АҚШ үкіметі Чад үкіметіне ескерту жасап, шамамен 200 мың Судан босқындарын өз еліне күшпен қайтарушы болмаңдар деп талап қойды. Чад елінде көтерілісшілерді Судан қолдайды деген жорамал айтылған соң, Чад Судан босқындарын шығарып жіберуі мүмкін. Чад президенті Идрисс Дебю халықаралық қауымдастық Суданға сөз салмаса, Судан Чад еліне қол сұғуын тоқтатпаса 30 маусымға таман Судан босқындарын елімізден шығарып жібереміз деп ескертті. Судан мұндай айыпты жоққа шығарды. АҚШ сыртқы істер министрлігі Суданның Дарфур өлкесінен қашқан адамдарды шығарып жіберуге бағытталған кез-келген шара орынсыз деп ескертті.