КИЕВ. Бүгін Украина президенті В.Ющенко жаңа парламентте өкілдері бар партиялардың лидерлерімен кездесуге тиіс. 26-ншы наурызда болып өткен парламент сайлауында 5 партия ғана 3 пайыздық межеден өте алды. Кеше Украинаның Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ресми нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, 2004-інші жылғы президент сайлауында В.Ющенконың бақталасы болған В.Януковичтің “Аймақтар” партиясы 32 пайыз, “Юлия Тимошенконың блогі” – 22 пайыз, ал В.Ющенконы қолдайтын “Біздің Украина” бірлестігі – 14 пайыздай дауыс жинады. Ю.Тимошенко жаңа үкіметті жасақтау мәселесі бойынша “Біздің Украина” блогімен және социалистік партиямен 3 апта бойы келіссөз жүргізді. Ол өзіне премьер-министр лауазымын талап етіп отыр.