Accessibility links

Италия мафиясының көсемін тұтқындаудың жай-жапсары.


Полициядан жасырынып 40 жылдан көп уақыт бас сауғалап келген “италиян мафиясы көсемдерінің көсемі” Сицилия аралындағы аты аңызға айналған Корлеоне қаласының сыртында орын тепкен бір ауылдағы үйінде осы сейсенбі күні тұтқындалды. 73 жастағы Бернардо Провензаноны (Bernardo Provenzano) қайсыбір жансыз немесе бақталас мафияның баскесерлері ұстап берген жоқ, жууға берген кір киімі арқылы кездейсоқ қолға түсті. Өзі көсем болып отырған кезеңде Сицилияның “Коза Ностра” деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық тобын Провензано Ресейден бастап сонау Латын Америкасындағы Колумбияға дейін іскерлік мүддесі бар халықаралық ұйымға айналдырды. “Азаттық” Радиосының тілшісі Сицилия аралының астанасы – Палермо қаласының бұрынғы әкімі Орландо Леолучамен сұхбаттасқан болатын. Орландоның мафияға қарсы күреске жұмсаған күш-жігерін бүкіл әлем мойындады.

Италия полициясы Бернардо Провензаноны 43 жыл (!) бойы іздестірді. Ақыр соңында полиция Сицилия мафиясының ешбір дау туғызбайтын көсемін қолға түсірген кезде, ол – Голливудтың атақты “Кіндік әке” фильмінде көрініс тапқан оның туып-өскен әйгілі Корлеоне қаласынан 2 шақырымдай жердегі ауылда тұрған болып шықты. Корлеоне – Палермо қаласының маңындағы төбеге орналасқан. Күдік бойынша, айналымында миллиондаған қаржысы бар халықаралық қылмыстық ұйымды басқаратын, ақ-сұр шашты егде тартқан кісі ауылдағы бір жұпыны үйде тұрған көрінеді. Киім-кешегінен 2 “джинсы” шалбары мен свитері ғана бар адам, полиция кіріп келгенде, асып-саспай-ақ: “Ия, мен – Бернардо Провензаномын!” –деп тіл қатқан. Алайда оны Палермо полициясының маңына жиналып күтіп тұрған жұрт беттеріне маска киген полицейлер Провензаноны кеңсеге алып кіре бергенде “Оңбаған!”, “Кісі өлтіруші!” деген қарғысын жаудырды.

Тергеушілер Провензаноны ешбір жансыздың көмегінсіз ұстағанын қадап айтып отыр. Оның орнына полиция мафия көсемін ұстауға кездейсоқ оқиғаның себеп болғанын алға тартады. Полиция Провензаноның Корлеоне қаласында тұратын әйелі арқылы жууға беріп жіберген киімінің жолын бақылап қолға түсірген.

Полицияның қолында Бернардо Провензаноның 25 жасында түскен бір ғана фотосуреті болған. Содан бері тергеушілер оның қалай есейіп-қартайғанын, егде тартқанында қандай қалыпқа келуі мүмкін екенін анықтау үшін компьютер бағдарламасына арқа сүйеген. Ақпар-мәлімет жағынан сатқын мафиозилер де көмек берген. Полицияға, сондай-ақ, 2003-інші жылы Провензаноға еріксіз операция жасаған Марсель қаласындағы францұз дәрігерлері де қолқабыс еткен.

Провензано – мафияның бірнеше жыл бұрын істеген ең ауыр әрі жұртшылықты қатты дүрліктірген қылмыстары үшін, оның ішінде – мафияға қарсы күрескен жетекші судьялар Джованни Фальконе (Giovanni Falcone) мен Паоло Борселиноны (Paolo Borsellino) 1992-нші жылы өлтірген қылмыстары үшін сырттай сотталып, өмірінің соңына дейін абақтыға кесілді. Оның тұтқындалуын ішкі істер министрі Джузеппе Пизану (Giuseppe Pisanu) 1993-інші жылы Палермо қаласында Сальваторе Рииноның ұсталуынан кейінгі мафияға қарсы ең ауыр соққы болды деп бағалады. Сальваторенің “Тото Риино” немесе “Сәби Риино” деген лақап аты болды. Ол тұтқындалған соң мафия басшылығына отырған Бернардо Провензаноны - “capo di tutti i capi” немесе “көсемдердің көсемі” деп атайтын болды.

