Accessibility links

Тәуелсіз басылымның редакторы өзіне қарсы билік тарапынан қысым жасалып отырғанын айтады


12-ші көкекте «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркепов өткен түні өзінің үйіне арандату мақсатымен ұры түскенін және соңғы уақытта билік тарапынан газетке әртүрлі қыспақ, кедергі әрекеттер көбейіп кетті деп мәлімдеді. Ол оған Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтың қатысы бар деп санайды және оның отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Ресми көрсеткіші бойынша 10 мың дана таралмыммен шығып келген «Алма-Ата инфо» газетінің негізгі бағыты тіркеу құжаттары бойынша ақпараттық-танымдық деп көрсетілген. Сонымен бірге бұл газеттің Ресейдің «Новая газета» газетімен бірлесе шығаратын беттері бар. Ол беттерде Ресей сарапшыларының Қазақстанға қатысты мақалалары басылады. Рамазан Есіркепов мырза ол мақалалар жергілікті билікке жақпайтындықтан басылымға қарсы әртүрлі қыспақ пен кедергілер жасап отыр дейді.

«Газеттің 11-ші көкекте жарық көрген соңғы санында «Новая газетадан» алып басылған Қазақстан президенті мен қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов туралы материал бар еді. Соған билік наразы. Сондықтан мен, өткен түнде үйіме түскен ұрының әрекетін биліктің мені қорқытып, үркітпек болған әрекеті деп бағалаймын», - деді Есіркепов мырза көкектің 12-күні Алматыда журналистер алдында жасаған мәлімдемесінде.

«Ұрының әрекетін арандатушылық деп бағалайтыным, алтын бұйымдар жатқан бір қобдишадан аздаған заттарды, екінші қобдишадан тағы аздаған бұйымдарды алып кеткен. Терезе алынып қойған. Таза ұры болса неге барлық алтын бұйымдарды алып кетпейді? Демек, бұл - билік тарапынан маған жасалып отырған ескерту, қорқыту» дейді редактор.

Ресми орындар бұл ұрлық туралы әзірге ешқандай мәлімет бере алмайтындықтарын айтады. Есіркепов мырза саясатта өзін «оңшыл да емеспін, солшыл да емеспін» дейді.

«Мен үшін кім президент болатыны – Назарбаев па, Тұяқбай ма - маңызды емес. Мен үшін олар қол қойған заңдардың орындалуы мен сақталуы, адамдардың адал еңбегі маңызды. Билік соған мүмкіндік бермей отыр емес пе?», - деп күйінеді ол.

Есіркепов мырза өзі басқаратын газеттің дүркін-дүркін сот ісіне тартылуында саяси астар бар деп бағалайды.

«Менің байқауымша, біздің газетке қатысты барлық заң бұзушылықтар қала әкімі Тасмағанбетов мырзамен байланысты. Сондықтан мен Қазақстан азаматы ретінде, конституциялық құқық негізінде қала әкімінің отставкаға кетуін талап етемін», - дейді «Алма-Ата инфо» газетінің редакторы.

«Қатер астындағы журналистер» қоғамдық қор жетекшісі Розлана Таукина «бұл газет соңғы уақытта әртүрлі қыспаққа алынып жатыр» деп отыр.

«Газеттің жұмысын салық орындарының шексіз тексерулері басталды. Газет басқан материалдар негізінде бұл басылымды көптеген тұлғалар сотқа тартып отыр. Ол аз десеңіз, Рамазанның баласы еңбек ететін банк та шексіз тексерушілерден оның баласын жұмыстан шығару арқылы ғана құтылғанын айтып отыр. Демек, билік Рамазанға кедергі келтіру үшін оның баласын жұмыстан қуып отыр», - дейді Таукина ханым.

Тағы бір ескеретін мәселе - «Алма-Ата инфо» газетінің негізгі бағыты, тіркеу құжаттары бойынша ақпараттық-танымдық деп көрсетілгенімен ол соңғы уақытта жарнама саласында үлкен жетістіктерге жетті дейді кейбір тәуелсіз сарапшылар. Ал Есіркеповтың соңғы мәлімдемесінде айтылған «саяси астарға» қатысты Қазақстанда жарық көретін оппозициялық «Апта» газетінің редакторы Шәріп Құрақбай өзгеше ой айтады.

«Мен бұған саяси астар беруге, онша жүрегім дауламай тұр. Бұл жерде басқа себеп жатқан сияқты... Жарнама көп болғанға қызғанып кететіндер бізде оны өзіне тартып алғысы келеді. Бізде, мына нарық заманында, бәсекелестерін осылай ығыстыратын тәсілдер де бар. Әйтпесе, жаңағы ресейлік газеттер Қазақстанда онсыз да тарап жатыр», - дейді Ш.Құрақбай мырза.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркепов бұған дейін «Доживем до понедельника», «Начнем с понедельника» газеттерін басқарған тұлға. Аталған газеттерде басылған материалдар үшін ол талай мәрте сотқа да тартылған болатын. Сол сот істерінің кейбірі әлі күнге аяқталған жоқ.
XS
SM
MD
LG