Accessibility links

Астана қалалық соты «Алға» партиясының бір талабын қанағаттандырды


Астана қалалық соты оппозициялық "Алға" ұйымының оларды тіркемеуге қатысты Әділет министрлігінің дәлелдерінің қате екендігі туралы талабын қанағаттандырған. Бұл туралы бейсенбі күні тіркелмеген "Алға" партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов мәлімдеді. Ол егер партия тіркелсе, Қазақстан президентінің басшылығымен өтетін қоғамды демократияландыру жөніндегі Мемлекеттік комиссия жұмысына қатысуға дайын екендігін айтады.

Партия мүшелерін тіркеу және олардың тізімін нақтылау бойынша «Алға» ұйымы мен Әділет министрлігінің жіберген қателерін қатар қарасақ, министрлік тарапынан кеткен кемшіліктер артығымен шығады. Оны Астана соты көкектің 11-інде растады дейді «Алға» ұйымының басшысы Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:

- 439 адам туралы талқылау өтіп жатыр. Тіркеу комитеті айтып жатыр: олардың арасындағы адамдардың аттары, фамилиялары, құжаттары дұрыс емес. Бірақ біз барлығы 62 мың адам жинадық деп отырмыз. Егер оның 439-ы дұрыс болмаса, 61 мыңнан астамы рас болып тұр ғой?! Онда тіркесін! Тіпті сондай кемшіліктер болған күннің өзінде бұл тізімдегі барлық адамның 1 пайызына да жетпейді, ал министрліктің біз сот арқылы дәлелдеген қателіктерін алсақ, ол біздікінен көп – 2 пайыздан асады. Онда кімнің жұмысы дұрысырақ әрі сапалы?!

Егер де Әділет министрлігінің баспасөз қызметі «Азаттық» радиосына ұсынған жазбаша деректерге жүгінсек, партия жасанды жолмен өзінің қатардағы мүшелер санын арттырмақ болған. Сөйтіп, тіркеуші органды адастырған. Ал соттың министрліктің жалған дәлелдер пайдаланғандығы жайында қорытындыны растағаны туралы пікір білгіміз келгенде, баспасөз қызметі түсіндірме бере алмады.

«Алға» партиясы – бұл бұрынғы жабылып қалған Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының заңды жалғасы. Олар үнемі батыл қадамдарға барады, мәлімдемелері шұғыл әрі нақты. Сондықтан, олар билікке де көбірек қауіп төндіреді», - дейді тіркелмеген «Қаһар» жастар ұйымының, өз аты-жөнін атағысы келмеген белсендісі.

Жас кәсіпқойлар қоғамының мүшесі Тимур Қыдырбаев болса, «билік орындарының бұл оппозциялық ұйымды ұзақ уақыт тіркемеуінің себебі – оларды осылай ұзағырақ азаптап, жазалағысы келеді» дейді:

- Бірақ түптің түбінде оларды тіркейді, - деген сенімде Жас кәсіпқойлар қоғамының белсендісі.

Ал егер оппозциялық ұйымды билік орындары тіркемесе, бұл олардың қызметін радикалдандырып, шұғыл қадамдарға итермелеуі мүмкін деген ой айады «Нағыз Ақ» жол партиясының белсендісі Айдос Сарымов:

- Егер тіркемесе оппозициялық ойдағы азаматтар басқа да қадамдарға баруы ықтимал. Мысалы, кейбір араб елдерінде оппозцияны қудалау қоғамға кесірін тигізуде: олар лаңкестік, экстремистік ұйымдарға бірігіп отыр. Ал ондай ұйымдарға ешқандай тіркеудің де, мемлекетті мойындаудың да қажеті жоқ. Егер үкіметтің көздегені осы болса, онда оған бүгінде жетуі де мүмкін.

Неліктен оппозциялық бағыттағы «Нағыз Ақ жол» партиясы тіркеліп, «Алға» тіркеуден өте алмай жүр деген сауалға Айдос Сарымов «Алға» басшылығының заңдық жолдардан өзге тәсілдерді тиімді пайдаланбағанында деп түсіндірді:

- Моральдық және тетіктерді пайдалану керек деп ойлаймын. Себебі, қазіргі соттардың 99 пайыызы биліктің аузына қарап отыр. Осындай жағдайда сотқа да, билікке де қандай да бір «қысым» қажет тәрізді: халық жағы, зиялы қауым сөзі бір жерден шығып, партияны тіркеуді қолдап отырса, биліктің «жоқ» деуге шарасы қалмайды.

«Алға» қоғамдық ұйымынан тіркеу туралы өтініш Әділет минситрілігіне былтырғы жылдың қыркүйек айының 22-сінде түскен. Ал биылғы жылдың ақпан айының 15-інде министрліктің тіркеу комитеті партияны тіркемеу туралы шешім шығарады. Бұл шешімге қарсы «Алға» ұйымының арызы наурыздың 6-сынан бері Астана қалалық сотында қаралуда. Бүгінгі күнге дейін соттың 4 отырысы өтті, келесі қашан өтетіндігі анықталмаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG