Accessibility links

Есептік кездесулердің қорытындылары бойынша бірқатар аудан және ауыл әкімдері тиісті қызметтерінен босатылды


Есептік кездесулердің қорытындылары бойынша бірқатар аудан және ауыл әкімдері тиісті қызметтерінен босатылды. Бұл туралы Астанада көкектің 14 күні Қазақстан президенті Назарбаев әкімдермен өткен жиналыста хабарлады. Оның айтуынша, сараптама нәтижесі әлі де болса барлық жерде аудандар мен қала әкімдерінің дайындық деңгейінің қазіргі күн талабына сәйкес келмейтінін көрсетті.

Қазақстан президенті Назарбаевтың айтуынша, әкімдердің халықпен есептік кездесулерінің қорытындыларының сараптамасы осындай нәтиже берген. Ал, мемлекеттік қызметте аймақтарда біліктілікті көтерудің жүйесі жоқтығын көрсетті, деді президент. Әкімшіліктерде жұмыс орындары жылдар бойы бос тұрады. Ал, жаңадан тағайындалған облыс әкімдері өздерімен бірге команда алып жүреді, мұндай көшпелілікті доғару керек, деді Назарбаев. Бұл орайда ол «Болашақ» стипендиясымен білім алған жастардың қызметін мысалға келтірді. Және әкімдердің жұмысын бағалайтын рейтинг жасау қажеттігін қайталады. Жастарға тоқталғанда президент мынадай мәлімет келтірді. Мүмкіншілігі мол мұнайлы өлке Атырау облысында жұмыссыздық белең алған және осы облыста кедейлер көп болып шықты, деді ол. Ал, Алматы қаласында жастар арасындағы жұмыссыздық 22 пайызды құраған.

Ал, саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша жұмыссыздықпен күресуге болады:

- Жұмыссыздықтың әсіресе жастардың арасында көбеюіне көңіл бөлуі өте дұрыс. Себебі жұмыссыз жастардың жағдайынан ешбір мемлекеттік бағдарламаны көріп тұрған жоқпыз. Және жұмыссыз күннен күнге күшейіп бара жатыр. Әрі кетсе қол арба таситын жұмыс ең бір жоғары жұмысы бар адам дегенге келдік. Және жұмыссыздықтың аяқ жағы әлеуметтік жарылыстырға әкеп соқтыруы мүмкін. Жұмыссыздықты тоқтатудың негізгі мәселесі сырттан келетін жұмыс күшін тоқтату. Әсіресе соңғы уақытта миллиондаған адам сырттан келіп жатыр.

Ал, президенттің айтуынша бірқатар аймақтарда жастар арасындағы жұмыссыздық кемудің орнына өсіп кеткен. Кәсіпкерлікті дамыту мүмкіншілігі болса толық пайдаланбай келеді, деді Назарбаев. Шенеуніктер жағынан бизнес дамуына кедергілер көп деп хабарланды. Бұл орайда салық органдарында тіркеу және лицензия беретін қызметтерге сын айтылды. Негізінен әлеуметтік шараларға арналған жиналысты қорытындылай келе президент мемлекеттік қызметшілер мен жоғары әскери шен иелерінің той-домалақтарды көп өткізетіндігін сынға алды. Қайсыбір шенеуніктердің бүгінде ресми іс-шараларға қарағанда түрлі жиын-тойларда көбірек бой көрсететін «той көркіне» айнала бастағанын да айта кеткен жөн, деді президент:

- Соңғы кезде азаматтардың хаттарынан Қазақстанның бірқатар баспасөз басылымдарында мемлекеттік қызметшілермен әскери шен иелеренің мерекелермен той салтанаттарына мемлекеттік наградалармен әскери шен алуға байланысты шектен шыққан жиын өткізуі жағымсыз жағынан көрсетіледі. Діни әдебиеттеріде бұл жөнінде ештеңе айтылмасада қайтыс болған кісінің қырқы мен жылына арнап бір емес бірнеше мал сойылып жүздеген адамдарға лайықталған дастархандар жайылуда.

Ал, саясаттанушы Дос Көшімнің бұл мәселеге өзіндік көзқарасы бар:

- Қазақтың той-домалағын тоқтатуға болмайды. Әңгіме соның мәдениетін орнын білу. Үй тігіп ас қою ол тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңдерінде болды. Қазір ол азайып бара жатқан сияқты. Бұл той-домалақты қазақтың мәдениеті қарапайымдылығы тоқтата алады. Менің қорқатыным әкімдер міне президент айтты деп той-домалаққа тыйым салуы әбден мүмкін.

Ал, президенттің айтуынша асыра дабыра тойлар, жұртшылық арасында жағымсыз әсер тудырып, әрі, шенеуніктер мен мемлекеттік биліктің бет-бейнесіне де нұқсан келтіруде. Осыларды ескере отырып, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне қарапайымдылық танытуды талап ететін «Ар-намыс кодексін» қатаң ұстануын қамтамасыз етуді тапсырған жөн деген пікірдеміз, деді президент Назарбаев.
XS
SM
MD
LG