Дж.ПИЗАНУ: “Бұл мафия, әрине, өзінің ең беделді көсемінен айрылды. Бұл – мафияның құрылымына деген ауыр соққы, оны бассыз қалдырды. Менің осыған қоса айтарым: Провензаноның тұтқындалуы – Италиядағы және халықаралық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыспен күрестің зор жеңісі...”

Алайда Италияның мафияға қарсы басты күрескері Пьетро Грассо (Pietro Grasso) өзгешелеу қабылдады. Көсемнің тұтқындалуына қуанышын білдірумен қатар Грассо кәсіпкерлер мен саясаткерлерді мен басқа да ресми тұлғаларды Провензаноны талай жыл бойы бүркемелеп келді деп айыптады. Бірақ нақты ешкімнің аты-жөнін атаған жоқ. Мұндай айыптаулар, алайда, Леолуча Орландо үшін ешқандай жаңалық емес. Бұрын 2 рет Палермо қаласының әкімі болған Орландо – мафияға қарсы күресінде көрсеткен күш-жігері үшін Италияға және өзге елдерге кең танылған болатын. Ол сонау 80-інші жылдардың соңында-ақ Палермо мен Римнің ең басты саясаткерлерін және ірі кәсіпкерлерін “мафиямен ауыз жаласты” деп айыптаған алғашқылардың бірі еді. Орландо Леолуча - Палермо қаласынан телефон арқылы “Азаттық” Радиосына сұхбат берді.

“АЗАТТЫҚ”: Көпшілік жұрт мафияны “Кіндік әке” сынды фильмінің желісі бойынша көзге елестетеді. Фильмде мафияның бейнесі дәл көрсетілді ме?

ОРЛАНДО: “Біздер – сицилиялықтар үшін – “Кіндік әке” фильмі орасан зор трагедия болып табылады. Бұл тамаша фильм, Марлон Брандо ірі актер – оның аулада немересімен ойнаған Вито Корлеонені сомдаған рөлін Сіз қалай ұмытасыз!? Алайда бұл фильм бүкіл әлемге бізді масқаралайтын мафияның тартымды бейнесін көрсетті. Бұл фильмді Буэнос-Айресте немесе Токиода кім көрмесін, олар мафияны біздің пейзажымыздың құрамдас бөлігі деп ойлайды. Өйткені біздің Этна вулканымыз бар, теңізіміз және де... біздің мафиямыз бар! Бірақ біз оны табанды түрде жоққа шығаруымыз керек. Сицилия мафиясы - әлемнің басқа түкпірлеріндегі барлық мафияның ісін жалғыз атқарады. Мафияны – Сицилияның мәдениеті, болмысы, құрамдас бөлігі ретінде көрсеткісі келеді. Бұл құндылықтарымыздың атынан, ар-намыстың атынан, отбасының атынан, достық сезімнің атынан кісі өлтіру арқылы біздің құндылықтарымызды теріс айналдырады, бұрмалайды”.

“АЗАТТЫҚ”: Қазіргі “Коза Ностра” дегеніміз қандай ұйым? Бұл – үрей туғызатын және өте бай, жалғыз өзі халықаралық кәсіпкерлікпен тығыз қарым-қатынас орнатқан және Сицилияның ауыл-аймағындағы ауылда тұратын қарт басқарған құрылым сияқты көрінеді ғой...

ОРЛАНДО: “Ақылға қонбайтындай көрінетін нәрсе – мафия ақшаның халықаралық айналымы арқасында ғаламдық байланыс желісін құрды. Бернардо Провензано сынды жігіт өзінің ауласында, сарайының ішінен табылды. Бірақ ол әлгі сарайының ішінде отырып бүкіл әлемдегі миллиондаған қаржының, миллиондаған доллар мен еуроның айналымын басқарды. Оның қисыны жоқ секілді көрінеді. Бірақ ол, өз кезегінде, мафияның қылмыстық құбылыс қана емес, “билік жүйесі” болып табылатынын растайды. “Билік жүйесі” деп мен нені айтқым келеді? Мафия – мемлекетте, азаматтық қоғамда, банкте болуға тиіс және де ішінде болуы керек, ол өзінің территориясында болуға тиіс”.

