Accessibility links

Қазақстандық журналистер мемлекеттік комиссияның жұмысы баспасөз құралдарының барлығына бірдей ашық болуын қалайды


31-ші наурыз күні Қазақстан журналистер одағының төрағасы – Сейтқазы Матаев бастаған бір топ тәуелсіз басылым редакторлары мен журналистер Қазақстанда қоғамды одан әрі демократияландыру мақсатында құрылған мемлекеттік комиссиясының атына ашық хат жариялады. Онда олар мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына тәуелсіз басылым өкілдерінің кіргізілмей қойғанына қынжылыс білдіріп, жақында ғана тағайындалған Ақпарат және мәдениет министрі Ермұхамбет Ертісбаевтың басылымдарды тіркеу тәртібін қатайту ниеті барлығына алаңдаушылық білдіреді.

Қандай да нәтиже болары белгісіз болғанымен, қазақстандық ақпарат құралдары өкілдерінің тәуелсіз деп саналатын тармағының бірқатар журналистері мен редакторлары Қазақстан қоғамын демократияландыру мен жалпы саяси реформалар мәселесімен айналыспақ мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияның атына ашық хат жариялады. Оған себеп - аталған комиссияның алғашқы отырысына тәуелсіз бұқаралық ақпарат өкілдерін кіргізбей қойғандығы сөз болыпты.

«Президенттің, басқа да билік басындағылардың демократиялық бағытта алға жылжи береміз дегені тек жалаң сөз емес, нақты бағыт деп сендіргісі келген мәлімдемелері, осындай, басынан бастап-ақ орын алып отырған кемсітетін іс-әрекеттерден кейін сенімсіздік тудырады. Бірақ біз келешекте бұл қайталанбас деп сенгіміз келеді, сондықтан осындай ашық хат жариялап отырмыз», - дейді «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева.

Бұл ашық хатта журналист қауымды алаңдатқан тағы бір нәрсе - келешекте жаңа басылымдарды ресми тіркеу тәртібі қатаймақ деген жайт болып отыр. Осындай ойы бар екенін жаңадан тағайындалған Ақпарат және мәдениет министірі Ермұханбет Ертісбаев білдіріпті.

«Менің білуімше қазір 10-15 газет тіркеуде жатыр. Заңмен анықталған 15 күн өтсе де хабар жоқ. Сол себепті маған сондай сауал қойған соң, біз оны ашық айтып отырмыз. Біз ойлап едік, мына жаңа министр келеді де жағдай түзеледі деп. Ол өзі президенттің кеңесшісі кезінде БАҚ-тарға көмектесу керек, бұл дұрыс емес деп талай айтқан еді. Бұрын өзі демократ болды, енді министр болған соң, авторитарлық жаққа кетіп бара жатыр, қатайтып жатыр», - дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев.

Сарапшылардың бірқатары ресми биліктің мұндай қадамға баруы таңқаларлық емес дейді.

«Ертісбаев мырза жанымен демократ дегенге сену – аңқаулық болар еді. Әрине, ол өзі идеологы болған жүйеге қарсы шықпайды. Себебі, қарсы шыққандардың қалай жазаланғанын ешкім ұмыта да қойған жоқ. Мен, ақпарат құралдарын тіркеу талабын қатайту арқылы Ертісбаев мырза біздің ақпараттық кеңістіктегі бақылауды уысында ұстап тұру үшін, президент және саяси элита мақұлдаған саясатты іске асырып қана жатыр деп ойлаймын», - дейді «Тәуекелді бағалау орталығының» директоры Досым Сәтпаев.

Сонымен, осы ашық хаты арқылы Қазақстандық тәуелсіз журналистер қауымы ЕҚЫҰ-на төрағалыққа ұмтылыс танытып отырған билік, Мемлекеттік комиссияның енді жарты жылдан соң болатын отырысына өздерін ресми ақпарат құралдарымен бірдей санап қатыстырар деп сенеді.
XS
SM
MD
LG