Accessibility links

Парламент қабылдардан бұрын заң жобалары қоғамдық сараптамадан өткізілетін болды


Қазақстан Парламенті мәжілісінің жанында президент Назарбаевтың ұсынысымен қоғамдық сарапшылар палатасы ашылды. Бұл туралы наурыздың 31-күні Астанада Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов хабарлады. Оның айтуынша, палата үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын тыңдап, қабылданайын деп жатқан заңдарға сараптама жүргізеді. Бірақ, кейбір депутаттар бұл палатаның тәуелсіз жұмыс істейтіндігіне күмән келтіріп отыр.

Ресми мәлімет бойынша, палата азаматтық қоғам институты мен депутаттар арасындағы диалогты дамыту үшін құрылып отыр. Ол депутаттарға көмекші болады деген пікір бар. Парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахмановтың айтуынша дамыған елдерде де парламент депутаттарының көмекшілері болады:

- Әр депутаттың өзінің аппараты, өзінің сарапшылары бар, сол себептен әр депутаттың жанында өте білімді сарапшылары, көмекшілері болуы керек. Осы жоқ бізде. Ал, ол жоқ кезде, ең болмаса, қоғамда бар күштерді, зиялы қауымды біріктіріп, азаматтарды біріктіріп, мамандарды қосқан дұрыс.

Бірақ, палатаның шешімдері негізінен нұсқамалық сипатта болады. Және қорытынды, ұсыныс пен болжам ретінде қабылданады, дейді сыншылар. Қоғамдық сарапшылар палатасының төрағасы Тоқтархан Нұрахметовтың өзі мұны мойындап отыр:

- Әрбір біздің қоғамымыздың кәсіподақтарын, бизнес адамдарын, ғалымдарды, сарапшыларды жинап, осы заңды парламентке қарағанға дейін қарап, дұрыстап, өзіміздің ұсыныстарымызды береміз және билікке – парламентке жеткізуге тырысамыз. Ал, оның ақырғы қарауы - ол депутаттарға байланысты.

Тұтынушыларды қорғау лигасы үкіметтік емес ұйымның төрайымы Светлана Савченконың айтуынша бұл белгілі жайт, бірақ, енді үкіметтік емес ұйымдар бұрынғыдай ұсыныс жазып, халықты да, ұйымдарды да қанағаттандырмайтын жауаптар алумен шектелмейді.

«Біз көзбе-көз жұмыс істеп, кімнен сұрарымызды білетін боламыз», - дейді ол.

Әйтсе де, палатаның негізгі міндеті заңнамалық және нормативтік актілердің жобаарына сараптама жасау деп хабарланып отыр. Өйткені, Францияда халықпен ақылдаспай қабылданған заң тұрғындар арасындағы толқуларға әкеп соқты, дейді палата басшылығы. Ал, парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Таспиховтың айтуынша, палатаның тәуелсіздігі күмәнді:

- Қоғамдық палатаның тәуелсіз болу-болмауы бізге үлкен ой туғызып тұр, себебі, біріншіден, оны палатаның бюросы тағайындаған, яғни, азғантай топ. Ол бізге көмекші болатындар, олар біздің басшыларымыз емес, ол бұрынғы политбюро емес. Бірақ, кезінде партияда істеген жігіттер сонымен шатастырып алды ма? Екіншіден, ол палатаны депутат басқарып отыр. Тәуелсіз дегеніміз - біздің оған ешқандай қатысымыз болмауы керек, ал, депутаттың басқаруы ой туғызады.

Қоғамдық сарапшылар палатасының төрағасы Тоқтархан Нұрахметовтың айтуынша тәуелсіздіктің мақсаты болу керек:

- Мен өзім осы түгел тәуелсіз болып кетті дегенге сене қоймаймын. Ол әр нәрседен тәуелді болуға болады, тәуелсіз болуға да болады, оның мақсатына байланысты.

Ал, «Табиғат» қозғалысы үкіметтік емес ұйымының төрағасы Мэлс Елеусізовтың айтуынша, сын пікірлер көп, бірақ, мұндай палата керек.

- Мұндай пікірлер бар: ол үкіметтің артынан еріп кететін палата болады деген. Меніңше, мені ешкім ерте алмайды, халық үшін істейміз. Меніңше, мұндай палата керек. Кейбір депутаттар шетке шығып кеткендері бар. Халық кішкене бақылау керек бұлардың жұмыстарын және заңдарға сараптама жасағаны өте дұрыс. Көбінесе заңдарды қабылдаған депутаттар өздері маман емес, - деді М.Елеусізов мырза.

Тұтынушыларды қорғау лигасы үкіметтік емес ұйымның төрайымы Светлана Савченко да бұл пікірге қосылып отыр.

«Заңдар көп, ал оның орындалу механизмдері жоқ, өйткені олар шындықтан алшақ жасалған, ал, үкіметтік емес ұйымдар халықтың жағдайын біледі», - дейді Савченко ханым.

Бірақ, әзірге қоғамдық сарапшылар палатасының жұмысы тек мәжіліс шақырылымының мерзімінен аспауы шарт деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG