Accessibility links

Қазақстанда заңсыз жолмен жарылғыш заттарын сатушылар көбейіп барады


Алматы қалалық қылмыстық іс жөніндегі коллегиясының шешімімен заңсыз қару-жарақ пен есірткі сатқаны үшін Тәжікстанның бір азаматы және Ресейдің екі азаматы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы 27-наурызда ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ресми түрде мәлімдеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жауапқа тартылған азаматтар тұрған Алматыдағы пәтерден түрлі жарылғыш заттар, 500 грам героин мен діни мағынадағы әдебиеттер табылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің ресми өкілі «Азаттық» тілшісіне, әлгі сотталған азаматтардың біреуінің кезінде Шешенстанда Ресей Федералдық күштеріне қарсы күрескен азаматтардың бірі болғандығын хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, Алматы қалалық соты жарылғыш заттар мен есірткіні заңсыз тасып, сақтаған деп жауапқа тартқандардың бірі - Китляев деген азамат Шешенстандағы соғысқа қатысқан екен. Тергеу жұмыстарын жүргізу барысында оның Шешенстанда Арби Бараев бастаған әскери топтың басшысы болғаны анықталған. 28-наурызда ҰҚК Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметінің хатшысы Болатбек Төлетаев “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде, тергеу жұмысының, пәтерлерінен 2 дана «РГД-5» гранатасы, 2 тротил табақшасы, 500 грамм есірткі және діни әдебиеттер мен аудио, бейне таспалар тәркілеген азаматтардың террорлық акт жасауға қаншалықты ниеті болғандығын анықтай алмағандығын хабарлады.

Соңғы жылдары түрлі террористік топтардың құрамында болған содырлардың көп жағдайда Қазақстан мемлекетін паналайтындығы жиі сөз бола бастады. Мәселен, 2005 жылы Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы Кеңесінің терроризмге қарсы күреске байланысты мәжілісі өтіп жатқанда, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов өз еліндегі парламентінде сөз сөйлеп, сол уақыттары Ташкенттегі орын алған жарылыстарға Қазақстан азаматтығы бар содырлардың қатыстылығын бар екендігін айтып, “терроризмге қарсы күрескісі келмей отыр” деп, Қазақстанның ресми билігін айыптаған еді. Өзбекстан басшысының мұндай мағынадағы мәлімдемесі Қазақстан қоғамында түрлі пікір де туғызды. Алайда, Орта Азия елдеріндегі геосаяси ахуалмен айналысып жүрген саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанға терроризм қаупінің төніп тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды деп санайды.

“Азаттық” радиосына берген сұхбатында саясаттанушы Д.Сәтпаев соңғы уақыттары Қазақстан территориясының аумағында түрлі террористік немесе экстремистік топтар мүшелерінің ұсталуының тым жиілеп кеткендігін айтып, бұл ахуалдың Қазақстанның қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп тұрғандығын сөз қылды. Ресми бұқаралық құралдары таратқан ақпаратқа сүйенсек, таяуда Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері Ақмола облысында жарылғыш заттарын сатуға қатысы болуы мүмкін күдіктіні қолға түсіріпті.

Осы мәселеге байланысты 28 наурыз күні “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласындағы ресми өкілі Мұхтар Анарбеков Ақмола облысында жарылғыш заттарын сатуға қатысы болуы мүмкін күдікті азаматтың ұсталғандығына орай, аймақта шұғыл шаралардың қолға алынғандығынан хабардар етті.

Ал, ҰҚК Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметінің хатшысы Болатбек Төлетаевтың айтуынша, жарылғыш заттар мен есірткіні заңсыз тасып, сақтаған деп танылып, жауапқа тартылған Китляев деген азаматтың Шешенстандағы соғыста Арби Бараев бастаған әскери топтың басшысы болғанына қарамастан, Ресей Федерациясы тарапынан оған іздеу салынбапты.
XS
SM
MD
LG