Accessibility links

Қабарды-Балқар министрін соққыға жыққандардың ісінде нәсілшіл пиғыл болды деген айып тағылды


Мәскеуде бір топ скинхед 1-сәуір күні Қабарды-Балқар автономиялық республикасының мәдениет министрі Зауыр Тутовты соққыға жыққан болатын. Зауыр Тутов совет заманы кезінде белгілі әнші болған, ол қазірде танымал. Мәскеу прокуратурасы алғашында бұл істе нәсілшіл пиғыл жоқ деген. Алайда Ресей бас прокуратурасы айыптылардың пиғылында ұлттық араздық себебі болды деп, істі басқаша тергеуді талап етті.

Оқиға сәуірдің бірінде кешке орын алды. Зауыр Тутовтың айтуына қарағанда, ол Кавказ би ансамблінің репетициясынан шыққан қызын қарсы алып жатқан. Осы арада оған жасы 15-20 аралығындағы азаматтар жабыла кеткен, Зауыр Тутовтың миы шайқалып, жақ сүйегі сындырылды. Зауыр Тутов шабуыл жасағандар "Ресей орыстар үшін жаралған, табаныңды жалтырат!" деп айқайлады деді. Дегенмен, Мәскеу прокуратурасы 2 сәуір күні іс қозғағанда шабуылдың нәсілшіл пиғылы болмаған деп көрсетті. Бас прокуратура мұнымен келіспей, кешегі нұсқауында шабуылшылар "ұлттық, нәсілшіл және діни араздық негізінде адам денсаулығына қатты зақым келтірді" деп айып тағылсын деп бұйырды.

Мұндай оқиғалар осы күнге шейін орын алып жатқанда заң орындары қылмыскерлерге нәсілшілдік айыбын тақпай қоятын. Мәселен, Мәскеу соты 27 наурызда Александр Копцевті 13 жылға кесті, ол Мәскеу синагогасында сегіз адамды пышақтаған болатын. Александр Копцев қылмысын нәсілшілдік пиғылдан жасаған жоқ деп табылды. Санкт Петербор соты тоғыз жасар тәжік қызын өлтірген жеті жасөспірім баланы алды бір жарым жылға, арты бес жылға кесті наурыздың 30-да. Сот бұлардың қылмысы тек "бұзақылық" пиғылдан жасалды деп тапты.

"Адам құқықтары жөніндегі Бүкілресей қозғалысының" бастығы Лев Понамарев Ресей прокуратурасы елде ұлттық араздық толқыны бар екенін енді қана сезіп, қауіптің бар екенін енді қана біліп оянды дейді:

- Ресей басшылығы ұлтшыл экстремистерді бұрын саяси ойындарына тартатын сияқты болды. Енді олар жағдайды бақылауларынан шығарып алатындарын түсінді, ұлтшылдарды бақылау мүмкін болмай барады. Адамқұқықтарын қорғаушылар дәл осы қауіптің бар екенін ескертіп жүретін.

Бірақ ресейлік басқа белсенділер өзгеше пікір білдіріп отыр. "Мемориал" ұйымының мүшесі Александр Черкасов Ресей бас прокуратурасының істі басқаша тергетіп жатқаны дұрыс, бірақ Ресей басшылығы нәсілшіл қылмыстарға қарсы күрес бастады деп айту қиын дейді. Александр Черкасов Мәскеу мен Санкт-Петерборда өткен соттардан кейінгі қоғамдық ахуалда заң орындарына сын көбейе түсті, прокуратура енді өзін ақтап алмақ дейді:

- Бұл бір рет қана жасалып отырған шара ма, жоқ әлде бұл көзқарасты біржолата бұру ма деген сауал туындайды. Өкінішке қарай, бас прокуратураның саясаты өзгере бастады деп айта алмаймын.

Ал енді Мәскеуде Зауыр Тутовтан кейін келесі күні тағы бір кавказдық азамат соққыға жығылды. Бір топ жас жігіт метрода Элхан Мирзоев деген тележурналисті ұстап алып, Ресейде саған орын жоқ деп оның бетіне сыра шашып, сыраның бөтелкесімен басынан ұрыпты. Бұл істің де артында нәсілшіл пиғыл бар деген тергеу басталды.
XS
SM
MD
LG