Accessibility links

АҚШ-та иммигранттардың елге келуін реттейтін заң жобасына қатысты наразылық шерулері өтуде


Жыл сайын Америка Құрама Штаттарына бірнеше ондаған мың жұмыс іздеген адам заңсыз түрде еніп жатады. Мұндай иммигранттардың елде заңсыз түрде тұруын қылмыс ретінде бағалайтын заң жобасын депутаттар қарастыратын тұста оған қарсы халық ірі қалаларда наразылық шерулерін өткізуде.

Америка Құрама Штаттары заңгерлері елдегі заңсыз иммигранттар жайына байланысты екі түрлі заң жобасын талқыламақшы. Олардың біріншісі бойынша, елде заңсыз түрде иммигранттардың тұруы қылмыс дәрежесінде қарастырылатын болады. Осыған орай жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің мәртебесін анықтауы талап етілмекші. Ол жоба сондай-ақ АҚШ пен Мексика арасында бөгесін-қабырға құрылысын жүргізуді ұсынып отыр. Мұндай шараларды жақтап, Өкілдер палатасының бірнеше мүшесі дауыс беруде.

Екінші жоба біраз жұмсақ. Бұл нұсқа бойынша да Құрама Штаттарының шекарасын қатаңдандыру және жұмыс берушіден өз жұмыскерлерінің мәртебесін анықтауы талап етілетін болады. Дей тұрғанмен, бұл бағдарлама бойынша, уақытша жұмысқа келуші, яғни “қонақ жұмыскер” деген мәртебеге орай заңсыз иммигранттардың біразына арнайы мүмкіндік жасалмақшы. Яғни, Құрама Штаттарында құжатсыз жүрген 12 миллиондай иммигранттардың өз мәртебесін заңдастыруына мүмкіндік бермекші. Бұл жөніндегі заң Сенат комитеттерінің қарауына берілген.

Иммигранттарға байланысты заң жобасына наразылық шерулері Құрама Штаттардың бірнеше ірі қалаларында өтуде. Демалыс күндерінде Лос Анжелесте 500 мыңдай адам көшелерге шықты. Одан гөрі шағындау шерулер Детройт, Даллас, Денвер, Финикс қалаларында өтті. Заң жобасына қарсылар қандай ашулы болса, ол жобаларды қорғаушылардың да наразылығы едәуір болып отыр.

Минютмен жобасын қалыптастырушы Джим Жилкрайсттің тобы АҚШ шекараларын күзетіп, заңсыз иммигранттарды жұмысқа қабылдау жағдайларын бақылаумен айналысатын еріктілер тізімін жасақтауда. Ол еріктілер заңды иммигранттарға қолдау көрсетіп, заңсыздарының елде болуымен күрес жүргізбекші.

“Құлдың айлығына құлдан басқа ешкім жұмыс істегісі жоқ. Өмір сүру үшін сағатына 9 доллар табу керек болған жағдайда, Америка азаматтары сағатына 5, 6 доллар үшін жұмыс істемейді. Алайда, заңсыз түрде енген шетелдік ондай жұмысқа барады”, - деді Д.Жилкрист.

Бірі қатаң, екіншісі біраз жұмсақ деп есептелетін осы қос жобаның ортасынан оңтайлы шешім табу ірі тұлғалар үшін де оңайға соқпауда.

“Уақытша жұмыскер бағдарламасы біздің елімізде заңсыз жүргендерді рақымшылықпен қамтамасыз ете алмайды. Рақымшылық жариялау әділетсіз болады деп сенемін. Себебі, ондай қадам заңды аттап өткендердің сіздер сияқты азаматтардың алдын орап кетуіне мүмкіндік жасайды”, - деді АҚШ елбасы Джордж Буш мырза.

Тұтас Сенатта бұған орай пікірталастар осы аптада басталуы мүмкін. Тіпті Сенат өзі ұсынған жобаны қолдап шыққанның өзінде, бір ортақ жобаны қолдап шығу мәселесінде Өкілдер палатасы мен Сенаттың келісімге келе қоюы қиын. Иммигранттар мәселесі АҚШ үшін алдағы жылдарда күн тәртібінен түсе қоймас. Себебі, ел халқы қартайып бара жатқандықтан, жас жұмыскерлерді табу жұмыс берушілер үшін оңайға соқпайды.
XS
SM
MD
LG