Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.12.2006 жыл


Сәуірдің 12-күні жарық көрген қазақстандық басылымдар өмірінің отыз жылдан астам уақытын аспанда өткізген, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров жайында, адам баласы алғаш рет ғарышқа аттанған Байқоңыр ғарыш айлағы туралы жазыпты.

«15 жыл бұрын ғарышқа тек Тоқтар Әубәкіров емес, бүкіл қазақ баласы ұшып бара жатты» деп жазады, қазақтың тұңғыш ғарышкерінің сұхбатын сәрсенбі күнгі санында басқан “Айқын” басылымы. Сұхбатта қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанар алдында қазақ тілінде президент Н.Назарбаевқа рапорт бергенін есіне алады. Өз сөзінде Тоқтар Әубәкіров өмірінің отыз жылдан астам уақытын аспанда өткізгенін айтқан. «Аспаннан кетейін деп жүргенде ғарышқа барып қайттым, менің бүкіл көңілімде, сезімім де, жүрегім де аспанда. Бірақ, бір кезде жерге түсуге тура келді, жерде өзгерістер көп екен, адам іріленіпті, ал ішкі сезімі, рухани дүниесі ұсақталып кетіпті» дейді, “Айқын” газетіне берген сұхбатында Тоқтар Әубәкіров. Газеттің бір бетін толығымен алған сұхбатта қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа дейін немен шұғылданғаны жайында, соңынан неге ғарышқа ұшпай қалғаны туралы айтып берген. “Үкіметке деген ренішіңіз бар ма?” деген сұраққа Тоқтар Әубәкіров: «Бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Бәрі келеді, кетеді. Тек халық қана мәңгілік. Маған қазақтың құрметінен артық ештеңе керек емес. Халықтан асатын ешкімнің жоқ екенін де ұмытпауымыз керек» деп жауап берген. Сонымен қатар Тоқтар Әубәкіров өмірде өтірік айта алатынын жасырмаған. Алғаш рет қазақтың тұңғыш ғарышкері өзінің тұңғышын “мен қайдан пайда болдым?” дегенде алдаған. «Дегенмен де шындықтың да айтылатын орны бар. Мысалы, өлім алдында жатқан адамға сен жамансың деуге болмайды», дейді Тоқтар Әубәкіров.

Қазақ жігіті алғаш рет ғарышқа аттанғанда Тоқтар Әубәкіровке ұсынылған ат спиртпен сүртілгені жайында сәрсенбі күні “Аргументы и Факты Қазақстан” басылымы жазып отыр. Басылымның хабарлауынша, 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанар алдында ерекше оқиға көп болған. Мәселен, Қызылорда облысының ақсақалдары ғарышқа қазақ жігіті ұшатынын естіп, арнайы той ұйымдастырған. «Бұдан бұрын мұндай жағдай болған емес, бірақ жоғарғы жақта отырған шенеуніктер Тоқтардың жерлестерінің өтінішінен бас тарта алмай, өз рұхсатын берген. Нәтижесінде үлкен дастархан басында дұға оқылып, Тоқтар Әубәкіровке ақ жүйрік ат сыйға тартылған. Бұл арада Тоқтар Әубәкіров шыдай алмай бірден атқа мінген, бірақ, микроб түспес үшін ат толығымен спиртпен сүртілген» деп жазады “Аргументы и Факты Қазақстан” басылымы сәрсенбі күнгі санында.

15 жыл бұрын Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанған жерге сейсенбі күні бельгиялық қонақтар келгені жайында “Егемен Қазақстан” газеті жазып отыр. Бельгияның заң шығарушы орган өкілдері ғарыш кешенінің тыныс-тіршілігімен танысқан, ұшу алдындағы Космонавтика мұражайымен танысып, бас конструктор С.Королев пен Ю.Гагаринның мемориалды үйлерін аралап шыққан.

Сәрсенбі күні жарық көрген “Экспресс К” газеті Тоқтар Әубәкіров дүниеге келген Қарағанды облысына дүйсенбі күні Грузия президенті Михаил Саакашвилидың ұшағы қонғаны жайында жазған. Грузия президентінің ұшағы Қарағандыға жоспардан тыс қонып, ұшағын отынмен толтырып алған.
XS
SM
MD
LG