Accessibility links

Қазақстанда мобильдік байланыс саласындағы екі үлкен оператордың тұтынушылары өзара қысқа хаттар (SMS) жолдау мүмкіндігіне ие болды


Қазақстанда GSM-900 стандартында мобильдік байланыс қызметін көрсететін «Kcell/Activ» және «Beeline/K-Mobile» абоненттері енді ешқандай тосқауылсыз бір-біріне қысқа хаттар (SMS) жібере алады. Бұған Қазақстандағы осы байланыс саласындағы ең ірі бәсекелес екі компания - "GSM Қазақстан" мен "Кар-тел" кәсіпорындарының келісөздері нәтижесінде қол жетіп отыр. Бұл жөнінде "Азаттық" радиосына сәрсенбі күні "Кар-тел" компаниясынан хабарлады. Жалпы, бұл екі компания 5 млн-нан астам, яғни, Қазақстан халқының шамамен үштен бір бөлігіне қызмет көрсетеді.

23-жастағы кәсіпкер Ерлан үшін ұялы телефонның маңызы зор. Оның ішінде SMS жіберу, яғни, телефон арқылы қысқа хат жазысудың пайдасы да, қызығы да мол дейді Ерлан. Ал бұл ретте енгізілген жаңалық оның қызметіне де, жеке өміріне әсерін тиігізіпті:

- Менің бірнеше дүкенім бар. Ал ондағы сатушылар әртүрлі байланыс жүйесін пайдаланады. Енді барлығына бірдей хабар жіберіп отыру мен үшін әрі арзан, әрі тиімді. Екіншіден, менің сүйіктім «K-Mobile» жүйесін пайдаланады, ал мен – «Kcell» желісіндемін. Енді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес нәрселерді оған SMS хат арқылы жолдаймын. Біздің байланысымыз нығайып, сезіміміз беки түсері анық.

Қазақстандағы мобильдік байланыс рыногындағы бәсекелес екі ірі компания – «GSM Қазақстан» мен «Кар-Тел» кәсіпорындары «Kcell/Activ» және «Beeline/K-Mobile» абоненттеріне ортақ жаңа қызмет түрін ұсына бастады. Демек, 5 миллионға жуық қазақстандық енді бір-бірімен еркін, кедергісіз телефон арқылы қысқа хат алмасатын болады. Бұл туралы «Кар-тел» компаниясының қызметкері Арман ӘЛЖАНОВ «Азаттық» радиосына сәрсенбі күні хабарлады.

«GSM Қазақстан» мен «Кар-тел» компаниялары жүргізген келіссөздердің нәтижесінде сәуірдің 1-інен бастап GSM операторлары арасында SMS хабарларымен алмасу қызметі ұсынылатын болды. Бұл Kcell/Activ және Beeline/K-Mobile абоненттеріне қысқа хабарлар алмасып тұруларына мүмкіндік береді», - дейді «Кар-тел» компаниясының қызметкері.

Алдын-ала ұсынылған деректерге қарағанда, «Beeline/K-Mobile» операторларынан хабарлама жіберу құны 15 теңге, «Kcell» жүйесінен 6 цент, яғни, шамамен 8 теңге делінсе, «Activ» пайдаланушылары одан екі есе қымбат төлейді деп топшыланып отыр. Жалпы, екі ірі мобилдік телефон желісін пайдаланушы миллиондаған қазақстандықтар арасында SMS түріндегі жаңа байланыс көпірі пайда болғанымен, оның кемшіліктері де жоқ емес дейді Қайрат есімді телекоммуникация маманы.

«Біріншіден, менің білуімше, әзірше екі оператор арасында хат-хабар жіберу уақыты көбірек. Яғни, бір жүйенің өз ішінде хабарлар жылдам жетеді. Екіншіден, бір оператордан екіншісіне хат жіберу бағасы қымбатырақ. Мысалы, «K-Mobile»-дың өз ішінде SMS жіберу 7 теңге тұрса, «Kcell/Activ-ке» хат жолдау үшін 15 теңге жұмсауға тура келеді», - дейді Қайрат.

Мобильдік байланыс саласындағы қысқа хабарламалар алмасу аясы сәуірдің 4-інде тағы бір жаңалықпен толысты. Алғаш рет Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралы, яғни, «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігі күніне ең соңғы жаңалықтарды телефон арқылы SMS түрінде жіберу мүмкіндігін ұсынып отыр. Imagine Mobile Solutions компаниясының кезекші қызметкерінің айтуынша, ұялы телефоныңыздан арнайы белгімен хабар жіберсеңіз, қоғамдық-саяси және бизнес тақырыбына жаңалық хабарлармен танысуға болады.

Бұл жаңа қызмет түріне жазылу үшін айына 400 теңге немесе бір реттік соңғы хабар алу үшін 70 теңге жұмсалады. Әзірге мұндай телефон арқылы жаңалықтармен танысу мүмкіндігі «K-Mobile» абоненттеріне ғана беріліп отыр. Алайда, болашақта телефон арқылы соңғы жаңалықтармен танысатындар саны артады деп үміттенеді мамандар.

Жалпы, Қазақстанда қазіргі таңда 5 миллион 600 мың мобильді телефон абоненті тіркелсе, олардың 2,3 миллионына «Кар-тел», ал 3 млн-нан астамына «GSM Қазақстан» компаниясы жүйесінде байланыс көрсетіледі. 2008-ші жылы осы байланыс түрін тұтынушылар саны елде 7,5 миллион адамға жетеді деп пайымдалып отыр.
XS
SM
MD
LG