Accessibility links

Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттік интернет кеңістігінде электронды үкіметтің веб-порталын іске қосты


ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Интернетте «электронды үкімет» веб-порталын іске қосты. Бұл жоба 2005-2007 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып отыр. Келешекте азаматтар мемлекеттік органдармен арадағы құжаттарды Интернет арқылы жолдауға мүмкінді алады дейді агенттік өкілдері. Ал, кейбір бақылаушылар болса, компьютер түгіл телефон байланысы аз орнатылған елде, ең әуелі осы проблеманы шешу керек деп отыр. Оның үстіне Қазақстандағы интернет провайдерлердің қызмет бағасы тым қымбат болғандықтан бұл күйінде электронды үкіметке қалың жұртшылықтың қолы жетпеуі мүмкін деген пікір айтушылар бар.

Бұл портал бір терезе арқылы мемлекеттік қызмет көрсететін электронды үкіметтің тәжірибелік механизмі болып табылады деп хабарланып отыр. Жоба электронды үкіметтің бір бөлігі ретінде жүзеге асырылды. Ал, соңғы мәресі 2009 жылы болады деп жоспарланған. Әзірге электронды үкімет құру жұмысының бірінші кезеңіне бірнеше министрлік, мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікпен ұлттық банк қатысып отыр. Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамының өкілі Руслан Еңсебаевтің айтуынша олар халыққа қажет ақпаратты ортақ порталға орналастырды. Өйткені елдегі мемлекеттік органдардың 90 пайызының сайттары болғанымен одан керекті құжат алу қиын, дейді ол.

Жыл соңына дейін жоғарыда аталған мекемелермен қоса барлық мемлекеттік органдар қамтылады деп хабарланып отыр. Олар ақпараттық қызмет көрсетуге тиіс болады. Оның сыртында порталда электронды пошта, қатынас қызметі, күнтізбелік жоспарлау және жазылу қызметі жұмыс істейді дейді Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі. Веб-порталдағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Қазақстандағы софторлық компаниялар қауымдастығының атқарушы директоры Жұмат Әлимовтың айтуынша жобаның басты мақсаты билікпен бұқара аралығындағы кедергілерді азайту:

- Көрінген жерде ақпарат жүйесі, тетігі болса соған қосылып керекті ақпарат құжат алу деген сөз. Бұл осы шенеуніктердің артынан жүгіріп көп күндер кезекте күту емес. Негізі бұл халыққа қызмет көрсету.

Ал, кейбір сарапшылардың пайымдауынша қазір Қазақстандағы мемлекеттік органдардың ақпараттандыру жұмысының негізгі проблемасы әр түрлі мекемелердің өзара ақпарат алмасуының аздығында жатыр. Қазақстандағы IBM компаниясының өкілдері айтып өткендей, соның кесірінен әр мекеме әлемнен жасанды шекарамен қоршалып алған. Сондықтан басқа мекемелер өздеріне қажет ақпаратты дер кезінде алмайды. Осылайша, бір бірін қайталайтын, бір ақпаратты әр түрлі қылып дайындайтын, бейберекетсіздікке әкелетін жүйелер пайда болған, дейді мамандар. Ал, Астаналық кәсіпкер Ербол Омаровтың айтуынша электронды үкіметтің пайдасы мол, бірақ, қазір ол шолақтау, дейді ол:

- Мен өзі кәсіппен айналысқаныма көп болған жоқ. Содан бері электронды үкіметтің пайдасын көре бастадым. Әуелде салықты қағаз бюлеттеньдер арқылы декларацияны тапсырып жүрдім. Онда күні бойы кезекте тұрып әзер деп өткізесің. Ал бір айдан бері тоқсандық есептердің бәрін электрондық хатпен жіберем. Өте қолайлы. Бірақ, бізде интернет желісін пайдалану өте қымбат. Екінші жағынан ауылдағылар бұл қызықты көре алмай жатыр. Қазір онда телефон желісі қалыптаспаған интернет түгілі.

Қазақстандағы IBM компаниясының өкілдері айтып өткендей, әзірге әр түрлі жүйелерді бір ізділендіретін ең қолайлы жүйе әлемдік тәжірибе көрсеткен интернет желісінің стандарты - www жүйесінің тиімділігі мол. Мысалы, компьютер және модемі бар кез келген адам осы жүйеден ақпарат алуға мүмкіншілік алады. Ал байланыс құралы жоқ азаматтар кез келген интернет кафеге келіп ақпарат жинауына болады, дейді мамандар. Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің Астанадағы бөлімінің өкілі Абай Мұхаметжановтың айтуыншада қазір бәсеке көбейген:

- Қазір бәсеке жақсы. Провайдерлер көп. «Қазақтелеком» ғана емес «Нұрсат» бар, «Астел» бар. 5-6 компания бар. Бәсеке болған кезде бізге пайдалы. Қызмет сапасын көтереді, бағасын түсіреді.

Қазір Қазақстанда интернет желісіне қосылу үшін, 3 сыртқы арна жұмыс істейді. Осы арналарды көбейтудің арқасында бұдан былай интернетке шығатын арналардың өткізу мүмкіндігі бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда 19 пайызға артады деп хабарлайды «Қазақтелеком» басшылығы. Компания мамандары, мұндай шешімді Интернет қызметін пайдалануға ниет білдірген жаңа клиенттер санының артуына байланысты қабылдадық, дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG