Accessibility links

Оппозиция қайраткерінің өлімін зерттеу мақсатында құрылған комиссия ресми тергеудің барысын сынға алып, мәлімдеме жариялады


Қазақстан оппозициясының белді мүшелерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне байланысты құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия 29-наурызда кезекті отырысын өткізіп, нәтижесінде Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға тағы да мәлімдеме жасағанын жариялады. Онда олар Сәрсенбайұлының өліміне байланысты тергеу-тексеру жұмыстары ресми жарияланған жорамалды бекіту бағытында ғана жүргізіліп жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Өткен ақпан айының 27-күні Қазақстан Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов: «Сәрсенбайұлының өліміне тапсырыс берген сенат аппаратының жетекшісі - Ержан Өтембаев, қылмысты ұйымдастырушы және өлтірген - Рустам Ибрагимов. Ал Сәрсенбайұлын ұрлаған «Арыстан» арнайы бөлімшесінің бес қызметкері мен автокөлік жүргізушісі Виталий Мирошников деген «Арыстан» арнайы бөлімшесінің бұрынғы қызметкері екен. Өтембаевтың мұндай қылмысқа бару себебі жеке басының өкпе-реніштен туған кек алуы екен» деп, ресми болжамын жариялаған болатын.

«Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты жүргізіліп жатқан тергеу-тексеру жұмыстары Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексінің 24-ші бабының қылмыстық істің жан-жақты да толық, объективті зерттелуі қажеттігі туралы талаптарын орындамай отыр» дейді, өздерінің соңғы мәлімдемесінде осы іске байланысты құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия. Қоғамдық комиссияның 29-шы наурыздағы мәлімдемесі жайлы осы комиссия мүшесі, Қазақстан Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы Өтеген Ихсанов былай дейді:

«Онда манағы сол Ибрагимов дегеннің өзі тергеу орындарында, құқық орындарында көп жылдар жұмыс істеген, тәжірибелі адам, сонымен қатар, заңды да жақсы білетін адам, сол сияқты, оның 18 мың долларға қызығып бәленбай адамды өлтіретіндей, оның жағдайы қиыншылыққа түспеген адам ғой енді. Өзінің бірнеше машинасы бар дейді, жеке үйі бар дейді. Әкесі де, інісі де Канадада тұрады дейді. Сондай материалдық жөнінен қамтамасыз етілген адамның мынандай қылмысқа баруы дейтін ақылға кірмейтін нәрсе. Соған байланысты кейбір күмәнді заттарды қайтадан тергеп, осы бойынша іске қатысты бүкіл, Сәрсенбайұлына өш-қас болғандығын, саяси тартыста болған, басқа да оған өшпенділік туғызған адамдардың барлығын да іс бойынша анықтап, солардың қатынасын әділ тексеруді сұрадық, тағы да».

Комиссия өз мәлімдемесінде құрылтайшысы Рустам Ибрагимов болып табылатын «BN Commerce» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің есеп шотына түсетін қаржы көздерін тексеріске алу, Ибрагимовтың Канададағы туыстарының есеп шоттарына түскен қаржы көздерін тексеру және Ибрагимовты Өтембаевпен таныстырған делінетін Алексей Кекшаев есімді азаматтың да есеп шотын тексеру қажет дегенді ұсынады.

Аталған қоғамдық комиссия Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты бірнеше рет отырыс өткізіп, бірнеше рет жоғарыдағыдай мәлімдеме жасағанымен, одан қандай да бір нәтиже әзірге жоқ сияқты.

«Біз енді нәтижеге қарамаймыз. Біз енді өзіміздің азаматтық борышымызды ақтауымыз керек. Әркім өз үйінде тып-тыныш, қарнын сипап жатып алуына болады «Әй, бәрібір бұлар жауап бермейді! Әй, бәрібір... үйт-бүйт!» деп. Дегенмен біз өзіміздің әрекетімізді жасау арқылы қоғам екенімізді, азамат екенімізді көрсетуіміз керек», - дейді Исаханов.

Қоғамдық комиссияның үніне не Жоғарғы сот, не Бас прокуратура әзірге жауап берген жоқ. Оған комиссия мүшелері де қынжылыс білдіреді.

«Біздің мәлімдемемізді ескереді деп айта алмаймыз. Оған жауап та бермейді. Бір қызығы, біз мынадай үндеу жариялағаннан кейін, заң бойынша олар бізге не «мыналарың дұрыс» деуі керек еді, немесе «мыналарың дұрыс емес, заңға келіспейді» деп жауап беруі тиісті. Бірақ оның біреуі де жоқ. Соқыр, керең, мылқау адам сияқты. Үкіметтің, осындай ұйымдардың, азаматтардың хаттарына жауап беру туралы заңы бар, сол заңды да бұлар елемейді», -деп кейіді қоғамдық комиссия мүшесі Өтеген Ихсанов.

Осы жағдайға байланысты Бас прокуратура баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлымен телефон арқылы байланысқанымызда, одан алған жауабымыз төмендегідей болды:

«Ол есепке алынған. Тергеу жүріп жатыр ғой. Тергеуі анық болғаннан кейін бәріне жауап беріледі. Бұл хат сияқты ғой, менің түсінігімде, егер шатасып отырмасам, мен де өзің сияқты журналистпін ғой, ал заң бойынша, хаттарға жауап бір ай көлемінде беріледі».
XS
SM
MD
LG