырады. Мұның Совет Одағында болған құбылыстан немесе Қытайдың кейбір бөлігі мен Солтүстік Кореяның қазіргі жағдайынан еш айырмашылығы жоқ. Ауғанстан үкіметінің: жақсы, біз бұл жағдайды шештік, енді алға қарай аяңдайық деп, тоқмейілситіндей онша жақсы жайт емес. Ауғанстанда діни төзімсіздік проблемасының барлығы анық. Әркімның көңілі қалаған дінді қабылдауына және ұстануына толық құқының болуынан маңызды ештеңе жоқ. Жұрт бір дінді ұстанып туды да, өзге дінге өтуге құқы жоқ деген дұрыс емес”, - деді Б.АДАМС.

Брэд Адамстың айтуынша, Абдул Рахманның барлық ауған халқының діни бостандығын қорғайтын заң бойынша емес, оның “есі ауысқан” деген уәжбен бостандыққа шығарылғанына наразы болғандарға өзі мен өзге адам құқын қорғаушылар да қосылады.

Ауғанстанның Әділет министрі Сарвар Дәніштің айтуынша, Абдул Рахман – “исламнан безді” немесе “діни сатқындық істеді” деген айыптан ақталып, ендігі жерде ол өлім жазасына кесілмейді. Сонымен бірге С.Дәніш А.Рахманды босатуға қандай заңдық негіз болғанына тоқталып жатпады. Одан бұрын Әділет министрі сот алдында Абдул Рахманның “есі-басы дұрыс па?” деген мәселе туғанын айтқан болатын. Өзін бостандыққа шығарардан бұрын А.Рахман Ауғанстанның психиатриялық емханасында ақыл-есінің дұрыстығын тексеруден өтті.

БҰҰ-ының Ауғанстандағы көмек миссиясының өкілі Адриан Эдвардс Абдул Рахманның діни еркіндігін құрметтеуді талап еткен Батыс елдерінің бірі оған “саяси баспана” береді-ау деп күтетінін айтады.

“Баспананы Абдул Рахман мырза Ауғанстаннан өзге елден сұрады. Біз оның мәселесін бейбіт жолмен шешілуін қарастырған елдердің бірі оған баспана береді деп күтеміз”, - деді А.ЭДВАРДС.

Америка Құрама Штаттары Абдул Рахманның жеке басының амандығын ойластырған әрекетін құптайтынын мәлімдеді. Италияның сыртқы істер министрлігі италян үкіметінің А.Рахманға “саяси баспана” беру мәселесін сәрсенбі күні талқылайтынын хабарлады. Алайда Кабулдағы Батыс дипломаттарының бірі бұл оқиғаның ерекшелігі Батыс үкіметтерін А.Рахманның баспана сұраған өтінішін мұқият қарауға мәжбүрлейтінін айтып отыр. Өйткені, Ауғанстанда А.Рахманның бостандыққа шығарылуына қоғамның наразылығы өршіп тұр. Дипломаттардың ескертуінше, оның баспана туралы өтінішін қанағаттандырған кез-келген ел наразылық шерулерінің “нысанына” айналуы әбден мүмкін.

Бүгін БҰҰ да өзінің Ауғанстандағы өкілдігіне Абдул Рахман қорған сұрап келіпті деген хабарды растаудан бас тартты. А.Рахманның наразылық шеруіне шыққан халықтың жазасына тап болуы мүмкіндігіне алаңдаған Ауғанстан соты мен жазалау мекемелерінің басшы өкілдері де оның қайда жүргенін хабарламады. Дүйсенбі күні Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында А.Рахманның шариғат заңы бойынша жазаға тартылғанын талап еткен жүздеген халық:

“Діннен безген Абдул Рахманға өлім! Исламнан безгендер өлім жазасына кесілсін! Әділ сот! Әділ сот!”, - деген үндеулермен наразылық шеруіне шықты.

Ауғанстан үкіметі бүгін А.Рахманның бостандыққа жіберілгені туралы хабар шыққан соң наразылық толқыны одан бетер көтерілер деп әзірленген болатын. Ал Ауғанстанның сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла осы оқиға Талибан билігінен кейін ремормалар жолына түскен ел ретінде көрінгісі келген Ауғанстанның бейнесіне кір келтірмейді ғой деп үміттенетінін айтты. Ауған халқының исламнан өзге дінге өткендерді жазалауына халықаралық қоғамның наразы болуына Ауғанстанның діни консерваторлары қарсылық білдірді. Олардың пікірлерінше, Батыс елдері Ауғанстанның ішкі істеріне килігіп, ислам заңы – шариғатты бұрмалайды. Алайда Ауғанстан Конституциясының бір бөлігі ғана шариғатты негізге алады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG