Accessibility links

Дүйсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақын одақтасы президент Владимир Путинмен кездесу үшін Ресейге келді. Қазақстан-Ресей шекарасы шамамен 7 мың километрге созылғандықтан, және бұл екі мемлекет бірқатар мәселелер бойынша өзара байланысты болғандықтан, екі ел президенттері әрдайым бірқатар мәселелерді талқылайтын тұғын.

Бұдан бұрын Назарбаев Ресейді “Құдай тарапынан берілген” көрші ел деп атаған болатын. Қазақстан мен Ресей президенттері жиі кездесіп тұрады. Мысалы өткен жылдың өзінде-ақ Путин мен Назарбаев 10 рет жүздескен екен. Ал осы жылы екі ел президенттері осымен үшінші рет кездесіп отыр. Назарбаевтың бұл жолғы сапары барысында, екі ел президенттері аймақтағы қауіпсіздік және тағы басқа бірқатар мәселелерді талқылайды.

Лондонда орналасқан Соғыс және Бейбітшілік Институтында жұмыс істейтін Джон МакЛаудтың айтуынша, Қазақстан Мәскеу үшін, әсіресе президент Путин үшін, “сыналған серіктес” деп есептеледі.

“Ресей мен оның Украина сияқты дәстүрлі серіктестері арасында әртүрлі проблемалар болған. Тіпті Беларус жетекшілігі де - сенімсіз. Ресейдің Грузиямен қарым-қатынастары да өте нашар. Ал ұлтшылдық мәселелерді шешіп келген Қазақстан болса Ресей үшін тұрақты серіктес боп табылады. Сондықтан осы екі елдің қарым-қатынастары - жақсы және айқын. Олардың шекара мәселесі бойынша ешқандай проблемалары жоқ, коммерциялық қарым-қатынастары, яғни мұнай, газ, және тағы басқа мәселелер бойынша ынтымақтастығы мықты. Сонымен қатар, Назарбаев Путиннің сенімді серіктесі десе болады”, - деді МакЛауд.

Бұдан бұрын бірқатар талдаушылар Батыс елдерінің ықпалы Грузия, Украина және Қырғызстан елдеріндегі “түрлі-түсті төңкерістерді” жүзеге асыруға көмектесті деп айтқан болатын. Осыған ұқсас мүмкін болған қауіп-қатерден аулақ болу үшін Ресей мен Қазақстан бірлесіп жұмыс істеуде, дейді Қазақстандағы саяси талдаушы Досым Сатпаев.

Ресей, сондай-ақ, Қазақстанды Орта Азиядағы энергия бұлағы ретінде қарастырады.

Джон МакЛаудтың айтуынша, АҚШ Өзбекстандағы әскери базадан шығарылған соң, Ресей - Қазақстанды аймақтағы маңызды роль атқаратын мемлекет деп есептейді. МакЛаудтың пікірінше, Ресей мен Өзбекстанның тығыз қарым-қатынастары мен Назарбаевтың өткен айдағы Өзбекстанға сапары арасында бір байланыс бар. Осыған дейін, Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов Орта Азиядағы бақталастар деп есептелетін. Бұған қарамастан, аталған екі ел президенттері “біз жақын доспыз” деді.

Газ бен мұнай мәселесі Назарбаев пен Путиннің кездесуі барысында талқыланатын тұрақты мәселелердің бірі. Назарбаевтың бұл жолғы сапары барысында да осы мәселе қаралатын болады. Екі ел президенттері, сондай-ақ, аймақтағы қауіпсіздік, екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты ұйымдарға қатынасуы және тағы басқа мәселелерге тоқталатын болады. Сонымен қатар, күн тәртібінде Қазақстандағы Байқоңыр ғарышжайы мәселесі де тұр. Нұрсұлтан Назарбаев Ресейде сәрсенбіге дейін болады. Осы аптада ол Ресейдің Мемлекеттік Думасында сөз сөйлейді деп жоспарланған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG