Accessibility links

Қазақстан өз мұнайын КТК құбырымен жөнелтуді ұлғайтпақшы


Ресей президенті Путин мен Қазақстан президенті Назарбаевтың кездесуінде Каспийдің құбырлық консорциумы арқылы тасымалданатын мұнай көлемін екі есеге ұлғайту жоспарланғандығы хабарланды. Бірақ, кейбір сарапшылар Ресей Қазақстанды әдейі өз транзитіне тәуелді етуді жоспарлап отыр деген пікір айтады. Сонда Қазақстан үшін мұнайды қай елге сатқан тиімді?

Жалпы, мұнай өндіретін елдер тізімінде Қазақстан қазір 23-інші орында. Ал, мұнай қоры жағынан 12-інші орында. Қазір жыл сайын елде өндірілетін мұнай көлемі өсіп келеді. Өйткені, ертеректе мұнай тек құрлықтан алынса, енді бұл жұмыстар теңізде де жүргізіліп келеді, дейді мамандар. Сондықтан осы мұнайды тасымалдау жолдары зерттеліп жатыр. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 150 миллион тонна мұнайды әлемдік базарға шығаруға мүдделі. Оның үштен екі бөлігін қазіргі мұнай құбырларымен тасымалдауға болады. Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың айтуынша, бұл тасымалдаудың ең қолайлы жолы:

- Танкер ең арзаны, бірақ танкер болмағансоң екінші орында арзан жағынан құбыр. Егер, мұнайымыз артылып жатса, Еуропада бағасы жоғары болса, ол құбырмен неге жібермейміз?

Қазір осы құбыр арқылы Қазақстан жағынан 30 миллион тонна мұнай тасымалданады. Жалпы қысқаша «КТК» аталатын ұзындығы мың жарым шақырымнан асатын құбыр көлемі жыл сайын 67 миллион тонна мұнайды тасымалдауға ескерілген. Ол Батыс Қазақстандағы әлемдегі ең ірі кеніштерге жататын «Теңіз» мұнай кенішімен Новороссийск қаласындағы айлақты жалғастырып жатыр. Осы құбыр арқылы Қазақстан мұнайы әлемдік базарға жөнелтіледі. Бірақ, құбырмен өтетін мұнайды көбейту үшін, осы құбырмен «Транснефть» жүйесін жалғастыратын құбыр тармағын салу қажет, дейді «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті Жақсыбек Құлекеев:

- «КТК»-ға байланысты менде сендер сияқты бүгінғана мына ақпарат құралдарынан мәлімет алдым. Жалпы, «КТК»-ның бірінші бөлімі істеп тұрғанын білесіздер. Былтырғы жылы сол «КТК»-ны пайдалана отырып Қазақстандағы мұнай саласында жұмыс істеп тұрған компаниялар 30 миллион тонна мұнай тасымалдады. Ендігі мәселе, Қазақстанда мұнай саласы жақсы дамып келе жатқандықтан, қосымша тасымалдау көздерін ашу керек болып отыр. Соған байланысты осы «КТК»-ның екінші кезегін іске қосуды жан-жақты инвесторлармен талқылап жатырмыз. Осы тұрғыда Ресеймен қарастырып жатқан мәселелер де бар. Кешегі болған екі президенттің кездесуінде осыған байланысты болған азын-аулақ проблемалар шешілген сияқты. Сондықтан жуық арада осы екінші кезек құрылысы басталады. Ол біткен соң осы «КТК» құбырымен 67 миллион тоннаға дейін мұнайды экспортқа шығаруға болады.

Бірақ, кейбір сарапшылардың айтуынша, Қазақстаннан өндірілетін мұнай көлемі қазіргідей ұлғая беретін болса «КТК» Қазақстанға жеткіліксіз болады. Сондықтан, ресейліктерге бәсекелес болғалы отырған Украин құбыры да Қазақстан үшін тиімді дейді мамандар. Украинаның ресми өкілдері болашақта, сұраныс болған жағдайда, ұзындығы 700 шақырымдық “Одесса-Броды” мұнай құбырына қосымша 300 шақырымдай құбыр салынып, Ресейдің Новороссийск бағытына қосылуы мүмкін, деп хабарлады. Экономист Уәлихан Қайсаровтың айтуынша, осыған қарамастан Ресей Қазақстанды әдейі өз транзитіне тәуелді етуді жоспарлап отыр:

- Ресейдің саясаты - Қазақстанның мұнайы мен газын өткізу үшін, ақшасын тек қана өзіне алу. Негізі, мына Украина мұнай құбыры арқылы Қазақстанға 44 миллион тонна өткізуге болады екен. Ал, қазір біз өз мұнайымыздың көбін Каспий арқылы және мына Новороссийск айлағы арқылы өткізіп жатырмыз.

Каспий мұнайын өткізу мүмкіншілігі ең жоғары құбыр Ресейдің меншігі болғандықтан, Ресей жағы мұнайдың едәуір көлемін өз территориясы арқылы өткізіп, транзиттен түсетін табысын ұлғайта беруге мүдделі екенін жасырмайды, дейді саясаттанушы Берік Әбдіғалиев. Ал, «Қазмұнайгаз» сауда үйінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан үкіметі транзиттік төлемдері ең арзан бағыттарды іздейді.

Мәселен қазір, республика үкіметі Қазақстанның Ақтау айлағынан Иранның Мера қаласына апаратын бағытты таңдап отыр. Әйтседе, әзірге, Каспий мұнайының едәуір бөлігі Теңіз-Новороссийск бағытындағы құбырлармен тасымалданып жүр. Бірақ, «Қазмұнайгаз» компаниясының мәліметі бойынша, Қазақстан үшін, Қытай да ең тиімді нарықтардың бірі. Сондықтан «Атасу-Алашаңқай» құбырына да көп үміт артылып отыр.
XS
SM
MD
LG