Accessibility links

Мәскеудің “Чистые пруды” бульвары Абай ескерткішімен толықты


4 көкекте Мәскеудің “Чистые пруды” бульварында” Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары барысында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Ескерткіштің ашылу салтанатына екі елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәскеуде оқитын қазақстандық студент жастар қатысты.

Қазақтың ұлы ақыны Абай ескерткішінің Мәскеуде ашылатындығы 2005 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ресей Федерациясына ресми сапармен келгенде белгілі болған еді. Сол жолғы сапар аясында мемлекет басшысы Ресей өңірлеріндегі қазақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Осы кездесуде Мәскеуде Абай ескерткішін қою туралы бастама талқыланып, Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіштің орнатылуына өзі күш салатынын айтып, тапсырма берді. Ескерткішті қоятын жер төңірегінде түрлі пікірлер білдірілгенімен, оған Қазақстан елшілігі орналасқан Мәскеудің демалыс орындарының бірі – «Чистые пруды» бульварынан орын берілді. Абай ескерткішінің «Чистые пруды» бульварына қойылатындығын естігінде, Мәскеудің кейбір тұрғындары өз наразылықтарын білдіріп, ынталы топ құрылған еді. Ынталы топтың басшысы Екатерина Бермант «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Абай ескерткішінің «Чистые пруды» бульварына қойылуына қарсы екендігін айтқан болатын.

«Мен Абай ескерткішінің Мәскеудің басқа жеріне емес, «Чистые пруды» бульварына қойылуына қарсымын. Өйткені, «Чистые пруды» бульвары ескі Мәскеуден қалған, өз көркін жоймаған тарихи орындардың бірі болып табылады. Сондықтан да ертеңгі күні біздің де балаларымыздың Мәскеуді кішкене болса да өз ата-әжелерінің, әке-шешелерінің көзі көрген қалпында қалуын тілеймін», - деген еді Екартерина Бермант «Азаттық» радиосына.

Мәскеудің кейбір тұрғындарының наразылық білдіргеніне қарамастан, 4 көкек күні «Чистые пруды» бульвары Абай ескерткішімен толықты. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. Абайға қойылған ескерткіште оның ойланып отырған кескіні бейнеленіпті. Тұғыры мен мүсінін қоса санағанда ескерткіштің биіктігі 5 метрден асады.

Мүсінді сомдаған Марат Әйнеков, сәулеттік кешеннің жобасын дайындаған Тимур Сүлейменов. Сондай-ақ жобаны әзірлеуге В.Романенко деген мәскеулік сәулетші мен басқа да мамандар қатысыпты. Ескерткіштің сәулеттік кешенінің жобасын дайындаған Тимур Сүлейменовтың айтуынша, ұлы ақынның мүсінін жасауда олар Абайдың өзінің жанына терең үңілуге және көрерменді ойлануға шақыратын тұлғасын көрсетуге тырысқан.

Егер Мәскеуде Абай ескертіші ашылып жатса, Қазақстанда 2006 жыл орыс ақыны Пушкиннің жылы болып жарияланғаны белгілі. Алайда, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Берік Шахановтың пікірінше, Қазақстанда Пушкиннің, Ресейде Абай шығармаларының насихатталуында үлкен айырмашылық бар. Оның айтуынша, Қазақстанда Пушкиннің мұрасын жоғары бағаланып жатқанымен, Ресейде Абай шығармаларына дәл сондай құрмет көрсетілмейді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ұлықбек Есдәулет «Азаттық» радиосына берген сұхбатында өз басылымдарының бетінде Пушкин шығармаларының кеңінен насихатталып жатқандығын айтты. Ал, ақын Маралтай Ыбырайымұлы болса Абайға байланысты өтетін шаралардың бәрінде де жасандылық байқалады деп санайды.
XS
SM
MD
LG