Accessibility links

2006 жылы наурыздың 29-ында күн тұтылады


Сирек кездесетін бұл табиғат құбылысын алдымен, Бразилияның шығыс аймағындағы жұрт тамашалайтын болады. Сондай-ақ, бұл жағдайға Түркия, Грузия, Қазақстан және Ресейліктер де куә бола алады.

Жалпы, ай күн мен жер планетасы арасына дәл келгенде күн тұтылады. Бұл кезде күн бірнеше минөт сөнеді, яғни қараңғы көлеңкенің артқы жағында қалады. Міне сол қызықты құбылысты наурыздың 29-ы күні, сәрсенбіде, әрине, ауа-райы қолайлы, яғни аспан ашық болса, тамашалаудың сәті түсіп тұр. Бұл жөнінде Солтүстік Ирландиядағы зерттеуші астроном Апостолос Христау былай дейді:

«Күн тұтылған кезде оны айнала тұрған жарықтау шеңберді байқайсыз. Мұны күн тәжі дейді. Күн тұтылған кезде қараңғылық түсіп, аспандағы кейбір жарық жұлдыздар мен планеталарды көруге болады», - дейді зерттеуші.

Жер жүзі елдерінде шамамен екі жылда бір рет күн тұтылуын байқауға болады. Сондықтан бұл ерекше құбылысты іздеп жүріп тамашалайтын ынтық саяхатшылар да аз емес екен. Мысалы, швейцариялық лимузин көлігін жүргізуші Оливер Стейджер бұл күндері Мысырға барып, өз өмір тәжрибесінде оныншы рет күн тұтылуын тамашаламақ. Саяхатыша өз өміріндегі осы кезге дейінгі тоғыз көріністің әрқайсысы ерекше тартымды болғанын айтып, әсіресе, алғаш рет, 1994-жылы көргені мәңгі есте қалды дейді.

«Мен Бразилияда күн тұтылғанда Игуаку сарқырама суының керемет көрінісіне куә болдым. Сөз жетпейді! Мен тізерлей отырып, «Құдайым-ау, бұл неткен әдемі көрініс!» деумен болдым. Сол кезден бастап өзге жерлерге де барып оны тамашалай бастадым», - дейді О.Стейджер.

Міне, биыл да Ливия, Мысыр, Түркия және Грекиядағы Кастеллоризо аралында тұратындар немесе ол араға саяхат шегетіндердің жолы болайын деп тұр. Біріккен Королдықтағы Ашық университеттің оқытушысы Ендрю Нортонның айтуынша, күн тұтылуын зерттеудің ғылыми мәні де аз емес. Бұл құбылыстың жер қабатына әсерін зерттеу аса маңызды шара дейді астроном.

Сондай-ақ бұл жолғы күн тұтылысы, жарым-жартылай болса да, Африка, Еуропа, Орталық Азия елдерінде де байқалмақ. Дегенмен, сәрсенбідегі күн тұтылысын тамашалайтындарға зерттеуші Христау төмендегі ескертуін де айтады.

«Күн тұтылуын жақсылап байқағыңыз келсе міндетті түрде арнаулы фильтрді пайдаланыңыз! Олай болмағанда, бірер сәтке көзіңіз көрмей қалуы да мүмкін», - дейді астроном-ғалым.

Христаудың айтуынша, күн түгелдей тұтылып, қара түнекке енген кезде қараған жөн. Жалпы күннің тұтылуы бір минуттан төрт минутқа дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан, көзіңіз зардап шекпесін десеңіз, аса мұқият болғаныңыз жөн, дейді Солтүстік Ирландиялық зерттеуші.
XS
SM
MD
LG