Accessibility links

Қазақстан үкіметі 2006 жылы астық сатып алу жоспарын азайтып, сатып алу бағасын көтерді


Бұған дейін Қазақстанның азық-түлік корпорациясы республиканың мемлекеттік резервін толықтыру үшін жарты миллион тонна астық сатып алады деп хабарлаған. Енді астық сатып алу жөніндегі қаулыға енгізілген өзгертулерден кейін, бұрынғы көрсеткіш 55 мың тоннаға азайды. Есесіне диқандардан алынатын бидай тоннасына берілетін сома 1230 теңгеге көбейген деп хабарланып отыр. Енді әр тоннаға 12350 теңге беріледі. Осылайша, мемлекет диқандарға көмектеспек. Әйткенмен, кейбір диқандар мемлекет астықты әлі де арзан сатып алып отыр деген уәж айтады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның азық-түлік корпорациясы биыл республиканың мемлекеттік резервін толықтырудың сыртында, астық базарын тұрақты қалпында ұстау үшін бидай сатып алмақшы. Осы астықпен бірінші кезекте Қазақстанның батыс облыстары, Астана, Алматы және басқа да ірі қалалар қамтамасыз етілмек. Ал, солтүстік аймақтар өз-өзін астықпен қамтамасыз етуге тиіс. Азық-түлік корпорациясының басшылығы хабарлағандай, сатып алу үрдісі қалыптасқан дәстүр бойынша, көктемде және күзде жүргізіледі, соның нәтижесінде корпорация ішкі базардағы астық бағасын демпингтен сақтауды мақсат етіп отыр. Экономист Атамұрат Шамен, азық-түлік корпорациясы ұсынған бұл жүйе тиімді дегенді айтады:

- Қазір не тапшы - қаржы ресурстары тапшы. Сондықтан, көктемде сатып алатын егіннің ақшасын беріп, сол егінді салуға көмектесіп, күзде сол келісілген бағамен сатып алып жатса, меніңше, дұрыс жол сол деп есептеймін. Бірақ, осы жол дұрыс істелу үшін елдегі барлық егіншілерді қамтыса. Әрине, баға мәселесіне келгенде келіссөз жасау керек.

Азық-түлік корпорациясының вице-президенті Абай Бисембаевтың айтуынша, олар ақшаны берген соң оны қайтадан астықпен алғанды немесе ақшамен алғанды қалайды.

- Бірақ, ақшалай берсеңіз оған қосымша инфляция пайызын өтеу керек. Біз одан пайда таппаймыз, басты мақсат - ақшаны сақтап қалу, - дейді ол.

Ал, Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Даринов, корпорация диқандарға көмек көрсетудің орнына кесірін тигізеді деп отыр.

- Корпорация ешқашан да шетелдіктер не басқа компаниялардан қымбат алған емес, керісінше, олар үкіметтің қолдауымен алғызбайды алам дейтін адамдарға. Мысалы, Ресейден, Ауғанстаннан келгендер 120 доллардан аламыз дейді, ал корпорация келіп, аналарды қуады, - дейді фермерлер ұйымының өкілі.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы жылдары, Қазақстанда өсірілген астық мөлшерінің ұлғаюына орай, азық-түлік корпорациясы диқандардан алатын дәнді дақылдардың көрсеткіштерін көтерген. О баста азық-түлік корпорациясы мемлекеттік азық-түлік резервін жасап, жаңарту үшін құрылған болатын. Қалған дақылдар қазақстандағы нан зауыттары мен диірмендеріне жіберіледі. Бірақ, Азық-түлік корпорациясының вице-президенті Абай Бисембаевтің айтуынша, олар диқандардан банк кепілдігін талап етеді. Ол 3-4 пайыздан жоғары емес дейді ол.

Бірақ, қайсібір диқандар бұл пікірмен келіспей отыр. Фермер әрі Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың айтуынша бұл өтірік:

- Өтірік, қазір кез келген банк кем дегенде 5-6 пайыз салады. Сонда корпорация 8 пайыз салады. Барлығы 14 пайыз. Және қосымша бір ай жүрген кезіңде тағы 2 пайыз қосылады. Сондықтан бұның қуанышы аздау.

Осы көктемде корпорация астық өндірушілерге алдын ала қаржы бере бастайды. Сондықтан астық өндірушілер астық бағасы көтерілейін деп тұрған шақта корпорация қандай баға ұсынар екен деп күтіп отыр. Ал, ішкі нарықтағы азық-түлік корпорациясы ұсынатын баға базардағы орташа бағадан әлдеқайда төмен деген де пікір бар. Қазақстанды астықпен қамтамасыз етіп отырған Қостанай облысындағы «Қарабатыр» агрофирмасының директоры Жәзит Құдайқұловтың айтуынша, бәрібір негізгі қиыншылық өнім өткізумен байланысты. Құдайқұлов 60 мың гектар жерге егін егеді. Бірақ, баға төмен болғандықтан атқарылған еңбек ақталмайды дейді фермер:

- Бидай өтпей жатыр, оның бағасы еккен бағадан төмен, халықтың еңбегі далада қалды.

Осылайша, қайсібір диқандар мемлекет ұсынып отырған астық бағасына қанағаттанбай отыр. Кейбір диқандар болса мемлекет тіпті арзан бағаға астық сатып алып, шетелге қымбатқа сатып, ақша табады деген пікірлерін білдіреді. Ал, корпорация мәліметі бойынша, Қазақстан астығы биыл негізінен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына сатылмақшы екен. Азық-түлік корпорациясы өкілдерінің айтуынша, онда сұраныс көп, ал шығын және бәсеке аз. Сондықтан, бұл бағыт Қазақстанға тиімді, дейді олар.
XS
SM
MD
LG