Accessibility links

Ираққа тыңшылық мәліметтер беріп отырды деген айыптауларға байланысты Вашингтон мен Мәскеу арасындағы жанжал


АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Америка Ресейден Саддам Хуссейінге ақпараттар беріп отырғаны турасында түсінік талап ететін болады деп атап көрсетті. Пентагонның жақында жарық көрген баяндамасында Ресей АҚШ-тың 2003 жылғы Ираққа соғыс басталар қарсаңдағы жоспары туралы Саддам үкіметіне барлық мәліметтерді беріп отырыпты деп айыптаған болатын. Дегенмен де американдық бірқатар сарапшылар бұл айыптауларға соншалықты мән бермей отырса, Ресейде баяндамада айтылған жайттар әжептәуір қозғалыс туғызып, екіжақты қарым-қатынасқа өзіндік әсер етуде.

АҚШ қорғаныс министрлігінің сөз болып отырған баяндамасында Ресей ол деректерді АҚШ-тың Қатардағы жоғары шенді әскери басшыларынан алды делінген. Сөйтіп, ол ақпараттар Ресейдің Бағдадтағы елшісі арқылы Ирақтың сол кездегі сыртқы істер министрлігіне берілген деп айтылған болатын.

Осыдан кейін жексенбі күні АҚШ теледидары арқылы сөйлген сөзінде Кондолиза Райс Пентагон тапқан бұл мәліметтер турасында өз алаңдаушылығын білдірді.

- Біз міндетті түрде мұны Ресей үкіметімен көтереміз. Мен бірнеше рет мұның күрделі мәселе екендігін айтқам, бірақ әзірге алдыға түсіп ешнәрсе айтқым келмейді. Біз екіжақты қарым-қатынастарымызда қиын мәселелер жағдайында әрдайымда әңгімелесіп отыруымыз керек, бұл да сондай ашық, адал түрде талқылайтын мәселе, - деп атап көрсеткен.

Бұған қоса АҚШ мемлекеттік хатшысы егер баяндамада айтылған жайттар шындық болса, онда ол өте қатты алаңдаушылық туғызады дегенді де қосып айтты. Десек те, АҚШ бақылаушылары Ресей барлаушылары Ирақ үкіметінде өзіндік стратегиялық барлаулар жүргізген болуы әбден мүмкін деген ой айтады. Вашингтон университетінің саяси және халықаралық ғылымдар профессоры Джеймс Голджейер Ресей Ираққа әскери және қаржылық бағытта да көмектесіп отырды, ал соғыс алдында Саддам Хуссейін үкіметінің Мәскеуге қарызы бастан асатын дейді. Осылайша талдаушы Пентагонның сөз болып отырған баяндамасының саяси ықпалы бәлендей бола қоймайды деген пікірін білдіреді.

- Егер бұл жағдайда Ресей Ираққа көмектескен болса, онда АҚШ бұған өте қатты назар аударуы керек. Менің ойымша, бұған жауап соншалықты драмалық бола қоймас. Бұл жерде Ресей барлау қызметінің қимыл-әрекеттері зерттелсе керек, бірақ та АҚШ жағы Ресей үкіметін тікелей айыптаған жоқ, - дейді талдаушы.

Бұл ретте Ресейдің сыртқы барлау қызметі АҚШ тарабының айыптауларында ешқандай негіз жоқ деп, оған түсініктеме беруден бас тартты. Атап айтқанда сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вашингтон бұл баяндаманы қазір жариялау арқылы белгісіз бір саяси жайтты көздеп отыр десе, қорғаныс министрі Сергей Иванов бұл айыптауларды ақылға сыймайтын жайт деп атап көрсетті.

Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Дмитрий Тренин бұл оқиға Ресейдің алдағы шілде айында үлкен сегіздік тобының алғашқы саммитін өткізуіне бірнеше ай ғана қалғанда орын алып отыр дейді.

- Мен Ираққа операция басталған соң үш жыл өткеннен кейін АҚШ-тың мұндай деректерді жариялап отырғанына байланысты Мәскеудің тарабынан бұл Ресейдің үлкен сегіздікке төрағалық ететін жылында әдейі жасалып отырған деп қабылдағанынан басқа түсініктеме күтпеймін, енді Ресей мен АҚШ қарым-қатынастары біраз салқындайды деп ойлаймын.

Ирақ соғысы басталған шақта Буштың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі болған Кондолиза Райс Пентагонның баяндамасы жайында түк білмегендігін айтқан. Сенаттағы республикандық Пэт Робертс егер Ресей мұндай тыңшылық атқарған болса, оған өзінің таң қалмайтындығын айтқан. Ал демократ сенатор Тед Кеннеди болса Буш әкімшілігі өзінің Ресеймен байланыстарын қайта қарауы керек және бұл айыптаулар расталатын болса, онда биыл жазда болатын Үлкен сегіздік саммитіне Америка бойкот жариялауы қажет деп атап көрсеткен.

Анығында АҚШ президенті Дж.Буш пен Ресей президенті В.Путиннің қарым-қатынастары шынайылыққа құрылған, десек те Вашингтон Мәскеудің сыртқы саясатына кейінгі кездері өзінің наразылық үнін аңғартып қалуда.

Атап айтқанда, Мәскеудің Палестинаның Хамас тобына қарым-қатынасы мен Иранның ядролық бағдарламасы турасында ынтымақтасуы АҚШ-ты алаңдатып отырғаны айқын. Бұл айтылғандарға қоса, АҚШ мемлекеттік департаменті өзінің адам хұқтары жөніндегі жылдық баяндамасында Ресейді демократия жолынан тая бастады деп атап көрсетті. АҚШ өзінің "Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында" Ресейдегі демократия мен оның Азия мен Таяу шығыстағы саясатын сынайды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG