Accessibility links

Ауғанстанда көкнәр егістігін жою науқанынан бүлік күш жинауда


Ауғанстанның пушту тілінде сөйлейтін оңтүстігіндегі фермерлердің көкнәр егістіктерін күштеп жою науқаны – үкімет билігінің күшін әлсіретіп, керісінше – Пәкістандағы көсемдері басқарған тәліптер мен Әл-Қаиданың ықпалын күшейтіп жатқан жоқ па? Жергілікті фермерлермен, жергілікті қауымдастықтардың жетекшілерімен, қауіпсіздік өкілдерімен, сондай-ақ аудандық және аймақтық кеңестермен тікелей жұмыс істейтін Сенлиз Кеңесінің (the Senlis Council) жаңа баяндамасына қарағанда, көкнәр егістігін жою мен қауіпсіздік шаралары арасында қайшылық бар және фермерлердің шығындары жеткілікті түрде өтелмей жатыр. Сол себепті де жергілікті жерлерде үкімет пен халықаралық қауіпсіздік күштеріне деген сенім барған сайын азайып, керісінше бүлік етек жайып барады.

Жаңа баяндамаға сәйкес, халықаралық қауымдастықтың есірткі өндірісіне қарсы Ауғанстанда іске асырып жатқан саясаты көбіне нәтиже бермей, жергілікті ру-тайпалармен арадағы қарым-қатынасының нашарлауына өз үлесін қосып отыр. Көкнәр егістіктерін жоюдың әрі қарай жалғасуы – жергілікті фермерлердің “жүректері мен сана-сезімін жаулап алудың” орнына, әлгі саясатқа көңілі қалған фермерлердің тәліптер мен “Әл-Қаида”-ны қолдап шығуна жетелеуде. Халықаралық қауіпсіздік пен дамудың ойластыру орталығы болып табылатын Сенлиз Кеңесінің (the Senlis Council) мәліметтері Ауғанстанның оңтүстігіндегі Нангарһар, Кандагар және Гильменд өлкелерінен жиналды. Эммануэль Рэйнерт (Emmanuel Reinert) – осы Кеңестің басшысы.

“Іске асырылып жатқан жою операциясы – тәліптер мен “Әл-Қаида” үшін анық нысанаға айналды. Осылайша олар не істеу керектігін және қайда жұмыс атқару қажеттігін біледі – жою науқанынан кейін онысы дұрыс. Осы науқанның барысында Ауғанстанның қауіпсіздік күштері жағынан және де АҚШ армиясы мен осы науқанға атсалысқан Американың жеке компаниясы жағынан құрбан болғандар да бар”, - дейді Эммануэль Рэйнерт.

Рэйнерттың түсіндіруінше, күшейіп келе жатқан бұл бүлік Гильменд өлкесіне алдағы маусым айында орналасатын британ күштерін нысанаға алуы мүмкін – тіпті британ жасақтары көкнәр егістіктерін жою науқанына атсалыспаған күннің өзінде де. Қазіргі ахуалдың ең қауіптісі – енді көтерілісшілер көкнәр егістігінің жойылғанына наразы болған фермерлерді қорғап, оларды қамқорлығына алып жатыр. Рэйнерт әсіресе осыған алаңдайды.

“Бұл өте маңызды. Өйткені, олар фермерлерді өзінің қорғауына алады, олар көкнәр егістігі жойылған фермерлердің шығындарын өтейді және тәліптер іс жүзінде жергілікті халықтың жүрегі мен сана-сезімін жаулап алды”, - дейді Эммануэль Рэйнерт.

Рэйнерттің айтуынша, Талибан қозғалысын Пәкістанның шекара бойына шоғырланған қуатты элементтер қаржыландырды. Бұл элементтер Ауғанстанның оңтүстігіндегі үлкен облыстарға үстемдік орнатқан. Рэйнерттің мәлімдеуінше, пәкістандықтардың осы облыстарға ағылып келуіне халықаралық күштер ғана тосқауыл болып тұр.

Мұндай пікірмен өзге сарапшылар да келіседі. Солардың бірі - Лондонда шығатын “The Independent” газетінің қорғаныс және дипломатия саласы бойынша тілшісі Ким Сенгупта (Kim Sengupta). Ол таяуда ғана Ауғанстанда болды.

“Олар қатарын Пәкістаннан келгендермен және шекара бойында орналасқан Вазиристан, Хошт облыстарынан келген тәліптермен толықтыруда. Менің ойымша, алаңдататын нәрсе – Сіз мынадай проблемаға – екі майданы бар соғысқа тап болдыңыз. Атап айтқанда, Сіз қайта бой көтеріп жатқан бүлікшілерді көріп отырсыз, сонымен бірге Сіз әбден ашуға мінген, ызаға толған фермерлерге тап болдыңыз. Олардың ашуға мінгені соншалықты, олар қару көтеруге дайын”, - деді Ким Сенгупта.

Сенгуптаның сөзіне қарағанда, ең басты проблема - өзге ешқандай егін көкнәрдай мол пайда бермейді. Егер де фермерлер исламшылдықпен қарулана бастаса, демек ол Х.Қарзайдың билгі мен оның Батыстағы одақтастарына деген наразылық өсе бастады дегенді ғана аңғартады. Сонымен қатар Эммануэль Рэйнерт көкнәр егістігі жойылған соң кейбір фермердің басқа да дәнді дақылды егумен шұғылдануға ықылас білдіргенін хабарлады. Алайда, солардың өздері де ресми биліктен теріс бұрыла бастады. Өйткені, деп түсіндіреді Э.Рэйнерт, олар үкіметтің уәде еткен өтемақыларын ешқашан алған емес.

Сенімсіздік осылайша өсіп тұрған кезде, Гильменд облысын өзінің қамқорлығына алу туралы британ жоспары өте қиынға соғады. Өз кезегінде Э.Рэйнерт апиын өндірісін дәрі-дірмек үшін заңдастыру керек деген Сенлиз Кеңесінің балама жоспарын қолдайды. Ал Сенгупта болса, Сенлиз Кеңесінің ауыл аймақтағы көкнәр егістігін жою науқаны – көтерілісшілердің жүгін жеңілдетіп отыр деген пікірімен келіседі.

“Бұл - өте үлкен мәселе. Өйткені, Гильменд пен Кандагарда біз сөйлескен фермерлердің барлығы да әбден ашу-ызаға мінген”, - дейді Ким Сенгупта.

Көкнәр егістігін жою проблемасы ойдағыдай шешілмейінше, Ауғанстандағы қауіпсіздік ахуалы нашарлай береді деген пікірге басқа сарапшылар да қосылады. Мұндай көзқарас өткен аптада британ парламентінің комитеті шығарған қорытындымен ұштсады. Онда таяу болашақта “қауіпсіздік ахуалы нашарлайтын сияқты” делінген.
XS
SM
MD
LG