“АЗАТТЫҚ”: “Коза Ностра” қалай ақша табады?

ОРЛАНДО: “Мафия ақша бар жерден табылады. Сицилияда ақша ауыл-аймақта болған кезде, мафия ауыл-аймақтан шықты. Ақша қоғамдық келісім-шарт жұмыстарынан көрінгенде, мафия қалада пайда болды. Ақша папирос саудасына барғанда, ол Палермо портының маңында болды. Ақша есіркі контрабандасынан қарайып көрінгенде, ол әлгі препаратты тазалайтын зауыттар төңірегінен көрінді. Менің ойымша, бүгін мафия жаңа бизнес ашылған жерге барды. Жаңа бизнес ақпараттық технологияға байланған... Әлемдегі әрбір бизнестің артында – мафиясы бар”.

“АЗАТТЫҚ”: Сицилия мафиясы мен Ресейдің және бұрынғы Совет Одағы республикаларындағы ұйымдасқан қылмыстық топтарының байланысы туралы Сіз не айта алар едіңіз?

ОРЛАНДО: “Орыс мафиясы мен Сицилия мафиясы өзара кездесіп тұрады, бірақ олар Корлеоне немесе Мәскеуде кездеспейді. Олар банкте кездеседі. Банктер - әлемдегі барлық мафияның кездесетін орны. Өйткені әрбір мафияға – Ресейдің, Қытайдың, Жапонияның немесе Сицилия мен Колумбияның мафиясы болсын – банк керек. Банктер ақшаны өңдеуге, арам ақшаны таза ақшаға айналдыру үшін және таза ақшаны арамза бизнеске салу үшін керек. Ескі мафиямен күресу керек болған кезде, Сіз жаңа мафиямен арпалысуға тиіссіз, Сіз банктерді тексеруіңіз керек. Өйткені банктер болмай, мафияға банксіз өмір жоқ, мафиозо – банксіз ынтымақтаса алмайды. Сіз Ресей мафиясын Сицилиядан немесе Сицилия мафиясын Ресейден таппайсыз. Сіз Германиядағы банк немесе салық жеңілдігі бар оффшорлық аймақ арқылы Сицилия мафиясымен байланысы бар орыс мафиясын таба аласыз”.

“АЗАТТЫҚ”: Ресей, Румыния, Украина немесе Грузия сынды елдердегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрескен әріптестеріңізге Сіз қандай кеңес берер едіңіз?

ОРЛАНДО: “Палермодағы сияқты, көптеген елде жұрт тек заңсыз жолмен немесе мафия арқылы ақша табуға болады деп ойлайды. Мұндай жол, бәлкім, жабық дүниеде бір кезде дұрыс та болған шығар. Бірақ бүгінгі ғаламдасқан әлемде қала өзінің экономикасын, өзінің бизнесін дамыта алмайды, егер заңсыздықпен күреспесе, қала - туризмнің немесе инвестицияның орталығы бола алмайды. Көбіне біз заңды орындамаған адамдардың жұмыс таба алмайтынын, ережені басшылыққа алмағандардың қызметінде өсе алмайтынын немесе коммерциямен шұғылдана алмайтындарын айтумен келеміз. Бірақ азаматтық қоғамдарда оған орын жоқ, олар керісінше ойлайды: заңды орындайтын халық жұмыс тауып, қызметінде көтеріліп, коммерциямен айналысады. Егер Украинаның, Ресейдің, Түркияның немесе Румынияның өзге қалаларындағы менің әріптестерім өздерінің қалалары азаматтық қоғамға айналсын десе, онда олар да ғаламдасқан дүниедегі жұртшылық заңға бағынса, жұмыс табады, қызметінде өседі және байлыққа кенеледі дегенді кең насихаттауға тиіс”.
XS
SM
MD
LG